» » ТЕҢДІКТІ ҚАЛАЙ ТЕҢЕСТІРЕМІЗ?

ТЕҢДІКТІ ҚАЛАЙ ТЕҢЕСТІРЕМІЗ?

Қазір қоғамның ащы өзегіне құрт түскен сыңайлы. Құрт болғанда да жай құрт емес, тез көбейіп, жан-жағын жайпап жіберетін аждаһаның тап өзі. Бұл нені көксеп отыр дейтін боларсыз? Айтайық. Ол – жыл санап белең алып бара жатқан «ажырасу» деген індет. Әнебір кездері қыз төркініне қайтып келсе, ата-анасы үйден шыға алмай, той-томалаққа бара алмай қысылатын. «Жігітті намыс өлтіреді» демекші, бет ұяттан қызаратын. Сондағысы: «Ағайынның көзіне қалай қараймыз? Қызға дұрыс тәрбие бере алмадық па? – деген күмән тұратын ар жағында. Ал, бүгінде «күйдім, сүйдім» деп қосылған қос ғашықтың ертесіне: «мынаның қай жеріне қызыққам» деп екі жаққа кетісіп жатқан біреу. Оған да ет үйренгелі қашан? Өйткені бізде – «демократия». Әркім өзі біледі. Жанұя игілігінен жеке бас мүддесін биік қойғандар көбейді. «Ажырасу сценарийіне» әкеге қарағанда, ана «көп еңбек» сіңіретіндей. «Ішіме сыйған бала – сыртыма да сияды», – деп, түймедейді түйедей етіп, ақыр соңында қызын ажыратады.
Бірде басылым бетіндегі мақалаға көзім түсті. Шешесі қызын кір мәшинеге бола күйеубаласынан ажыратуға барған. Кір мәшинесі бұзылған келіншек күйеуіне жаңасын алып беруін өтінеді. Жолдасы қалтасындағы қаржысына қарай көсіліп, арзан-сулысын алса керек. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, отбасындағы шырғалаң сол кір мәшинеден басталған. Ұзақ-сонар кикілжіңнен соң келіншек екі баласымен төркініне кетіп қалады. Жолдасы артынан барып, бала-шағасын кері қайыруға ниет білдірсе, енесі: «Қосылғың келсе, осы үйде тұрасың. Болмаса – жолың әне» деп талап қойған. Ол біреудің жалғыз баласы әкесі ерте дүниеден өткен. «Шешемді тастап, қайын жұрттың қолына не деп бармақпын» деп мұңын шағады оқырманға. Кір машинаның хикаясы – сөйтіп, бір отбасының шырқын бұзуды. Тағы бір кетісу – кәде-кәуметке байланысты. Қыздың анасы құдалардың берген сыйына риза болмаған. «Гауһар жүзік, құндыз шапан кигізбедің», – деп тойда ұрыс шығарған. Өкпе-реніш уақыт өте келе ұлғайып, ол да некенің бұзылуына сеп болған.
– Ұлан-асыр той жасадық. Тәтті шайда кімге не кигізетінімізді, кімге қандай алтын салатынымызды құда-құдағиымыз алдын ала тізімдеп берді. Баламыз бақытты болса болды деп, айтқанын істедік. Бірнеше миллионды тойға, кәдеге дөңгелеттік. Сонда да, оған құдаларымыз қанағаттанбады. Әр жерден әңгіме-сөз шығарып, баланың намысына тиді. Әсіресе, құдағи күніне неше мәрте телефон шалып, қызынан есеп алатынды шығарды. Сондай сәтте келінді қасыма шақырып, мұның ұят болатынын айттым. Ескертпеме шамданған келін киім-кешегін жинап, кетті де қалды. Бар болғаны үш ай тұрды. Соңынан іздеп бардық. Жас болған соң кешіріммен қарауға тырыстық. Қосылмайтынын ашып айтты. Баламның басы жас, үйленгісі келеді. Аталарымыз: «Екі жастың ортасына есі кеткен түседі» дегенді бекерге айтпаған. Жастарға ақыл-кеңес беретін әке-шеше емес пе? «Мешкей» деген жақсы ат па? Жастардың арасына түсудің қажеті жоқ. Қыз да қыз дәуренімен қош айтысқан соң, отбасылық өмірге бейімделуі тиіс. Болашақ ана. Елдің-халықтың ұйытқысы болуы керек. Ендігі тілегім – келіннің шешесі араға түспесе екен дейді, – Тазагүл Меңтайқызы ( аты-жөні өзгертіліп алынған).
Аңғарған адамға, шешеде көп мәселе бар. Қоғам үшін ажырасудың көл-көсір зиян екені айтпаса да түсінікті. Демографиялық өсімді тежейді. Баланың жүрегіне жара салады. Жартылай отбасының көбеюі де осы ажырасудың салдарынан болып жатыр. Жанұяда бала үшін әке мен ананың орны бөлек. Әкенің қамқорлығын көрмеген немесе ананың мейіріміне қанбаған балаға қай кезде де бір нәрсенің жетпей тұрары анық. Қазір заман тыныш. Бақытты ғұмыр кешудеміз. Адамдар тәуір киінеді, тәуір көлік мініп жүр, тәуір үйде тұрады. Адами ресурс турасында да аз айтылып жатқан жоқ. Дүниелік байлыққа барынша мән берудеміз. Ал, отбасылық байлық ше? Шаңырақ құндылығы ше? Оны кім ойламақ? Қоғамдағы осындай келеңсіздік отбасындағы тәрбиеден тін тартып жатқандай. Қазақ отбасында дастарханға әке отырмай ас бастамау, қыз баланың әкеге айтар әңгімесін анасы арқылы жеткізу, әкенің көзінше ретсіз сөз сөйлемеу – дәстүрі ертеден бар. Мұның өзі үлкен өмір мектебі саналған.
Қазақ анасы – қазақтың ары. Ел шетіне жау шапқанда ерін рухтандырған кім еді? Баласы жау қолынан қаза тапқанда, бойын тік ұстап, дұшпанына көз-жасын көрсетпеген кім еді? Ел мен ел, ер мен ер шекіскенде ауызбіршілікке үндеген кім еді? Әрине, ардақты аналар. Ананың қадір-қасиеті, болмысы неге бүгінгі күні төмендеуі керек. Тектілік деген қайда?
Ағайынның тойында қызын ұзатқан ананың тілегіне құлақ салғаным бар.
– Қызым, қызғалдағым. Үш ұлдың ішіндегі тәттім. Сені ештеңеден кем қылмадық. Еркелеттік. Барды аузыңа тостық, үстіңе ілдік. Оқыттық, мамандық әпердік. Мұның бәрін үйге қалдырасың. Сен енді бір әулеттің келінісің. Еркелікті табалдырыққа тастап, келіндік міндетіңді атқарасың. Төркінге күйеу баламен қонақ болып келесің. Ортаға сөз тасылмасын. Барған әулетіңе, ата-енеңе, жарыңа адал қызмет етесің. Жұрт саған қарап, тәрбие берген ата-анаңа баға береді. Бізді жерге қаратпассың деген үміттеміз, – деді.
Сол келінді білемін. Қазір үш баласы бар. Ибалы, инабатты. Үлкеннің алдын кесіп өтпейді. Расында да, әулетінің мақтанышы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
03 шілде 2018 ж. 1 935 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031