» » ТУҒАН ЖЕРГЕ ТӘУ ЕТКЕН

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТӘУ ЕТКЕН

Бұл киелі мекеннен ақын-жыраудан басқа көптеген еңбек әулеті шық­қан. Соның бірі – Бекжановтар әулеті. Бұл әулеттің төрт ұрпақ өкілі темір жол саласына сара жол салған. Бекжан ақсақал екі бірдей ұлымен 1896-1906 жылдары аралығында «Орынбор-Ташкент» темір жолын салуға қатысқан. Бүгінде Бекжан атадан тараған Зарқұм Сартайұлы да темір жол саласының білгірі. Ол Диірментөбе аралық стансасында 1938 жылы дүниеге келген.
Орта мектепті бітірген соң  екі жыл темір жолда жұмыс істеп, Ташкент темір жол институтының «Пайдалану» факультетін қызыл дипломға бітіреді.
Еңбек жолы Жосалы стансасы кезекшісі жұмысынан басталса, кейін келе станса бастығының орынбасары, Шымкент бөлімшесінде пойыз жүрісін жоспарлаушы қызметін атқарады.  1967 жылы КСРО темір жол қатынастарының бұйрығымен Ташкент темір жол институтына ассистент болып қабылданса, 1967 жылы Ленинград темір жол институтының аспиранты атанады. Зарқұм Сартайұлы 1974 жылы өзінің кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, 1976 жылы жаңадан ашылған Алматы темір жол институтының доценті ретінде ұстаздық жолын бастайды. 1980 жылы қалалық комитеттің бірінші хатшысы Мұхаммед Рахимов оған факультет деканы болуға ұсыныс жасайды. Сонымен қоса, қашанда «Шылықтан бойыңды аулақ сал», – деп қамқорлық танытады. Хатшының декан жөніндегі ұсынысын қабыл алса да, «шылығын» түсінбеген Зәкең «Шылық деген не?» деп хатшының өзінен сұрайды. Мұның түсінбегенін ұққан ол да арқасынан қағып «түсінбегенің тіпті жақсы», – деп шығарып салады. Міне, оған да 50 жыл уақыт өтіпті. Зарқұм Сартайұлы 18 жыл факультет деканы болды. 100-ден аса ғылыми еңбек жазды. 10-ға тарта қазақ, орыс тіліндегі жоғары оқу орындарына арналған негізгі оқулықтар мен терминологиялық сөздіктерді дүниеге әкелді. Айта кетерлігі – Қазақстан темір жолы мен стансасы басшыларының 90 проценті осы Зәкеңнің шәкірттері. Жарты ғасыр маман тәрбиелей жүріп, ол «КСРО Жоғары білім үздігі», «КСРО-ны құрметті теміржолшысы», «Қазақ Көлік академиясының құрметті профессоры» атағын иеленді. Одан да бұрын Зәкең еңбегінің ақталғаны – қайда жүрсе де өзі ұзақ жолға шығарған шәкірттерінің құшақ ашып, ақ жүрекпен қарсы алатыны.
– Бекжан атамның өмірі теміржолда өткен. 2 ұлы да, бірі менің әкем Сартай да осы салада жұмыс істеген. Атамның ұсталығы болған. Хан-сұлтан тұтынатын алтын-күмістен ер-тұрман, киіз үй жасаған. Әкем Сартайдың да қолынан келмейтіні жоқ еді. Ондай ұсталықтан мен де құралақан емеспін, – дейді ғалым-ұстаз.
Сөз басында Бекжановтарды темір­жол­шылар әулеті деп тегін айтпаған едік. Зарқұм ақсақалдың 4 ұлы да теміржол саласының мықты маманы. Үлкен баласы Динар Бекжанов – техника саласының кандидаты, «Темір тұлпар» логистикалық компаниясының бас директоры болса, келіні Сәуле Ертайқызы – Қазақ Көлік және телекоммуникация академиясының проректоры, техника ғылымының докторы, халықаралық ғылым академиясының академигі. Немересі Айбек – Женевадағы  Қазақстан елшілігінде атташе. 
Жосалы кентіндегі «Жастар» саябағы жанынан бой көтеріп жатқан «Дәметкен» әлеуметтік мәдени-сауықтыру орталығы көп назарын өзіне аударады. Құрылысы бір жарым жыл бұрын басталған орталық жұмысының толық аяқталуына аз қалды. Бұл – Зарқұм Сартайұлының туған жеріне деген сый-құрметі.
