Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 15 қазан
15 қазанда қандай қызықты оқиғалар болды
Бүгін – Бүкіләлемдік қол жуу күні. Қол жуу-жумау әр адамның жеке шаруасы, оның тазалығы мен тәрбиесіне байланысты екені рас. Десек те, БҰҰ мен Дүнижүзілік денсаулық сақтау сарапшылары атап өткендей, қол жумау проблемасын әлемдік ауқымда қарастыратын болсақ, мұның салдары өте ауыр. Қолдың кірі арқылы тырысқақ, вирусты пневмония, гепатит, тұмау және ЖРВИ секілді қатерлі аурулардың қоздырғыштары адам ағзасына түседі.Азия мен Африкада балалардың басым бөлігі қолды жумай тамақ ішкеннен көз жұмады екен. ЮНИСЕФ ақпаратынша, күн сайын бес мың бала диареядан өледі. Себебі балалар тамақ ішер алдында және дәретханаға барғаннан кейн қолдарын мүлде жумайтын көрінеді.
15 қазан, сондай-ақ, "Ақ таяқ" күні ретінде танымал. Бұл дата адамдарға қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар да өмір сүретінін еске салады. Ақ таяқтың пайда болу тарихы бар. 1921 жылы Бристольдің жас фотографы жазатайым оқиғадан кейін көру мүмкіндігінен айырылады. Алайда ер адам үмітін үзбейді, таяқтың көмегімен өз бетінше қалада жүріп-тұруды үйренуге бел буады. Бірақ көп ұзамай ол көшедегі адамдар оның қара таяғына назар аудармайтынын түсінеді. Осыдан кейін ол өзінің "көмекшісін" ақ түске бояуды өтінеді. Фотографтың бұл ойы өзіне ғана емес, бүкіл Еуропа, Америка мүгедектеріне көмектесті.
Сондай-ақ бүгін Халықаралық ауыл әйелдері күні аталып өтеді.
15 қазанда әлемде болған тарихи оқиғалар
1888 жылы Вологдада алғашқы ресейлік ломбард ашылды;1940 жылы Чарли Чаплиннің "Ұлы диктатор" фильмі кинотеатрларда көрсетіле бастады;
1981 жылы АҚШ-та Metalica хеви-метал тобының негізі қаланды;
2000 жылы Париждегі Монмартрде "Махаббат қабырғасы" ашылды. Онда "Мен сені сүйемін" деген жазба 311 тілде жазылған.
15 қазанда Қазақстанда қандай тарихи оқиғалар болды
1961 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталды;1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Қарасай мен Ағынтай батырларға мемориалдық кешен орнатылды;
2005 жылы Қазақстанның ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығы құрметіне мерейтойлық монетаны айналымға шығарды. БҰҰ күні жыл сайын 24 қазанда аталып өтеді;
2009 жылы Парижде ЮНЕСКО Бас конференциясының 35-ші сесиясында Қазақстан Азия-Тынық мұхиты өңірінен ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің құрамына 4 жылдық кезеңге сайланды.
15 қазанда әлемде туған танымал тұлғалар
1814 жылы орыс ақыны, прозашы, драматург Михаил Лермонтов дүниеге келді;1844 жылы неміс ойшылы, классикалық филолог, композитор, ақын Фридрих Ницше өмірге келді;
1950 жылы кеңестік және беларусьтік музыкант, "Песняры" ВАА солисі Анатолий Кашепаров туды. Беларусь КСР-дің еңбек сіңірген әртісі (1979).
1976 жылы ресейлік эстрада және опера әншісі (тенор), киноәртіс, тележүргізуші, педагог, профессор Николай Басков өмірге келді. Ресейдің халық әртісі (2009). Украинаның халық әртісі (2004). Молдавияның халық әртісі (2007).
15 қазанда Қазақстанда кімдер туды
1894 жылы ақын, жазушы, драматург, мемлекеттік қайраткер Сәкен Сейфуллин дүниеге келді;1905 жылы ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев өмірге келді;
1910 жылы көрнекті қазақ ғалымы, ҚҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ысқақ Дүйсенбаев туды;
1913 жылы әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалкен Әділшінов өмірге келді;
1916 жылы әнші, әртіс, Қазақ КСР халық әртісі Рахия Қойшыбаева туды;
1928 жылы Қазақстанның Халық суретшісі, кескіндемеші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Камил Шаяхметов өмірге келді;
1936 жылы жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбеков дүниеге келді;
1939 жылы әртіс, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жақып Омаров туды;
1942 жылы балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Дүйсекеев дүниеге келді;
1967 жылы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков өмірге келді.