» » АТА-АНА ҚАДІРІ

АТА-АНА ҚАДІРІ

Сәбидің шыр етіп дүние есігін ашқанда бірінші көретіні – оның ата-анасы десек, асқар таудай әкенің отбасындағы орны бөлек. Осынау қасиетті ұғымда қаншама тағылым жатыр десеңізші. Әкеге құрметпен қарау, риясыз сыйлау – перзенттің парызы. Салиқалы ана баланы жастайынан әке сыйлауға икемдеген. «Әкең келеді», «Рұқсатты әкеңнен сұра», «Әкеңнің көрпесін сал», «Әкеңнің айтқаны болады», деп жанұядағы тәртіп пен ауызбіршілікті қамтамасыз еткен. Әке – жай ғана мейірімін төгіп қоймаған. Ұл-қызын абыройлы болуға, еңбеккерлікке, сапалы өмір сүруге баулыған.
Жалпы қазақы отбасы несімен ерекше? Тәрбиеге қалай мән береді? Негізінен жанұяда бала өмірге келіп қана қоймайды. Мұнымен бірге ортақ құндылықтарды бойға сіңіреді. Ол қандай құндылық? Қоғамға, жүрген ортасына, адамзатқа пайдасын тигізу – құндылығы. Баласы сәтті қадам жасап, белгілі бір жетістікке жетіп жатса, әкесі үшін бұл зор мәртебе. Әке өсиетімен жүру, оған адалдық болу – бала жақсылыққа бастайды., болашағына игі жол ашады. Ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде: «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті кезінде. Тегінде, ата-ана баласын тәрбиелі етіп өсіруге жауапты. Оның ұрпағы алдында бірқатар қарызы мен парызы бар. Соның бірнешеуі – мынау.
Баласына жаман қылық көрсетпеу, жаны мен тәнін, ары мен абыройын кірлетпеу. Ана тілін үйрету, перзентіне аналық ақ сүтін пәк етіп беру. Бала емізерде басына жаулық-орамал салу. Омырауын жуып, ауру-сырқау, дерт жұқтырмаудың алдын алу. Жалғасына өзгелердің қорлауына жол бермеу. Ұрпағының қам-қайғысыз өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Жүрегіне адам баласының теңдігі мен берекесін, достықтың дәнін себу. Отанын қорғап, отбасы мен ел тыныштығын сақтауға, өнер-білімге, кісілік пен кішілік дағдысын бейімдеп, әдепті, ибалы болуға үйрету. Қоршаған ортамен қарым-қатынас қалыптастырып, есейгенде ұнатқан адамына үйлендіру. Ата-ананы құрметтеуді, үлкен-кішіні аялауды ұғындыру.
Әке-шеше дүниедегі бар асылын өсіріп, бағып-қағып, үйлендірген соң жауапкершілігінен жеңілдеп, ендігі бағып-қағу балаға жүктеледі. Бұл сан ғасырдан бері келе жатқан дәстүр сабақтастығы: оған ата-ананы сыйлау, құрметтеу, айтқанын екі етпеу, алдынан қия өтпеу жатады. Тіл тигізбеу, бетінен алмау, алдында әркез сәби болып, өтелмес қарызын сезінуі керек. Тілі мен дәстүрін білу, асыл жандарды ренжітпеу, орынсыз қылық көрсетпеу, әрқашан қуаныш әкелу де – баланың бұлтарпас басты міндетінің бірі.
Халқымыз: «Әке көрген – оқ жонар» дейді. Әкенің ер бала тәрбиелеудегі рөлі басым. Ол білген өнерін, білімін ұлына үйретуге барын салып бағады. Тиісінше, бала да әкесіне ұқсауға тырысып, оған еліктеген, үдесінен шығуға жігерленген. Балаға, әсіресе, ана өте жақын келеді. Ана сүтімен дарыған қасиет халықтың салт-санасынан ойып орын алғандығы жайында шығарма көп. Жүсіп Баласағұн әйгілі «Құтты білігінде»:
Ақ сүтпен бірге сіңген жақсылық,
Айнымай еш, алғанша ажал қапсырып.
