» » АЖЫРАСУ ОҢАЙ МА?

АЖЫРАСУ ОҢАЙ МА?

Мына қоғамда жаныңа батары жарым отбасындағы бала­лардың көз жасы. Шата бала. Анасы мен әкесі тірі тұра, тұл жетім болған сәби. Оны койшы, тоғыз ай бойы тар құрсақта жатып, мына әлемді көруге ас­ыққан, бірақ көре алмаған нәрестелер қаншама? Айналаға бір сәт үңіліп көрдіңіз бе? Күн­делікті қауырт тіршіліктен қо­ғамдағы мәселелерден бейхабарсыз. Бәлкім?! Әке қамқорлығы мен ана мейірімінен нәр алған баладан бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә?! Алайда, бүгінгі қоғамдық сананың уланғаны ащы да болса шындық. Жетім-жесір, жауапсыз әке мен көкек ананың көбейіп келе жатқаны кімді де болса алаңдатары анық. Бұрындары бұл елде шаңырағын шайқалтпаған әке мен тағдырдың тауқыметіне мойымаған ана көп еді. Ал қазір ше? Ауданымыздың өзінде өткен жылдың қорытындысы бойынша 214 жас отбасы некеге тұрса, оның 67-і ажырасып үлгерген. Мамандар пайымынша, ажырасудың басым бөлігі 40 жасқа дейін болады. Оның ішіндегі ең көбі – 23-29 жас аралығындағы отбасылар. Үйлену көп әрине, бірақ ажырасу да аз емес. Екі жастың қиындыққа төзбей немесе жеңіл ойлауының салдарынан баланы тірі жетім еткенін ойламайды да. Әкесіз не анасыз өскен баланың тәрбиесі не болмақ?
Ақжүніс Әбдалиева, тұрғын:
– Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы тәмсіл бар. Әке – ол әрбір істі ойлап ба­рып бастайтын, қамқоршы жан. Анадан гөрі қатал. Әсіресе ер баланың тәрбиесінде оның рөлі айрықша. Әкенің мінезі, өнері мен білімі – ұл баланың өнеге алатын нысанасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысшыл ер тәрбиелеу аталар арманы болған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз соны меңзейді. Ал, қыз бала – ертеңгі келін. Барған жерінде қандай тәрбие алғаны анасынан айшықталады. «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демей ме? Менің де жалғыз ұлым бар. Үйге келін әкелемін дегенде қатты қуандық. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Кінә бізден дейін десек өз қызымыздай көрмеп пе едік? Не үшін үйіне кеткенін сұрағанымызда жалғыз ұлымды өз үйіне көшіріп әкетіп, күшік күйеу қылғысы келген екен. Араларында екі сәби бар ғой. Ана жүрек қашанда қолдау көрсетуге әзір. Немерелеріміз әкесіз өспесін деп жұбайым екеуміз қарсы болмадық. Алайда ұлым сендерді тастап кетпеймін деп көнбей қойды. Мұнысы дұрыс та шығар. Бірақ, енді ғана тәй-тәй басып өсіп келе жатқан немереміздің иісін бір иіскеуге зар болып отырмыз.

