» » ҚАРЫЗ ҚАМЫТЫНАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

ҚАРЫЗ ҚАМЫТЫНАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Қазір екінің бірінде несие бар. Қарызбен өмір сүруге үйреніп қалғанымыз сонша «несием жоқ» деген адам көрсек таңырқай қарайтынымызды қайтерсіз?! Рас, несиені «несібе» деп жар сала жарнамалаған банк біткен бұқараның қол-аяғын жіпсіз байлап тастағандай. Жыл соңында қыруар шығынға кіріп, жыл басталғанда «несие төлейтін уақыт келіп қалды, мерзімінен асып барады, ақшаны қайдан табамын?» деп сергелдеңге түсіп әлекпіз. Қаңтарда қаржыға қиналып қалатынымызды сірә ойламайтын болсақ керек. Қаржылық сауаттылық деңгейіміз де сын көтермейді. Адамдар несиеге құмартып алған ба, әлде халық кедейленіп бара жатыр ма? Саралап көрсек.
Бір қарыздан құтылу үшін екіншісіне бас сұғып, одан келесісіне жалғаса береді. Осылайша қарызға белшесінен батқанын да аңғара бермесі анық. Біздің осал тұсымыз да осы. Қит етсе болды несие алуға бейім тұрамыз. Өмір болған соң әртүрлі жағдай болып, қаржы мәселесі бүйірден қысқанда несие алуға деген қажеттілік пайда болатыны белгілі. Дей тұрғанмен «алмақтың да салмағы бар» деп әр нәрсенің белгілі бір реті мен шегі болатынын ескерген жөн.
БӨЛІП ТӨЛЕУГЕ БЕЙІМДЕЛІП АЛДЫҚ
Әу баста несие дегеннен басымызды алып қашатын едік, қазір бұған әбден ет үйретіп алдық. Тіпті бүгінде жұрт телефон мен тефаль дейтін техникадан бөлек, тамақты да несиеге алатын болған. Иә, көлік пен киімді былай қойғанда азық-түліктің өзін бөліп төлеуге алады.
Қарызға азық-түлік алудан ешкім арланбайды. Жалақының аздығын, тамақтың қымбаттығын алға тартады. Сондықтан кредитке кіруге мәжбүр. Бұрын азықтүлікті «қарыз дәптерге» жазса, қазірде халық «Каспи редке» үйреніп алды.
Мамандардың айтуынша, несие алуға байланысты адамдардың екі типі бар. Бірі – қарыз алып, уақытылы жабатындар. Ал енді бірі – үсті-үстіне несие алатындар. Соңғы қатардағылар бұл процесті қалыпты санап, «қазір кімнің кредиті жоқ?» деген ұстаныммен өмір сүруде. Бұл орайда азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырған абзал.
КРЕДИТСІЗ КҮН БАР МА? Несиенің түрі де көп. Бірі ақшалай, екіншісі заттай беріліп жатады. Бірақ түпкі мақсаты бір. Бүгінде көпшіліктің санасын жаулағаны – тұтынушылық несие. Өйткені, олар жылдам әрі оңай рәсімделеді. Банкпен келісім-шарт жасасып, алақандай қағазға қолыңызды қоясыз. Онда қос тараптың да міндеттемелері егжейтегжейлі көрсетілген. Бір өкініштісі, сол құжатта нақты не жазылғанына көп адам назар аудармайды. Көзді тарс жұмып, қолын қоя салады. Екінші жағынан, қаражатқа мұқтаж болған соң банк қандай талап қойса да, орындауға дайын тұрады. Оның үстіне, «саудагер мұраты – ұту» демекші, банк те келісім-шартты көзге көрінбейтіндей етіп ұсақ әріптермен жазып қоятынын қайтерсіз?!
ЖӘРДЕМАҚЫ ЖЫРТЫҒЫҢДЫ ЖАМАМАЙДЫ
Жақында бір құрбы келіншегіміз төртінші перзентін өмірге әкелді. Құтты болсын айта барған біздердің әңгімеміз жәрдемақыға қарай ойыса кетті. Сонда әлгі жерде біреуі «енді көпбалалының қатарына қосылдың. Ай сайын жәрдемақы алып отырасың. Ол да болсын қосымша қаражат қой» деп қалды. Бірақ бұл қаражат баланың жөргегін алуға әзер жетеді. Қош. Көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыда тым көп емес қой.
Әр ата-ана бауыр еті баласына ең жақсы тағамды, әдемі киімді, сапалы ойыншықты алып бергісі келеді. Дегенмен доллардың құны көтерілгені барлығына әсер етіп жатыр емес пе?! Ал балалар тауарларының дені сырттан әкелінеді. Баламен үйде отырған аналардың алып отырған жәрдемақысы бұл қажеттіліктерді толық өтей бермейді. Одан бөлек балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтары, қосымша білімі деген сынды дүниелер жетіп жығылады. Жұмыс істемейтін аналарға тіптен қиын. Табыс тауып отырған адамның өзі мұның бәрін толық орындай алып отырған жоқ. Сол үшін аузын аз ғана қимылдатып «шүкір» деуінен басқа не істесін?!
ЖАЛАҚЫДАН ЖЫРЫП, БАНККЕ БЕРЕДІ…
