» » Отбасы ойран болмасын

Отбасы ойран болмасын

Несін жасырамыз, ажырасу аз болмай тұр. Сарапшылардың айтуынша, жылына орта есеппен 140 мың шаңырақ құрылып, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Ажырасу үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4%-ын құрап отыр. Иә, бүгінде елімізде отаспай жатып от басатындардың қатары неге көп? Себебі қандай? Саралап көрсек.
Қай заманда да қазақтың тіршілігінің тіні, ауқатының ұстыны, дәстүрлі құндылықтарының тұғыры отбасынан басталған. Алайда кейінгі кездері қазақстандықтардың осы рухани қазынадан бас тартуға бейім тұратыны, отауды берік қорғанға айналдыру орнына тезірек қиратуға ұмтылатыны қамықтырады.
Жесірін қаңғытпаған ел едік
Қазақ азаматтары өзінің некелі әйелі тұрмақ, жесірін де қаңғытпайтын, кіндігінен тараған балалары тұрмақ, жетімін де жылатпайтын еді. Бүгінгі күні мұның бәріне өткеннің ертегісі секілді қараймыз. Кешегі Кеңес Одағы кезінде ажырасу аз болатын, өз отбасын тастап, өзгемен көңіл қосу ар саналатын. Ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Отбасылық дәстүр мен жанұялық бақытты бірінші орынға қоятын еліміздегі ажырасу көрсеткіші көз қуантпайды.
Жасыратыны жоқ, қазір ақсақалдың бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бірауыз сөзі келінді тәрбиелеген қазақ отбасының шайқалған шаңырағын жиі көріп жүрміз. Әйел – жесір, бала – жетім, әке – жалғызбасты болып тұр. Бұл мәселені қазіргінің құндылығы саналатын дамыған экономика мен теңдессіз тендр құрдымнан құтқара алмайды.
Бақытты күндердің баянсыз аяқталуына не себеп?
Бұрындары таныстарының бірі ажырасқалы жатыр дегенді естігенде үрейленетін қоғам бүгінде шаңырағы шайқалғандардың тым көбейіп кеткеніне мән бермейтін де болды. Сонымен, отбасылық өмірдің бақытты басталып, баянсызға айналуының себебі неде?
Отбасында туындайтын кикілжіңнің салмағы ауырлап жатқаны ащы болса да шындық. Сырттай жұмбақ болып көрінетін отбасындағы ер мен әйелдің осындай қақтығыс салдарынан шаңырақ іргесі сетінеп, ажырасып жатқандар аз емес.
Мамандардың айтуынша, ажырасуының бірден-бір себебі – олардың асығыс отбасын құруында, яғни, ерлізайыптылар бірін-бірі жіті танып-білместен үйленіп, отбасын сақтап қала алмай жатады. Жастардың жар таңдауға жеңіл қарауының салдарынан шаңырақ көтергеніне көп болмай жатып мінездері жараспай, араларында неше түрлі қайшылықтар туындайды. Кешірімшілдік, өзара түсіністік деген қарапайым қағидаларға олар мойын бұрмайды. Өйткені, бүгінде баршылық пен тоқшылықтың бесігінде тербеліп өскен жастар жеткілікті. Сосын «мінезіміз келіспеді» деп барлық кінәні бойларындағы кемшілікке аударып шыға келеді. Бұл – бір.
Екіншіден, отбасылық құндылық деп жиі айтып жатамыз. Әйтсе де ол санада бар да «әрекетте» жоқ болып отырған секілді. Оның негізгі құндылық екенін мойындаймыз, «бала – байлығымыз» деп санаймыз, денсаулықтың маңыздылығын түсінеміз, тек қайқайсысының болса да қадіріне жетпей жататынымыз өкінішті. Қала берді табыстың төмендігі, тұрғын үйдің болмауы, жұмыссыздық, төленбеген несие, тағы басқа да материалдық жағдайлар шаңырақтың шайқалуына себеп.
Әсіресе, көпбалалы отбасыларда ер адамның отбасын тастап кетуі жиі кездеседі. Бұның тағы бір жағы бар. Кейде ажырасу тек материалдық жағдайға ғана байланысты болмайды. Білімі, табысы жоғары, тұрмысы жақсы деген шаңырақта да ажырасу мәселесі кезігеді. Сол себепті бұл мәселеге көп жағдайда «құндылықтар өзгерісі» себеп болатын секілді.
Себептерді тізбелей берсек, кете береді. Қазір қоғамдағы қызу талқыланатын зорлық-зомбылық жағдайлары мен түрлі тақырыпты сылтау етіп ішімдікке салынуы секілді мәселе тағы бар.
Бейсаналы түрде балаға беріледі
Көбіне толық емес отбасыдан шыққан балалар ювеналды полиция тіркеуінде тұрады, мұндай бала саны елімізде 10 мыңнан асады. Криминологтар қылмыс жасаушылар құрамының жыл өткен сайын жасарып бара жатқанын алға тартады.
Тіпті тереңдейтін болсақ, ажырасу мінез-құлқы кейбір жағдайда ата-анадан баласына беріледі екен. Баланың санасында бейсаналы түрде ажырасу деген мәселенің шешімі ретінде орнығып, ертең өз басына қиындық түскенде, өз отбасын оңай тастап кететін көрінеді. Әлбетте барлық жағдайда осындай деуден аулақпыз. Десе де мұндай зерттеулер барын айта кеткенді жөн көрдік.