Азиз Дүкенбай, аграрлы-техника­лық колледждің оқытушысы:
– Қазақ халқы ежелден-ақ отбасы құндылығын жоғары бағалаған. Мық­ты мемлекеттің қалыптасуы негізінде отбасы институтының дұрыс сақталуы қажет. Отбасы институты – мемлекеттің мықты іргетасы, қоғамдық тұрақтылықтың алтын қазығы. Отба­сын­дағы тəлім мен тəрбие өскелең ұр­пақ санасына жақсы дүниелерді, таным түсінігін қалыптастыру керек.
Бүгінде отбасы мəселесіне байла­ныс­ты қордаланған мəселелер жетерлік. Ең алдымен екі жас отау көтеруге серттескеннен бастап өмірлік ұстанымы мен арман тілегі бір болуы керек. Бірақ, қазіргі күні некені сақтап қалу көпшілік үшін қиын сияқты. Ажырасу – Алланың сүймейтін ісі. Ажырасудың бірнеше себебін де атап көрсетуге болады. Ең алдымен нарықтық қатынас жағ­дайын­дағы материалдық құн­дылықтарға байланысты ажырасу жағдайы орын алса, екінші жағдай, сүйіп қосылған екі жастың ортасында дəнекер болар сəбидің болмауы. Алланың əмірінсіз қурай да қозғалмайды десек, көп жастардың денсаулығы сəби көтеруге қауқарсыз болуда. Бұл жағдайда шаңырақтың шайқалуына себеп болары сөзсіз. Статистикалық мəліметтерге сүйенсек еліміздегі əрбір 3-ші неке ажырасумен аяқталады екен. Бұл ретте ықылым заманнан қалыптасқан ата дəстүрмен жанұя тыныштығын, бірлігін сақтауды ойлау керек. Сонымен қатар соңғы сəтте өмірімізге етене енген ұялы телефондағы ғаламтор желісі де жастардың бір-біріне деген сенімін жоғалтып, ажырасуға əкеп соғуда. Қазақ даналығында «Отан – от басынан басталады» деген ұлағатты ұғым бар. Отау көтерген жастардың бақытты, жарасымды өмір кешуі үшін үлкендердің ақыл кеңесі үлкен рөл атқарады. Сондықтан, келінді қызындай, күйеу баланы ұлындай көріп, ілтипат білдіріп, ақылға келсе ажырасу да азаяр еді.

Ұлболсын Үргенішбайқызы, 90 жас­тағы әжей:
– Қайран өмір-ай. Ауқатты отба­сы­ның ерке қызы болдым. Еркекшора болып өстім. Түйе болсын, жылқы болсын мойнынан ұстап алып мініп кете беретінмін. Ол кездің заңы солай ма, әлде адамы ма, бірнеше жас үлкен, мүлдем танымайтын азаматқа 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Енем үйдің биі еді, жарықтық, жатқан жері жайлы болсын. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Таң атқаннан түн болғанша сылпылдап сырттың жұмысы мен үйдің тірлігін қатар алып жүрдік. Онымен қоса емізулі бала бар. Шіркінді бесікте сол бөлегеннен үн жоқ, тым-тырыс жататынын айтсаңшы. Сыртта жүріп, жыласа екен емізіп отырып азда болса тынығар ем деп армандайтынмын. Ондаған сиыр мен қой, ешкіні сауып, күбі пісіп, нан жауып, самаурынға шәй қойып, оны бірнеше адамға беру бүгінгі келіннің түсіне де кірмейтін шығар. Алты аға бірігіп әке, жеті жеңге бірігіп ананың орнын баса алмайды, шырағым. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырайды. Бірақ, болмашы нәрсеге баланың көзінше жанжалдасу әкенің де, ананың да беделін түсіріп, сенімін жоғалтады. Әйел адам қандайда бір қиыншылық болмасын ер адамды төмендетпеу керек. Себебі, әкенің орны бала үшін қашанда асқар тау.

Райкүл Қаратаева, ардагер ұстаз:
– Түсінбеушілік, материалдық жағ­­дай, қиын­шылыққа төзбеу, сабыр­сыздық – ажыра­судың басты себептері. Қыз тұрмысқа шығатын жігітін қалай сүйсе – оның ата-анасын да солай жақсы көруі керек. «Жақсылық – жамандықты жеңеді» демекші таза ойлай білу керек. Егер сен жақсы болсаң, қайтарымы да сол – жақсылық болады. Жаңа түскен келін «мен бәріне де шыдаймын», «ата-енемді сыйлаймын» деп алдына мақсат қойғанда ғана берекелі отбасының түтінін түтетеді. Көп жағдайда дұрыс құрылмаған қарым-қатынас пен отбасының ойрандалуы – тікелей өзімізге, серігімізге, одан қалды тағдырымыздың жазғаны деп кінәлаймыз. Негізінен ажырасуға апармас бұрын ең алдымен қарым-қатынасты дұрыс құрудан бастау керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші отбасын құру оңай шару емес, сондықтан оған үлкен дайындықпен келу қажет.

