Ұстаз. Ғалым. Қайраткер
Пендауи өмірде мына дүниені жалған деп жатамыз. Көзді ашып-жұмғанша зу ете өте шығатын өмірді енді басқаша қалай атамақпыз. Десе де, сол жалған дүниедегі атқарылған іс, жасалған жақсылық, кейінгіге қалдырылған рухани, заттық игіліктердің ақиқат екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас-ты. Оның ішінде жас ұрпаққа ұлағат ізін салып, олардың кірпіш болып қалануына күш жұмсайтын ұстаз есімінің жоғары тұратынын дәлелдеудің өзі артық.
Қаралы хабар жерде жатушы ма еді? Қазақ ғылымы, педагогикасы, қоғамы орны толмас қазаға ұшырады. Қара нардың жүгін арқалаған, қазақ теміржолы ғылымының дамуына айтарлықтай үлесін қосқан жерлесіміз, «Көлік саласының профессоры», «КСРО жоғары білімінің үздігі», «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Зарқұм Бекжанов ағамыз 86 жасында дүниеден озды.
Ол Диірментөбе стансасында 1938 жылы өмірге келген. Бекжановтардың теміржол саласындағы еңбек жолына келер болсақ, тұтас бір дәуірді алып жатыр деуге келер. Бірнеше буын өкілі, атап айтқанда, атасы Бекжан мен оның төрт ұлы – Жайлау, Мешітбай, Жанқай, Сартайлар Орынбор теміржолында еңбек етсе, олардан тараған ұл-қыздар да бүгінде осы саланың ізін жалғаған.
Жас жігіт мектеп бітірген соң бағыттамашы және станса кезекшісі болып жұмыс істеген. Әрі қарай ата-анасының қалауымен Ташкент теміржол көлігі институтына оқуға түсіп, мамандық алады. Одан кейін Жосалыда станса кезекшісі, станса бастығының орынбасары, Шымкент бөлімшесінде графист болып қызметтер атқарған. Іскер азамат мұнан соң өзі оқып бітірген Ташкент теміржол институтына оқытушылық қызметке шақырылады. Студенттерге дәріс бере жүріп, 1974 жылы Ленинград теміржол инженерлер институтының аспирантурасында білім алып, диссертациясын қорғайды.
Жол қатынастар министрлігінің Оқу орындары Бас басқармасы 1978 жылы З.Сартайұлын Алматы теміржол көлігі инженерлер институтына «Теміржол пайдалану» кафедрасының доценті етіп ауыстырады. Ол 1980 жылдан бастап 17 жыл бойы «Тасымалдау процесін басқару» факультетіне, кейін кафедраға басшылық етеді. 1989 жылы жеделдетіп оқыту әдісінің бастамашысы болып, КСРО теміржол жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш рет өз факультетінде үш жылдық оқу ашады. 1990 жылы Қазақстанның Достық және Қытайдың Алашанькоу стансаларын жалғастыратын екі теміржолдың түйісуі жүзеге асты. Оның нәтижесінде 1990 жылдардың басында теміржолда жұмыс істеу үшін қытай тілін білу керек деген мақсатпен уақыт талабына сай студенттер қытай тілін үйрене бастады.
З.Бекжанов студенттердің өзін-өзі басқаруына аса көңіл бөлді. Оның ұйытқы болуымен студенттердің активі көптеген жұмас тындырды. Соның қорытындысында жастардың оқу үлгерімі мен тәртібі жақсарды. Сондай-ақ профессор теміржол саласына қазақ тілін енгізуге және теміржол терминдерінің қалыптасуына еңбек сіңірді. Отансүйгіштік қасиетті биік қоятын майталман студенттерге арналған «Теміржолтану негіздері» атты кітапты жазып шықты. Оның бұл ізденісі келесі «Теміржол терминдерінің орысша-қазақша аныұтамалық сөздігі» атты кітаптың жарық көруіне себепкер болды. Ол мәскеулік әріптестерімен бірлесе отырып та орыс тілінде оқулық кітаптар шығарды. Одан бөлек, ғалымның «Теміржол көлігімен тасымалдау технологиясы және оны ұйымдастыру», «Жүк тиеу-түсіру жұмыстарының технологиясы мен механикаландырылуы», «Тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», «Жүк тасымалдау мен коммерциялық жұмыстардың негіздері», «Пойыздар жүрісін басқару жүйелері» тақырыптарындағы кітаптары да сұранысқа ие болып жатты. Оның 160-тан аса ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің жазылуы – ғалымның саладағы зор ізденісін айғақтап тұр. Ұлағатты ұстаздың шәкірттерінің арасынан көптеген техника ғылымдарының докторларының шығуы – табандылық пен қайраткерлікті дәлелдесе керек.
З.Сартайұлының ғылымға, елге қосқан үлесі ескерусіз емес. Ол «Көлік саласының профессоры», «Құрметті теміржолшы», «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағының иесі. «КСРО жоғары білімінің үздігі», «КСРО темір жолына 150 жыл», «Қазақстан теміржолына 100 жыл», «Еңбек ардагері», тағы басқа медальдармен марапатталса, КСРО Жол қатынастары министрлігінің атаулы сағатымен де мадақталған.
«Туған жерге туыңды тік» дегендей, ардақты азамат саналы ғұмырында туған жеріне атбасын бұруды азаматтық парызы санады. Қайырымды іске мұрындық болып, 2018 жылы жары Дина Базаралықызымен бірге өз қаражаты есебінен Жосалы кентінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Дәметкен ана» орталығын ашты. Орталықтың атын алғашқы жары, алтын асықтай ұрпақ сыйлаған ел анасының құрметіне қоюды да өнегелі іс болатын. Қазіргі кезде орталық ерекше балаларға қызмет көрсетуде. Ағамыздың тағы бір қасиеті – ұсталығы. Тоқсанға таяғанша Алматы мен туған жерінің ортасын жол қылып, өзі қолымен құрған орталықтың ішін балалардың көз жауын алатын түрлі шығармашылық бұйымдарға толтырып қойғанын көзіміз көріп жүр.
Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық бар. Саналы өмірін елінің өсіп-өркендеуіне арнаған үлкен жүректі ұстаз, өз саласының білгір ғалымы, қайраткер тұлға Зарқұм Сартайұлының жарқын жүзі жүрегімізде ұзақ сақталады.
Сәрсенкүл АҚКІСІ