Е т-сүйекпен бірге біткен қылығың,
Өзгермейді салғанша ажал құрығын, – десе, осыбір ғұлама ойды һакім Абай жетінші қара сөзінде былай деп ширатады: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туса, біреуі – білсем екен деп келеді. Не көрсе, соған талпынып, жалтұр-жылтұр еткенге қызығып аузына салғанша, дәмін татып тамағына, бетіне басып қарап, сырнай, кернейдің даусына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, тіпті біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене», «ол неге үйтеді», «бұл неге бүйтеді» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі өмірге жаңа келген нәрестенің жан құрамы, «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дегені, – деп тарқатады. Анан мейірімінің жұмыр бастыға бас игізбейтіні жоқ. Домалақ ананың қадір-қасиетін жырына арқау еткен жыр алыбы – Жамбыл өз анасына тағзым етеді. Әйел – тапқырлықтың, даладай дархандықтың белгісі, жамандық атаулыға тосқауыл болатын ұлы күш.
Ислам дінінде отбасына үлкен мән беріледі. Онда адамды үйленіп, отбасылы болуға шақырады. Бұл жөнінде көптеген хадис, аяттар келтірілген. «Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззаты етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі. Ой жүгіртіп, ғибрат алыңдар» , – делінеді қасиетті Құранда. Тағы бір аятта: «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойұсынуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «түһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. «Аллаһым, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рақымдылық ете гөр!» – деп айт» – делінеді. Діни ғұлама Сәйид Кутуб әке-шешеге құрмет жайлы Хафыз Әбу Бәкір Бәззардың мына риуаятын былайша жеткізеді. «Бір адам қажылық кезінде анасын арқалап алып Қағбаны тауап етеді. Бір кезде хазірет Пайғамбардан «Оның ақысын өтей алдым ба?» – деп сұрайды. Сонда Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с): «Ананың жүкті болған кезінде алған бір тынысының да ақысын өтей алмадың», – деп жауап береді. Қазақта: «Еркек – бас, әйел – мойын» деген де сөз бар. Әйел ері алдында көзқарасы жағынан тәуелсіз болғанымен, ер адамға отбасын асырау, басқару жауапкершілігі жүктелгендіктен оның арқалар жүгі ауыр. Асыл дінде оны: «Дегенмен еркектер әйелдерден бір саты жоғары үстемдікке ие. Осының бәрі Алланың құдіреті, данышпандығы арқылы орындалып жатады», – деп көрсетеді. Сонымен қатар адамзат баласы үшін ата-ананы құрметтемеу ауыр күнәға жатады. Оларды тыңдау – мұсылманға міндет.
Бүгінгі күні қоғамда ата-ана мен бала үйлесімдігінде мәселе жоқ деп ешкім айта алмас. Психологтардың пікірінше, қазіргідей ақпараттық заманда отбасы құндылығының кейде құлдырауы сезіледі. Бірде ата-ана жеткіншек баласының тым өзгеріп бара жатқанын айтып, психологтан көмек сұрайды. Маман да қолынан келген көмегін жасап, қараңғы бөлмеге анасы мен баласын жеке қалдырады. Ортаға үстел қойып, май шам жаққан соң: «Асықпай әңгімелесіңіздер», – деп шығып кетеді. Белгілі уақыттан соң қараңғы бөлмеден шыққан ана мен баланың жүзінде нұр ойнайды. Сонда анасы: «Осы уақытқа дейін баламның бірде-бір арманын білмеппін. Қасында жүріп қалай танымағанмын», – деп психологқа алғысын айтса, әбес қылығы үшін баласы анасынан кешірім сұрапты. Бұл – отбасындағы мәміленің, жылы қатынастың болмауы. Қазіргі компьютер деген кеселдің отбасына тигізіп жатқан кесірі. Осындай өмір салтымен қаншама отбасы өмір сүруде, – дейді психологтар қынжыла.
ТҮЙІН
Сыйластық,түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Осындай отбасында ғана олардың балаларының өзара қарым-қатынасы мазмұнды, мәнді болмақ. Өйткені бұл – ыстық ұяда берілген сіңімді тәрбие мен негізді тәлімнің тәтті жемісі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
28 шілде 2018 ж. 3 097 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031