» » Ерте некенің ертеңі қандай?

Ерте некенің ертеңі қандай?

qarmaqshy-tany.kz ОТБАСЫ – ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ ДЕП ЖАТАМЫЗ. ОСЫ ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТТІ БІРЕУЛЕР ЕРТЕ КӨТЕРСЕ, ЕНДІ БІРІ ОТАУ ҚҰРУҒА ОНША АСЫҚПАЙДЫ. ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА БІРІНШІ ТОПТАҒЫЛАР ЖИІ ҚЫЛАҢ БЕРЕ БАСТАДЫ. ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТАҢДАУЫ, ҚАЛАУЫ БАР, МАҢДАЙЫНА ЖАЗҒАН БАРМАҚТАЙ БАҒЫ ТАҒЫ БАР. ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН. СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ КӘМЕЛЕТТІК ЖАСҚА ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ОТБАСЫ ҚҰРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖҮР. ОЛАР ОТБАСЫН ЕРТЕ ҚҰРУҒА НЕГЕ ҚҰМАР? ӨМІРДЕГІ МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДІ БАЛАЛЫҚПЕН ЕРТЕ ҚАБЫЛДАП ЖҮРГЕН ЖОҚ ПА? САРАЛАП КӨРСЕК.

Бүгінде шаңырақ көтерген студенттер жетерлік. Тіпті мектепті бітіре сала неке құруға, үй болуға асыққандардың саны артып келеді. Мұндай жастарды әлеуметтік желіде жиі байқап жатамыз. Қазірде көпшілігінің өмірінде болып жатқан жаңалықтарын желіге жүктейтін жақсы әдеті бар. Жақсы әдет дейміз-ау. Мұнан кейбірі опық жеп те отыр. Тіпті ұятты да ысырып қойғандарын көз көріп, құлақ естіп жүр. Екі жас жаңа өмірге қол ұстасып қадам басады. Әлгіндей бақытты сәттердің суретін салады. Отбасылық өмірдің алғашқы сәтінде ыдыс-аяқтың сылдырайтыны заңды емес пе? Бірбіріне үйренісу, жаңа жерге сіңісу деген секілді. Оған үйренбеген екеуі бір күні «ажырастық» деп айғай сала тағы жазба қалдырып, бір-бірінің кемшілігін бетіне басып, оны жалпақ жұртқа жария қылатынын қайтерсіз. Қош. Аз уақыт өткен соң кешірім сұрап, екі жас татуласады. Бірақ олардың арасында не болып, не қойғанын желіге жүктеп, жариялау кімге не пайда әкелді?
Отбасы ойыншық емес
Ертеректе 13-те отау иесі деп мүшелге толған ұл-қызды ересек көретін. Ол заманда ерте шаңырақ көтеру қалыпты жағдай болған. Әрі ол кездегі адамдар ерте ақыл тоқтатып, есейген секілді. Қазіргі мектепті енді бітірген қыз алдағы «отбасылық сынаққа дайынмын» деп ойлағанымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін. Ерте жастағы некенің себебін зерттеген сарапшылар көп жағдайда жастықтың әсерінен жасөспірімдер отбасын құруға асығатынын айтады. Бұдан бөлек, ерте есейіп, отбасылық өмірдің дәмін татуға асығу ерте шаңырақ көтеруіне себеп болатын көрінеді. Қыздар үшін отбасылық жағдайға байланысты ата-ананың үйінен ажырап кетуге асығуы да ерте тұрмыс құруға итермелейтінін жоққа шығармайды. Дей тұра ерте жастағы некенің зиянды тұсын да ескерген жөн. Солардың қатарына жыныстық жолмен келетін аурулар, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөле алмау сынды түрлі мәселелердің ұшы шығады. Ойнап жүріп от басып, балалы болып, соңынан неке қиғандардың ажырасуына себеп те жеткілікті. Бірінші кезекте материалдық пен тұрмыстық қолайсыздық. Екіншіден, жас ерекшелік. Үшіншіден, адами құндылықтардың қарама-қайшылығы. Төртіншіден, өмірлік тәжірибенің жетіспеуі. Міне, осы секілді мәселелердің салдарынан отбасылық өмірге асыққан екі жастың шаңырағы шайқалады, онда туған балалар жартылай жетім атанады. Бірі – ана мейірімін сезінбей өссе, енді бірі әкенің қамқорлығына зәру.
