Туған жерге тағзым
Туған жер – қазақ халқында өте қастерлі ұғым. Қоршаған ортаны аялау, Отанды сүю, туған өлкені құрметтеу дегенді жастайымыздан санамызға сіңіріп өстік. Бұл ғаламда туған мекеніне тебірене қалам тербеп, жыр арнамаған ақын жоқ шығар, сірә! Шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамып, өскен-өнген жерін құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Жердің қай түкпірінде жүрсе де туған жер дегенде жүрек дүрсілінің өзгерері анық. Қандай жетістікке жетсе де оның түбінде әке қаны, ана сүті, атамекеннің текті топырағы бары рас. Сол себепті де еңбегі еленіп жүрген азаматтар арасында туған жерге ту тігіп, құрмет тұтатын жан өте көп. Солардың бірі – Қармақшы ауылының тумасы Бауыржан мен Ерлан Нұржановтар.
Олар жастайынан тағдырдың жазуымен әкесінен ерте айырылады. «Әкеміз өмірден өткенде інім Ерлан 6 жаста, кенже інім 11 күндік нәресте еді. Мен балалықтың бал дәмін толық сезініп үлгермеген 12 жасар бала едім. Бұл сынақ менің ерте жастан өзіме отбасы алдындағы жауапкершілікті алуыма себепші болды. «Орнында бар оңалар» дегендей қазір ел ортасында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жайымыз бар» деп еске алды Бауыржан Әбілдаұлы.
Бауыржан Нұржанов мектеп бітірген соң режиссер-қоюшы мамандығында білім алып, жұмыс істейді. Онан кейін Ресейде 12 жыл дәрігерлік білім алады. Ол бүгінде халық медицинасы мен дәстүрлі медицинаны байланыстырған кәсіби халық емшілері мен дәрігерлердің дүниежүзілік ассоциациясының президенті. 14 облыста филиалы бар. Оларда 14 директор және 1870 емші халыққа қызмет көрсетеді. Оған қоса шетелдің 5 мемлекетімен ұйымдастырушылық келісім-шарты бар. Осы уақытқа дейін халық медицинасында мұндай үлкен көлемде келісімшарт жасасу болмаған. Ақтау, Астана, Қызылорда қалаларында дәріс беретін орталық бар. Онда халық медицинасы мен дәстүрлі медицинаны біріктіре оқытып, емшілер дәріс алады.
Бауыржан Әбілдаұлы жарқын жүзді, өте қарапайым жан. Осындай нығметке, атақ-даңққа жетіп, оны ұстап отырудың өзі бір еңбек. Басты мақсаты – қайырымдылық, жақсылық жасау, жалпы адамзатқа пайдасын тигізу.
– Жыл сайын қайырымдылық бағдарламасын жасаймыз. Әр елді мекенді аралап 3-5 күн тегін ем жүргіземіз. Басқа да табиғат апаты секілді қолайсыз жағдайда үй салуға, қаржылай көмек көрсетуге ұжым болып дайын тұрамыз. «Садақаны сауыңда бер» деген қазақ мақалын қатты ұстанамын. Мен судистология деген мамандықты игергенмін. Жүйке жүйесімен жұмыс жасап хиромантия арқылы адамның бүкіл ішкі ағзасын, ой-санасын оқып отырамын. Іс-тәжірибемде белсіздік, бедеулік, псориаз, инсульттан кейінгі кісіні қалпына келтіру көп кездеседі. Келуішілер жақсы нәтижемен әрдайым қуантып отырады. 2005 жылы Мәскеуде өткен 30 мемлекет қатысқан симфозиумда «№1 әлем емшісі» деген атақты жеңіп алдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, – дейді емші. Расында да әлем болып көз тіккен бәйгеде, орыс не ағылшын емес киел Қармақшы жерінен шыққан қазақтың жеңіске жетуі үлкен жетістік. Мұнан бөлек 2010 жылы Оксфорд қаласында Нобель сыйлығынан кейінгі «Сократ» сыйлығының лауреаты атанып, халық медицинасы бойынша ТМД елінде бас жүлдені иеленсе, «ХХІ ғасыр лидері», «Ұлт басшысы» атты алтын төсбелгімен, іскерлік шеберлік үшін төсбелгімен марапатталған.
Ерлан Нұржанов елімізге белгілі ҚР мәдениет қайраткері. Әншілік өнерімен қоса әке жолымен есепші мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жары екеуі 3 перзент тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Осындай жетістікке жеткен атпал азаматтардың туған жерге ту тігіп, әке рухына тағзым етуі – үлкен өнеге.
