» » Ажырасу мәселені шеше ме?

Ажырасу мәселені шеше ме?

qarmaqshy-tany.kz ШАЙҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚ. ОЙРАН БОЛҒАН ОТБАСЫ. ЕКІ ОРТАДА ЕҢІРЕП ҚАЛҒАН БАЛА. ӨЗЕКТІ ӨРТЕГЕН ӨКІНІШ. ИӘ, АЖЫРАСУ – БҰЛ БҮГІНГІ ҚОҒАМДАҒЫ ӨРШІП ТҰРҒАН МӘСЕЛЕ. ӘСІЛІ ОТБАСЫН ҚҰРУ – ОЙЛАНЫП ЖАСАЛАТЫН ҚАДАМ. ХАЛҚЫМЫЗ «ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН» ДЕП ТЕККЕ АЙТПАСА КЕРЕК. ДЕЙ ТҰРА «Ә» ДЕГЕННЕН АЖЫРАСУҒА ӘЗІР ТҰРАТЫН ЖАС ОТБАСЫЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ. МҰНЫҢ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ? ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЛЫНЫМЕН АҒАТ ҚАДАМ ЖАСАЙТЫН ЖАСТАРДЫҢ АЙЫБЫ МА? ӘЛДЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕНІҢ ӘЛСІЗДІГІНЕН БЕ?
Ертеректе екі жанның ажырасқалы жатқанын естігенде үрейлене қараса, бүгін шайқалған шаңырақтың тым көбейіп кету салдарынан естір құлақ пен айтар ауызға да үйреншікті болып кетті. Қазақы танымда әке-шеше қызды бала күнінен өнегелі келін болуға баулыса, ұлды шаңырақ иесі болуға тәрбиелеген. Бір-біріне жәрдемдесіп, шаңырағының бірлігін ұстап тұруға бар-күш жігерін салған. Қазіргі көп бойжеткенде төзімділік пен табандылық жоқ. Қит етсе «кетемге» басады. Мұның салдарының ауыр болатынын ойлап жатпайды. Отбасылық өмірдің бірінші күнінен-ақ басты рөлге екеуара таласады. Жігіт жігерлі болса, қолында ұстайды, жасық болса әйелдің табанына түседі.
Мамандардың айтуынша, ажырасудың басты себебі – асығыс шешім қабылдап, отбасын құруда. Ерлі-зайыптылар бір-бірін жақын танып-білмей жатып, шаңырақ көтереді. Себебінен үйлі болып кете алмайды. Жастардың жар таңдауға жеңіл қарауының салдарынан шаңырақ көтергеніне көп болмай жатып мінезі жараспай, арада түрлі қайшылықтар туындайды. Тіпті, бір-бірімен әлеуметтік тұрғыдан да тең емес екенін кеш біліп, ажырасып жатады.
Екінші себеп – әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ақшаның аздығы. Өз бетінше өмір сүрген екі жастың басында баспанасы болмаса жағдай тіптен қиын. Пәтерден-пәтерге көшіп әбігерге қалады. Өмірге сәби келсе, таршылықтың тірі әлегі тағы басталады. Қош. «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз. Дегенмен еңбек етіп, әрекет етпесек ақыры не болары белгілі ғой.
Көп отбасында жиі кездесетін жағдайдың бірі – жұмыссыздық пен маскүнемдік. Үйдегі отағасының тұрақты жұмысы болмай, үйге ешқандай кіріс алып келмей, шаңырақтың шырқы бұзылғанын айтып, шағым айтатын нәзікжандылардың қарасы қалың екен. Отағасының ішімдікке әуес болып, отбасын асырай алмауының соңы некенің екіге айрылуына алып келетінін көріп, біліп жүрген боларсыз.
Әлем бойынша әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады. Ажырасу эпидемиясын зерттеген американдық әлеуметтанушы, психолог Констанция Аронс сөзіне осы санды дәйек қылыпты. Айталық, бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 млн неке бұзылады екен. Мұнан Қазақстан да қалыс қалмайды. Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша өткен жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Соңғы он жылдағы ажырасу динамикасына зер салатын болсақ, 2013 жылы – 51 305, 2014 жылы – 54 438, 2015 жылы – 53 007, 2016 жылы – 51 775, 2017 жылы – 54 948, 2018 жылы – 54 859, 2019 жылы – 59 899, 2020 жылы – 58 466, 2021 жылы – 51 950, 2022 жылы – 51 220 ажырасу тіркелген. Бұл – соңғы жылдары неке бұзудың көбейгенінің айқын көрінісі. Кейбірі тұрмыстық жанжалдың салдарынан екіге айрылса, бәзбіреулер жалған түрде ажырасып жатады. Олардың негізгі мақсаты – мемлекеттен субсидия мен жеңілдіктер алу.
Әсілі, шаңырақ көтеруде ақылмен шешкен абзал. Әрине, ұлт ретіндегі құндылықтардың құлдырауы, ажырасу ұрпақ тәрбиесіне ауыр соққы әкеледі. Жартысын жолықтырып, сөзіне берік, бақыты мен берекесі мол отбасын құру үшін түсіністік пен шыдамдылық таныта білу қажет. Сонда ғана сіз құрған шаңырақ шайқалмайтын болады.
«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөз тегін айтылмаса керек. Бүгінгі ер азаматтар енжарлық пен бос сөз, күлкіден, жүріс-тұрыстан арылғаны абзал. Әрбір отбасында ер мен әйелдің атқаратын міндеті бар. Бұл дінде де айтылған. Әрқайсысы өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, ері әйелінің, әйелі ерінің құқықтарына құрметпен қараса, қазақ қоғамында мұндай мәселе туындамас па еді, кім білсін?!
Ажырасамын деген адамға түймедейді түйедей қылатын сылтау да, себеп те жетіп жығылады. Дей тұра жастар мұндай әрекетке бармас бұрын, жауапкершілікті терең сезініп, баланың жағдайын, оның тірі жетім қалып, жаутаңдап өспеуін ойласа деген ой біздікі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 наурыз 2023 ж. 434 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031