– Тұрмағамбет шайыр «Артыма нені тастап кетемін деп, кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек...» дегендей, 50 жыл халықтың баласын оқытып, мамандыққа баулыдым. Жас емеспіз. Адам болған соң ертеңгі күн артыңа бір нәрсе қалу керек қой. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жерге тағзым ет, туған елге тарту ет» кіші бағдарламасы аясында осы құрылыс нысанын салдық. Бұйырса, халықаралық балалар мерекесіне тарту етсек пе деген ниетіміз бар, – дейді Қармақшы ауданының құрметті азаматы.     
Орталықтың ашылуына бірнеше себеп болыпты. Біріншіден, туған жерге деген махаббат болса, екіншіден ем-домды қажет ететін ерекше баласы көп өңірге бұл орталық өзі сұранып тұрғандай. Жоспар бойынша мұнда балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Тағы бір ескерерлігі – орталыққа шамамен 12-14 адам жергілікті жерден жұмыспен қамтылса, оларды ерекше  балалардың ата-анасынан жұмысқа  қабылдау көзделуде. Мұнда заманауи талғаммен безендірілген бірнеше бөлме бар. Атап айтқанда, емдік денешынықтыру, арт-терапия, компьютер сыныбы. Бұл жерде балалар заман талабына сай компьютер меңгеріп, ағылшын тілін үйренуге де мүмкіндік алмақ.
З.Сартайұлының қазіргі жары Дина Ба­зар­алықызы Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университеті педиатрия №1 кафедрасының доценті, «Алтын дәрігер» құрметті атағының иегері. Білікті маманның пікірінше, мұндай орталық ауданға ауадай қажет. Сонымен қоса, балалармен логопед, психолог, дефектолог маман жұмыс істейді.
– Кешенді «Дәметкен» атауымыз бекер емес. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақта. Сол айтпақшы, бұл Зәкеңнің төрт перзентін өмірге әкеліп, бар қиыншылығын бірге көтере білген бірінші зайыбы – Дәмекен анамыздың рухына жасалған құрметіміз десек, келесі айтарымыз – орталықтың әрі қарай жұмыс істеуіне аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актісін тіркеу бөліміндегілермен келісе отырып, «Дәметкен» қайырымдылық қорын құруды дұрыс деп шештік. Біраз адам жұмыспен қамтылады. Біреулер бізді бизнес жасамақшы деп айтып та жүр екен. Құрылыс жұмысы мен жиһазға 18 миллион теңге жұмсадық. Бұл халыққа қалатын дүние. Біріміз – 81-де, біріміз – 70-теміз. Қолымыздан келгенше, туған жерге жәрдемімізді берсек. Мақсатымыз – осы,  – дейді ғалым-дәрігер.  
Орталықта болғанымызда Зарқұм ағамыз ұлттық оюмен нақышталған ағаштарды құрастыруда екен. Үстел үстіндегі құтылардан неше түрлі бояумен жұмыс істейтіні де көрініп тұр. Қарапайым қалыбына іштей тәнті болдық. Жоғары оқу орнының оқытушысы емес, кәнігі ұста дерсіз. Есік алдындағы киіз үй макетін  безендіретін құрал-сайманын да алдын ала сайлап алыпты. Жеңіл көлікпен Алматыдан мыңдаған шақырымды артқа тастап, бірнеше мәрте келіп-кетіп жүргенге ұқсайды. Желкенін тартқан жетпіс деген жасқа таяса да Дина апайдың көлік құралын өзі басқаратыны ерлік демеске лажың жоқ. Екі қартқа қарап біз де риза болдық.  
Түйін:
Шындығында, ерлі-зайыпты бүгінде жұмысбасты. Екеуі де жоғары оқу орнының аты дардай ғалымдары. Құрмет-қошеметтен кенде емес. Уақыттың аздығына қарамай, туған еліне осылай қызмет қылуы – бәрімізге үлгі. Өмір бойы еңбек етіп, қартайған шағында үйінде жатса да болар еді-ау екеуіне. Бірақ олар үнемі қозғалыс, ізденіс үстінде.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
04 мамыр 2019 ж. 1 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031