«Отбасы – шағын мемлекет» десек, шаңырақтың шайқалмауы үлкен мәселе. Үлкен мемлекет кіші мемлекеттер арқылы іргесін бекітеді. Қалай десек те, отбасы – қоғамның баға жетпес құндылығы. Сондықтан отбасының шаңырағын шайқалтпай, берік ұстау әр азаматтың өз қолында.
«Үйлену – оңай, үй болу – қиын»
Отбасын құрудағы негізгі мақсат – ұрпақ жалғастығы. «Отау тіккен ұл-қыздарының татулығына ұйытқы бола білетін, оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін аналарымыздың азайып бара жатқанын» ескерсек, отбасы құндылығын арттыруға үлес қосатын қыздар тәрбиелеуді бүгіннен мықтап қолға алуымыз керек. Отбасы – мемлекет тірегі. Егер елімізде әрбір үшінші некенің бірі бұзылып жатса, бұл – тұтастығымызға қауіп төндіретін кесел.
Ал жағдайға психологтар не айтады? Құлақ түріп көрелік.
– Ажырасу – конфликтті шешудің бір тәсілі ғана. Ажырасу арқылы отбасына қатысты бүкіл мәселе шешіліп кетпейді. Әр адам өзінің ішкі жандүниесін түсінбей ажырасып кетіп жатса, тура сол қателікке қайта-қайта келеді. Неліктен? Кейбір адамдар 3-4 реттен үйленіп не тұрмысқа шығады. Бірақ тұрақтай алмайды. Бір сценарий қайталана береді. Өйткені ол адам өзімен жұмыс істеген жоқ. Оның балалық шағынан алып келе жатқан әдет-ғұрыптары бар, сезімдері бар. Ішкі жандүниесіндегі мәселені шешпейінше, бір оқиғаға қайта-қайта келе береді. Ажырасу, иә, конфликтті шешудің құралы дедік. Кейбір адамдар бір-бірін танымай үйленіп, кейін мүлде екі түрлі көзқарастағы адам екендерін ұғып, ажырасады. Кейін екінші рет отбасын құрғанда гүлденіп, бақытты өмір сүріп кетеді. Демек, ол адам өзіне сай келетін өмірлік серігін тапқаны. Психологиялық үйлесімділік бар. Бірбіріне қолдау бере алады, түсінеді, қиындыққа бірге мойымай шыдайды. Сонда ол отбасы гүл сияқты құлпырып, өркендейді, – дейді психолог Ақкенже Нұрмағанбетова.
Бұл тақырыпта Данияр Оспанов ерлі-зайыпты отбасындағы рөлін ауыстырып алған деген пікірді алға тартады.
– Кей отбасында еріне қарағанда әйелі билептөстейді. Отбасы институтын күшейтпей бұл жағымсыз үрдісті тоқтату қиын. Әсілі ер мен әйелдің отбасындағы орны, олардың жекелеген міндеттері өз ретімен жүруі тиіс. Әйел отағасын, ері отанасын сыйлап, бір-біріне кішіпейілдік пен құрмет көрсетпей отбасында береке болмайды. Ер азамат сол отбасы алдындағы материалдық, моральдық жауапкершіліктердің бәрін орындауы қажет. Қазір біз көптеген істерден көріп жүрміз, ері бүгежек, есесіне әйелі адуын. Әркім өзінің орнын, жауапкершілігін әу бастан сезіну керек, – дейді ол. Ал Гүлдана Молдабекова отбасын сақтаудың арнайы бағдарламасы қабылданғанын құп көреді. – Қоғамға, мемлекетке қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ең алдымен, отбасы құндылығын барынша дәріптеу керек, «отбасылы адам», «көпбалалы ана» ұғымдарын жалпы жұрт қызығатын, құрметтейтін, мойындайтын құбылысқа айналдыру қажет. Қоғамға танымал тұлғалар мен қайраткерлер арасынан елге үлгі отбасыны көбірек дәріптеу қажет, яғни, идеологиялық жұмыстарды күшейту керек. Азаматтық қоғам, гендерлік теңдік секілді мәселелерді дамытуға бағытталған гранттардың арнасын отбасы құндылығын насихаттауды көздеген жобаларға бұрса дұрыс болар еді. Сондайақ әлеуметтік саясат шеңберінде, отбасыларды сақтау, қолдау бағытында арнайы бағыт, бағдарлама қабылдау қажет деп ойлаймын, – дейді ол.
Түйін Отбасы – алтын бесік, қасиетті шаңырақ, ізгілік пен ырыс ошағы. Тату-тәтті отбасы, оның мүшелерінің рухани жақындығы, бір-біріне адалдығы, шаттық-қуанышта бірге шалқып, қайғы мен қиындықта өзара қолұшын беруі – нағыз бақыттың бастауы. Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Бұл дегеніміз – мықты мемлекеттің іргесі бірлігі жарасқан отбасылардан құралады деген сөз. Ал бүгінгі күні кеше ғана іргесін көтерген отбасылар ертең ажырасып, шаңырақтары шайқалып жатса, келешегіміз қалай кемел болмақ?
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 қазан 2024 ж. 154 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031