Жайлы үйде тұрып, қымбат көлік мінгіміз келеді-ақ. Қолда айфон болса, тойды дүркіретіп өткізсек. Бүгінде санамызды осы ойлар жаулап алған. Қаражат жетпейді деп қорықпаймыз. Сенімді серігіміз бар. Ол әрине – банк. Қомақты қаржыны бергеніне мәзбіз. Тіпті банк несие берсе қуанамыз. Қайтарудың қамын ойламаймыз. Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Олай болса, несие рәсімдеудің алдында қаржылық мүмкіндіктерді саралап, салмақтап алу аса қажет.
Несие алушылардың бір қателігі – басындағы баспанасын, не астындағы көлігін кепілдікке қоя салады. Кейін қарызды өтей алмаған жағдайда опық жейді. Өйткені, борышкер келісім-шартта көрсетілгендей, ақшаны мерзімінде қайтармаса, үстіндегі өсімі ұлғая береді. Ақыры, қарыз жеке мүліктен не жалақыдан өндіріледі.
ҚАЗАҚ ҚАРЫЗДАН ҚОРЫҚПАЙ МА?
Халықтың қалтасындағы ақшаның дені қарыз екенін әркім біледі. Банктерден берілетін «жеңілдетілген несиелердің» қызығын көреміз деп шыжығына шыжғырылып жүргендер аз емес. Әрбірден соң шаңырағы шайқалып, ағайынның арасы бұзылып, өмір сүруден баз кешкендер де толып жүр айналамызда. Бірі – туысымыз, бірі – танысымыз, енді бірі – жекжатымыз. Несиені әркім өз кәдесіне жаратқысы келеді. Біреу – баспанаға, екіншісі – бизнеске дегендей, ал келесі бірі – көлік тізгіндеуге жұмсайды. Қош. Біздегі банктердің адамның күнкөріс көзін сүліктей соруға негізделген жүйесін көбіміздің түсіне бермейтініміз өкінішті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда еңбекке жарамды 10 млн халық бар. Оның 8 млн-нан астамында қарыз бар екен. Ал несиесін төлей алмай жүргендер 1 жарым млн-нан асып жығылады. Мамандар қарызға белшеден бату табыстың төмендігінен, қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан екенін айтады.
ҮЙЛЕНУ – НЕСИЕ, ҮЙ АЛУ – ИПОТЕКА
Бүгінде жұрт банктен несие алуға құмар. Құмар емесау, бұған адам жетімсіздіктен, мәжбүрліктен баратыны белгілі. Тіпті, қазір білімді де несиеге оқып, шаңырақты да несиеге көтеріп жатқандар көп. «Үйлену – несие, үй алу – ипотека» деген жаңа заман нақылының да ел аузында жүргені осыдан.
Әрине, бөтеннің бұрышын жалдап, ақша төлеп паналаудан титықтаған халық банктің алдына келіп жығылады. Ипотекаға көнеді. Жалдамалы пәтер иесіне ақшаны шығындағанша, тапқан-таянғанды басыбайлы баспана алуға жұмсаған жөн-ақ. Қазір несиесі жоқ адам аз. Десе де, көп адамдар несиені мақсатсыз ала береді. Тіпті, бір басына бірнеше несие алып, шақшадай басы шарадай боп жүргендердің қарасы басым. Оларға «қарыз алма» деп те айта алмайсыз. Себебі жоқшылық пен таршылықтың нұсқайтын жері – банк. Енді қайтсін? Баспана тауқыметінен зәрезап болған отбасы шиеттей бала-шағамен қашанғы пәтер жалдамақ? Соңғы шешім – ипотекаға үй алу. Ал 15-20 жылға үй алу – отбасының басты түйткіліне айналады. Бұл ұрыс-керістің туындауына да себеп. Сондықтан ипотека арқылы үйлі болу да сабыр мен төзімді қажет ететіні түсінікті. Ол ол ма, несие біреуге құт, біреуге жұт. Несиесін жаба алмағандықтан өз-өзіне қол жұмсағандарды да, соның салдарынан отбасынан айырылғандарды да көріп жүрміз. Тіпті өзегін күйік жайлаған кейбір жанның өзін-өзі өртеп жіберуге дейін барғаны үлкен өкініш.
Түйін Тірлікті тұрмысқа тізгіндеп қойған нарықтық қоғамда несиесі жоқ адам кемдекем. Халықтың айлық жалақысына қарағанда берешек қарызы көп. Халық қарыз алдың – қайғы алдың дейді. Мұны ұғыну үшін ауыз толтырып айтарлықтай ақыл да қажет емес. Тек түсінікпен түсінсе болғаны. Байлық – тапқаныңыздан асырып емес, кем жұмсағанда бітетінін біліңіз. Былайша айтқанда, тарта жесе тай қалады, қоя жесе қой қалады, қоймай жесе не қалады?! Әлбетте материалдық тұрғыдан да, адамгершілік тұрғыда да ешкімге қарыз болмаған жақсыақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

17 қаңтар 2025 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

№1(10369)

07 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 295
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031