» » ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫС КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫС КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Қоғамдағы қасиетті құндылықтарымыздың құлдырауы басқа мәдениеттің ықпалынан болар, бәлкім?! Оған мысал аттап басқан сайын кезігеді. Батысқа еліктеп қазақы болмысын жоғалтып жатқандар қаншама. Бұрын тек, шетелдік танымал әйелдердің орнына ерлері декреттік демалысқа шығатынын газет-журналдан оқып: «Осылардың шығармайтыны жоқ, еркектің бала бағып, үйде отырғаны несі?» дестік. Ал, кейін оның бізге қалай жеткенін аңғармай да қалдық. Түзде жүріп отбасын асырап, қамқор болып, ақылы мен қаталдығының орны ерекше әкенің беделі төмендеп бара жатқаны бізді де алаңдатады. Себебі, шеше көріп тон пішетін қыздар әке тәрбиесін алуда. Аналары түзде, әкелері декретте.
Бүгінгі жаһандануда ештеңеге де, еш нәрсеге де таң қалмайтын болдық. Сіз декретке шыққан ер -заматты көрдіңіз бе? Қай уақытта болмасын қазақы отбасында әкенің орны ерекше. Бірақ, кейде осы ұғым өзгеріп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұрындары денсаулығы нашар, себепті жағдайы болмаса, үйде отырған еркектің тірлігі көзге ерсі көрінетін. Сонда аналарымыз «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық», «Аз да болса еркектің тапқан табысы берекелі» деп отыратын.
Бүгінде елімізде декретке шыққан ер-азаматтардың саны көбейген. Себебі, еңбек кодексінде бала күтіміне байланысты демалыс алуға әйел мен еркекке тең құқық берген. Қазір елімізде 72 мыңнан астам ер адам бала күтімімен үйде отыр екен. Қысқасы, декретке шыққан ер-азаматты көрдіңіз бе? Ал, мен көрдім. Бірде қалаға барғанымда белді қызметте жұмыс атқаратын танысыммен жолығып қалдым. Хал-жағдай, жұмыс сияқты жай-күйімізді сұрасқан соң, «мен декреттемін ғой» дегенін естіп, есімнен танып қала жаздадым. Себебі, Заңның шыққандығынан хабарым болса да, декретке шыққан еркекті алғаш рет көрдім. Жалпы, декреттік демалыс әйел адамның жүкті болған кезінде немесе баланы дүниеге әкелгеннен кейін жұмысынан босап, демалысқа шығуы деп білетінбіз. Ал, шетелдерде еркектердің декретке шығуы қалыпты құбылысқа айналған. Норвегия, Беларуссия, Ресей, Украинада әйел орнына ері декреттік демалысқа шығады екен. Бүгінде декретке шыққан отағасы да перзенті балабақшаға бармайынша сол елдің Заңына сәйкес, 3 жылға дейін бала күтімінде отыра алады. Негізінен ер-азаматтардың құқығы ҚР-ның Еңбек кодексінің 195 бабында көрсетілген. Онда әрбір ата-ана, әйел не әкесі бала 3 жасқа толғанға дейін ақысыз демалысқа шыға алатындығы жазылған. Қаншама жерден Заң болса да, мұндай жәйттер қазақы түсінігімізге жат құбылыс. Ал, шындығында ғылымның өзі дәлелдегендей әкелер ана сүтін бере алмағанымен, сәби күтуде әйелден артық орындамаса, кем түспейді екен.
Әкелердің былайша бала күтіміне араласуы да бекер емес. Елімізде туу көрсеткіші күрт өскен. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келіпті. Бірақ, демография көрсеткішімен бірге, ажырасатын ерлі-зайыптылардың саны да артуда. Былтыр 55 мыңға жуық отау құрған жұптың дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткенін де айтып өткен жөн. Еңбек кодексінің еркекке декретке шығуға құқық бергенінің ұтқан тұсы да бар. Ол – балаға ананың аялы алақанының жетіспеуінен. Яғни, ана өлімі орын алғанда, әке баласына қарау үшін декреттік демалысқа шығады.
Таңқалуға болмас. Мүмкін бұл заман талабы қажет еткен іс болар. Тек айтарымыз бала тәрбиесі баршамызға ортақ іс. Себебі, перзентіне ата-анадан бірдей қамқорлық қажет. Алайда, бала тәрбиесі үшін емес тиынға бола тіс сындырып, әйел орнына декретке шығу қазақилығымызға мүлдем жат. Әйел үйдің шаруасын атқарып, бала тәрбиесіне жауапты болса, ер отбасы үшін жұмыс істеп түзде жүреді. «Ері жоқ елдің күні қараң» дейтін Күлтегін жыраудың бұл аталы сөзі бүгінгі күні үлкен маңызға ие. Себебі, ел тағдырына алаңдайтын, еңбекқор, намысшыл, өз шаңырағының тірегі бола білген ер-азаматтар көбейген шақта келешегіміздің кемел болары айқын.
P.S
Әке қамқорлығы мен ана мейірімінен нәр алған баладан бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә?! Жетім-жесір, жауапсыз әке мен көкек ананың көбейіп келе жатқаны кімді де болса алаңдатары анық. Алайда, оның қасында балаға әкелік махаббатын төгіп, отбасы ошақ қасы болып отырған ер-азаматтар мың есе артық, бәлкім?! Ер адамның декретке шыққаны ерсі ме?Сіз қалай ойлайсыз қымбатты оқырман?

Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
14 тамыз 2018 ж. 1 523 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930