» » Қаржылық сауатымыз қандай?

Қаржылық сауатымыз қандай?

Қазір екінің бірінде несие бар. Тіпті бір емес, бірнеше банктен алған «қамыты» бар. «Несие төлейтін уақыт келіп қалды, мерзімінен асып барады, ақшаны қайдан табамын?» деп сергелдеңге түсіп жүреді көбі.

Иә, халықтың қалтасындағы ақшаның дені қарыз екенін әркім біледі. Банктерден берілетін «жеңілдетілген несиелердің» қызығын көреміз деп шыжығына шыжғырылып жүргендер аз емес. Әрбірден соң шаңырағы шайқалып, ағайынның арасы бұзылып, өмір сүруден баз кешкендер де толып жүр айналамызда. Бірі – туысымыз, бірі – танысымыз, енді бірі – жекжатымыз. Несиені әркім өз кәдесіне жаратқысы келеді. Біреу – баспанаға, екіншісі – бизнеске дегендей, ал келесі бірі – көлік тізгіндеуге жұмсайды. Қош. Біздегі банктердің адамның күнкөріс көзін сүліктей соруға негізделген жүйесін көбіміздің түсіне бермейтініміз өкінішті.

Қарыз туралы айтылғанда қаржылық сауаттылық туралы да жиі айтылады. Көпшіліктің осы мәселеге мән бермегенімен бүгінде ол өте маңызды. Себебі қаржылық сауаты жоқ адамның тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Олай деуге негіз көп. Алуы оңай онлайн несие, пассивті кіріспен шырмап алатын пирамида, адамдардан сұрағанша деп жасырып алатын «жалақыға дейін» берілетін микроқарыз, одан қалса алтын бұйымдарды кепілге қою арқылы берілетін қарыз. Мұның барлығы адамды керек кезде құтқарғанымен, уақыт өте келе оны өтеуі қиындай түседі. Өйткені, несие алған адамның одан басқа да шығындары бар. Атап айтсақ, күнделікті азық-түлік пен жүріп-тұру, дәрі-дәрмек секілді қосалқы қаражат қажет. Олардың бағасы да тұрақты емес. Ал жалақының инфляцияға сай өзгермейтіні белгілі. Бұл ретте адамның өміріне қажетті тұрмыстық заттар мен киім-кешек, балабақша, той-томалақ, өлім-жітім және тағы басқа қажеттіліктер жетіп артылады. Осының барлығы ақырында алған несиені жабуға мүмкіндік бермейді. Несиесі мойнында тұрған адам келесі айда «бірдеңесі болар» деген үмітпен, тағы бір онлайн несие алып, кредитін жабады. Дәл осы жағдай келесі айда да қайталанады. Өйткені, шығын болжаусыз. Тығырыққа тірелген адам несие берсе банктен, бермесе құнды заттарын ломбардқа тапсырып, осылайша қарызды үсті-үстіне жамай береді. Берешекке белшеден батқан адам, енді оңай табыс табудың жолын іздейді.

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – заман талабы. Бабаларымыздың «Тарта жесең, тай қалар, тартпай жесең, не қалар?» деген тәмсілі даналықтың шыңы екен-ау. Дәл бүгінгі күннің сұранысына жауап берер нақты ұстаным осындай-ақ болар.

Қаржылық сауаттылық адамды үнемге, тиянақтылыққа баулиды. Қаржылық сауаттылықтың төмендігінен барын шашып, бағын қашырып жүрген жандар қаншама?! Бүгінгі қоғамда қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не активі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды.

Қаржылық сауатты адам өз бюджетін жоспарлаудан, бар қаржысын көбейту жолдарынан, банк өнімдері мен салық заңнамасынан хабардар болуы керек. Жалпы сарапшылардың пайымынша, мамандығына қарамастан, қаржылық сауат негіздерін түсіну, өз бюджетін жоспарлай алу материалдық игілікке ұмтылатын әрбір адам үшін маңызды.

Түйін
Тірлікті тұрмысқа тізгіндеп қойған нарықтық қоғамда несиесі жоқ адам кемде-кем. Халықтың айлық жалақысына қарағанда берешек қарызы көп. Халық «қарыз алдың – қайғы алдың» дейді. Мұны ұғыну үшін ауыз толтырып айтарлықтай ақыл да қажет емес. Тек түйсікпен түсінсе болғаны. Байлық – тапқаныңыздан асырып емес, кем жұмсағанда бітетінін біліңіз. Әлбетте материалдық тұрғыдан да, адамгершілік тұрғыда да ешкімге қарыз болмай, сауатты болған жөн-ақ.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 шілде 2024 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 264

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 363

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930