Құралай Алданазарова, облыс­тық жастар денсаулық орталығы Қармақшы құрылымдық бөлім­ше­сінің психологы:
– Бүгінде «отбасы» ұғымы өз мәнін жоғалтып, «ерлі-зайыптылардың ода­ғы» деген мағынаға ойысып бара жат­қан сыңайлы. «Қазіргі некедегі бас­ты тенденциясы оның кеш орын алуы. Көп жағдайда жас кезде некеге тұратындар тез ажыра­сып кетіп жатады. Ал, сол ажырасу кезінде қатты зардап шегетін – балалар. Отбасының дәс­түр­лі құндылығы сақталмаған соң, ерлі-зайыптылар ажырасып, олардың артында «махаббатты, жылулықты сезінбеген», толыққанды отбасы деген ұғымның не екенін түсінбейтін бала­лар қалады. Ата-анасы ажырасқан бала өмір­дегі қиындықтарды екі есе ауыр өткереді. Психо­логиялық, жүйке ауруларына жиі ұшырайды. Ал бұл балалар үлкен өмірге қадам басқанда өз өміріне де осы науқанды әдетке айналдыратыны дәлелденген. Мұның алдын алу үшін жұбайлар ескеруі қажет жайттар бар. Мәселен, бір-біріне ауыр сөз айтудан аулақ болу керек. Себебі мұндай сөздер, қылықтар кешіріледі, бірақ ұмытылмайды. Орын алған мәселелер мен қиындықтарды үнемі біріне-бірі жүктеуден қашу керек. Әйтпегенде шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сай­ын­ғы міндетсінуден тез жалығады, шаршайды.

Гүлмира Әбсаттарова, көп балалы ана:
– Ажырасудың негізгі себебінің бірі – әке-шеше мен туған-туыстың екі жас­тың өміріне араласуы. Бұл күрделі себеп. Мысалы, «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші той алдында жасалатын дайындықтан бастап ұсақ-түйек нәрсенің бәрі үлкен әңгімеге айнала береді. Ағайынның аузындағы сөз, жұрттың әңгімесі – бәрі де екі жастың қосылуына деген қарсылық секілді. Отба­сылық өмірде ағайынды жеке өмірге араластырмаған жөн. Әсіресе, ұрыс-керіс кезінде оларды ортаға салған дұрыс емес. Көбінесе туған-туыс ерлі-зайыптыны сабырлыққа шақырып, қайта қосудың орнына ажырасуына ықпал етеді. Мен де көп балалы анамын. Тұрмысқа ерте шықтым. Десе де, ешнәрсеге мойымай бәріне көндім. Қандай қиын жағдайды басымнан өткерсем де құламадым. Тек «отбасым» деп бойымды тік көтеріп жүрдім. Қайын апаларым көп болды. Күніне үйге соғып кетпесе болмайтын. Келіп шай ішіп, арқа-жарқа боп кетсе болады ғой, жоқ, керісінше күйеуіммен шағыстырып кететін еді. Бірақ бұл мен үшін мәселе емес деп шештім. Себебі, арамызда аралары бір жастан балаларымыз болды. Соларды ойладым. Оларға өзінің әкесіндей әкені қайдан табамын? Төздім, бәріне көз жұмдым. Қазір барлығы да артта қалды. Алдыңғы баламыз мектеп бітіргелі отыр. Бұл әлемдегі бақытты отбасылардың біріміз. Сондықтан да, ажырасу амалын іске асырмас бұрын балалардың болашағын ойлап, екі жас шаңырақ көтерген соң оның берекелі болуы үшін ештеңеден аянбауы керек. Отбасының шағын мемлекет екенін ескерсек, оның ыдырағанынан гөрі көркейіп дамығаны жақсы.
Пікірлерді топтастырған
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
27 қыркүйек 2018 ж. 2 893 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031