Қыздарға кеңес: жігіттердің бәрі бірдей емес
Ол сені шын жақсы көріп тұрса неге сөзін жерге тастадың? – Қойшы, жігіттердің бәрі бірдей! Бұл қысқа ғана диалог бүгінгі қоғамда пайда болған әрі қалыптасып кеткен екеуара қыздардың әңгімесі. Қоғамда қыз бен жігіттің махаббаты, қарым-қатынасы өзекті деуге де болады. Себебі екеудің махаббатынан, сезімінен ұрпақ сабақтастығы туындайды, қоғам дамуы жалғасады. Ал ол белгілі бір орта болғаннан кейін түрлі алып-қашпа сөздер, өсектер тууы қарапайым тілмен айтқанда таңғаларлық жағдай емес. Дегенмен пікір туындаған жердің бәрі дұрыс деген сөз жоқ. Өйткені пікір мен көзқарас қанша адам болса, сонша түрлі болып туындайды. Осы жерде қыздарға кеңес ретінде «жігіттердің бәрі бірдей» деген сөзді аксиомаға айналдырудың керегі жоқ екенін ескертеміз. Себебі бұлай деуге еш негіз жоқ. Жігіттің тәрбиесі Әрбір адам – жеке тұлға. Сол секілді жүз жігіт болса, жүз түрлі тұлға қалыптасады. Олардың ең басты тұлғалық қасиеті – тәрбиесі. Тектіліктің бесігінде өскен жігітті көше қызығын қуған жігітпен салыстыра аласыз ба? Ең бірінші отбасында тағылымды тәрбие берілуі маңызды. Ұлды ұясында ертең бірдеңе ілетін қыран қылып тәрбиелеу әкенің парызы. Ал әкенің ащы алақаны мен тәрбиесін көрген жігітті, тәрбиеге көңіл бөлінбейтін отбасында өскен азаматпен тең көру дұрыс емес. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің түп төркініне барып көріңіз. Жігіттің әкесі салмақты, тәрбиелі, тәртіпті болуды, адам баласымен, қыз баласымен қалай сөйлесу керектігін бесігінде үйретсе, көзіне күнде көрсетіп, әдетіне айналдырса ол жігіттің тамырынан қисық өсуі мүмкін емес. Ал қыз балаға деген махаббатты көрсету үшін әкенің міндеті ақыл айту немесе қол көтеру арқылы жүзеге аспауы керек. Әкесі ұлының анасын сыйлап, күн сайын сүйіп тұрса жігіттің бойында қызға деген көзқарас басқаша қалыптасады. Ең бастысы тәрбиенің жақсы берілуінде. Тәрбиенің дұрыс берілмеуіне жігітті кінәлау – қателік. Жігіттің ортасы Тәрбиеден кейін жігіттің қалыптасуына және сыйлы болуына оның ортасы мен достары әсер етеді. Ал бір жігіттің досы жаман болды деп бүкіл жігіттің досы жаман деп айта алмайсыз. Себебі әркімнің өз ортасы бар. Түрлі жағдайға байланысты жігіттің достары өзгеруі де мүмкін. «Досына қарап өзін таны» демекші, жігіттің қандай екенін оның достары арқылы тануға болады. Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған Абыройлы болу, мақсатқа жетіп асқақ болу – кім үшін болса да керемет сезім. Бірақ бұл дүние барлығына бірдей бұйырмаған. Себебі ол оның тағдыры. Жігіттің бәрі абыройлы бола бермес, бірақ тәрбиелі әрі ортасы жақсы болуы мүмкін. Сондықтан ел мақтайтын жігітті ғана жақсы деп қабылдау – теріс пікір. Мінез тәрбиемен қалыптасатынын тағы да айта кетейік, жігіттің ұяңы, сабырлысы, желіккені және дала безері де болады. Сондықтан жігітім абыройлы емес екен деп оған «бірдейсіңдер» дейтін айып тағу да қателік. Кейде мақтаудан сүрініп, мақтаусыз-ақ сыйлы болатын сәттер болады. Ұмытпаңыз! Жігіттің сезімі Жоғарыда аталған кезеңдерден өткен жігіттің сезімі табиғи шынайы әрі таза болып қалыптасады. Өйткені белгілі бір тәрбиенің шеңберінде жүрген, өз ақылына жауап бере алатын, ортасы орда бұзар достармен толысқан жігіттің сезімі тұрақты әрі пәк болады. Анадан ешкім жаман болып тумайды. Жүре қалыптасатын түрлі жағдайға байланысты өзгеріске ұшырайтын қасиеттерге қарап жігіттің бәрін бірдей деу – ақыматық. Жігіттің сезіміне алданып қалып, сол дүниеге қайта ұрынып тағы да сабақ алмай, бір жақты пікір қалыптастырсаңыз, ол – сіздің қателігіңіз. Ал жігітті тану үшін бас салып өзіне жүгірместен бұрын оның достарын таныңыз. Жүрегіңізді бірден ұстатпай тұрып сырласу кезінде отбасы жайында, сөз алысы мен мінезін байқаңыз. Себебі жетектеген жігіттің бәрі бір мінезді болса, онда өмірдің алуандығынан не пайда? Осы ретте қыздарға ұлы қаған Шыңғыс ханның үш сөзін айта кету керек, жігіттердің бәрін бірдей деп қарамас бұрын: Қорқасыз ба – істемеңіз, істедіңіз бе – қорықпаңыз, істеп қойдыңыз ба – өкінбеңіз. Дәл осы секілді жігітке көңіліңіз тартпай тұрса бас тартыңыз, қаласаңыз қорықпай қадам басыңыз, ал бәріне жеткен кезде қателесіп кеткен болсаңыз, өкініш білдіріп, бір жақты пікір қалыптастырмаңыз.