Ерте жастан үйленген жасөспірімдер махаббаттың не екенін толық түсініп үлгермейді. Тіпті, не екенін білмейді. Олар көбіне уақытша жылулықты сезіммен шатыстырып алады. Отбасынан, ата-анасына еркелеп өспеген қыз-жігіттер балалықтан ерте арылып, «есейдім», «бойжеттім» деген оймен бойына жетіспеген жылулықты сыртқы ортадан іздей бастайды. Психологтардың айтуынша, өтпелі шақта отбасын құру дұрыс емес. Өйткені, жастар некенің тек сезімнен құралатын дүние емес екенін біле бермейді. Отбасы екі тараптан құрылғандықтан, жауапкершілік те екеуіне бірдей түседі. Отбасылық өмір өте көп энергия мен көңіл бөлуді талап етеді. Ал ерте үйленгендер адам өміріндегі базалық қажеттіліктерді шешіп алмай үйленсе, отбасына тиісті көңіл бөле алмайды дейді мамандар.
Ресми деректерге сүйенсек, әлемде 12 млн адам ерте неке құрады екен. Оның 4,4 млн-ы 15 жасқа жетпей отау құратындар. Кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беру дерегі көбіне Африкада тіркеледі. Одан кейінгі кезекте Оңтүстік Азия, Латын Америкасы елдері тұр. Кейбір дамыған елдер ерте некенің зиянын бағамдап, күрес жүргізуді де бастап кеткен. Айталық, көршілес Ресей Федерациясында неке құру жасын 21-ге ұзарту туралы мәселе талқыланған. Швеция елінде кәмелеттік жасқа толмағандардың некелесуіне қандай жағдай болмасын мүлдем рұқсат берілмейді екен. Ал біздің елімізде жасөспірімдердің шаңырақ көтеруіне заң бойынша тыйым салынғанымен, оның жеңілдіктері де қоса қарастырылған. Заң бойынша, елімізде неке қию жасы – 18 жас. Бірақ заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – қыз жүкті болғанда, екіншісі – ортақ бала туған кезде.
Ерте некенің ертеңі күмәнді
Отбасының әрбір сылдырын жариялайтындардың дені де жастар. Әлі болашақ өмірге, сезімдерге жауапкершілік ала алмайды. Содан ерте жастан ата-ана атанады да, үстін-үстін түскен жауапкершілік еңсесін басып, бәрінен қашып, безіп кеткісі келеді. Отбасындағы барлық шешімді екі жаққа кетумен, қолды бір сілтеумен бітеді дегенмен байланыстырады. Оларға тоқтау салып жатқан да ешкім жоқ. «Баланың ісі шала» деген, сірә осы болар. Ал енді осы ерте жастағы некеден туған баланың келешегіне бас қатырып жатқан адам бар ма?
Ерте жастағы неке – қоғамдағы үлкен мәселенің бірі. Статистикаға сүйенсек, ерте үйленген екі жас некесінің 90%-нің болашағы жоқ екенін, арты ажырасуға апарып соғатынын көрсетіп отыр. Отбасының бұзылуына ерте үйлену себеп болады дейді сарапшы мамандар. Олардың арасында түсініспеушілік туындап, бір-бірін кеш тани бастайды. Сондай-ақ, жаңа түскен келіннің отбасылық рөлі шектеліп, үй шаруасы мен бала тәрбиесінен әрі аса алмайды.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бәзбіреулер ерте жастағы неке адамды өмірге ерте шыңдайды, балалықтың буынында тез есейіп, қат-қабат тіршілікке бейімделеді деп жатады. Осылай шаңырағы шайқалмай, шаттыққа толы өмір сүріп жатқандар бар. Бірақ олар өте аз.
Айталық, өткен жылы елімізде 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, олардың 17,7 мыңы ажырасқан. Аудандық соттың мәліметінше, жыл басынан бері 35 іс өндірілсе, оның 60%-і осы ажырасу мәселесі бойынша орын алған.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
01 наурыз 2023 ж. 776 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031