Әбілда Қуанышұлын еске алу мақсатында Қармақшы ауылдық округінде волейбол мен футболдан 2 күндік спартакиада өтті. Оған 5 команда қатысып, бақтарын сынады. Жеңімпаз команда 100 мың теңге ұтысқа ие болды. Сонымен қатар Әбілда Қуанышұлы мен Бауыржан Әбілдаұлының атынан Қармақшы ауылындағы мектеп оқушыларына стипендия тағайындалды. Ол жыл соңында бастауыш, орта және жоғарғы буын оқушылары арасынан үздіктерге беріледі. Мұнан кейін аудандық мәдениет үйінде «Сағындым, әке иісіңді» атты қайырымдылық концерті өтті. Онда Бауыржан, Ерлан Нұржановтар мен биші Ернұр Қарықбол өнер көрсетті.
Жаны жомартыққа толы арда азамат сұқбат барысында емшілік жолы туралы айта келе, әншілік өнеріне де тоқталды. Бала кезінен киелі сахнада өнер көрсеткенін тілге тиек етті. «Бұл менің 11 жасымда шыққан сахнам. Қазір санап отырсам 41 жылдан кейін осы сахнаға қайта шықпақ екенмін. Мені сырттай білушілер ән өнерін жалғастырады деп ойлайтын. Бұл емшілік жол қанға сіңген қасиет пен Алланың сыйы болар» дейді сегіз қырлы, бір сырлы тұлға.
Әке туралы жүрекжарды лебізін білдірген, ағалы-інілі Нұржановтар әуелеген әсем әнмен көңілді тербеді. Кеш барысында көрермендер арасынан жанына жақын жандарды таныстырып, көтермелеп, алғысын айтуының өзі көрегенділіктің белгісі дер едім. Бұл іс-шараға алыстан ат терлетіп Астана, Құлсары, Ақтау қаласынан келген қонақтар да болды. Туған жерге құрмет көрсетіп келген перзенттерге аудан әкімі атынан алғыс хатты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева табыстады. Мұнан кейін Қармақшы ауылдық округінің әкімі Әлімбай Білжанов қайырымдылық жолын берік ұстанған азаматтарға алғыс айтып, шапан жауып, марапаттады.
Концертті тамашалауға келген жанның арасында Ернұрдың биіне тамсанбаған болмады. Оны тынымсыз соғылған шапалақтан аңғаруға болады. Ернұр Қарықбол – мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің жеке бишісі, бірнеше дүркін халықаралық би байқауының гран при иегері. Қытай елінде дүниеге келген ол 5 жасынан бастап би өнерімен айналысқан. Бүгінде Қазақстан азаматы. Еліміздің өнерін әлемге танытып, Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың қолынан алтын мүсінді силуэт алған. Бишінің шеберлігі мен төккен тері оның сахнадағы әрбір қимылынан анық байқалады.
Кеш барысында қонақтар арасында осындай қайырымды істі ұйымдастырып жүрген ағайындылардың жеңгесі Гүлнар Бадырақты сөзге тарттық.
– Екеуі де жастайынан өнерлі. Кез келген істі тиянақтылықпен, жауапкершілікпен орындайтын. Барлық нәрсеге өз күштерімен, өздерінің маңдай тер, адал еңбегінің арқасында жетті. Біз әрдайым мақтан тұтып, кейінгі ұрпаққа өнеге етеміз. Бауыржан ауылға жыл сайын «Ел ішінде емші жүр», «Туған жерге тағзым» атты акциялармен келіп, тегін ем жасайды. Ерлан да қайырымдылық жасаудан кенде емес. Ол ауылдағы кітапхана қорына 200 дана, аудандық кітапханаға 50 дана кітап сыйға тартты, – дейді ол.
Қайырымдылық концерті аясында өз ризашылығын білдіріп Көмекбаев ауылының ардагері Қуантай Тұржанов бата берді. Өнерпаздардың өнеріне тәнті болған халық екі сағаттың қалай өткенін байқамай қалды. Көрермендер көркем би мен әсем әуеннің арқасында рухани нәр алды. Осындай ұрпағы бар адамды өлді деуге бола ма? Адам ұрпағымен мың жасайды дегеннің жарқын дәлелі – Бауыржан, Ерлан Нұржановтар деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде олар бір отбасының ғана емес, қазақ халқының мақтанышы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