» » Шойын жол тарихы

Шойын жол тарихы

1917 жылға дейін елімізде жүргізілген «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысы патшалық Ресей империясының қазақ жеріне арналған отаршылдық мақсаты әскери және саяси экономикалық қызығушылығына байланысты болды. Ұлан-байтақ Қазақия қашанда табиғаты байлыққа бай ұлы мекен екені мәлім. Орыс патшасы қазақ жері мен халқын қанауды, жер қойнауын шикізат көзіне айналдырмақшы болды. Сонымен қатар, ірі жоба атанған «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысы үшін жергілікті халықтан тартып алған орыс патшасының бұйрығымен 13000 десятина жер бөлінді.


Міне, осындай іс-шара аясында атқарылған жұмыстар барысында қазақ жерінде өнеркәсіп және сауда жедел дамыды. Сол жылдарғы тауар-ақша қатынасының нәтижесінде қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығына өзгеріс енді. Қазақ халқы өмір сүру үшін өздерінің дәстүрлі ата кәсібін тастап өнеркәсіп орындары мен теміржол құрылыстарына жалданды. Елімізде темір жол саласында жұмысшы кадрдың қалыптасуына ықпал етті. Бұл процесс Ресей еліндегі өнеркәсіптік аудандарға қарағанда кеш жүргенімен, жиырмасыншы ғасырдың басында үлкен қарқын алған-ды. Ағылшындардың Ауғанстанды жаулап алуы Ресей үкіметінің Орта Азиядағы позициясына қауіп төндірді. Сондықтан орыс империясына шығыстағы шекарасын нығайту мақсатында әскери-стратегиялық жағынан маңызды «Орынбор-Ташкент» теміржолы ауа­дай қажет болды. Сөйтіп аталмыш жоба 1901 жылы 10-мамырда басталып, 1906 жылдың 1-сәуірінде қолданысқа берілді. Ресейдің отарлық аймақтарында теміржол құрылысын салу барысында онда еңбек еткен жұмысшы кадр құрамы ең алдымен күйзеліске ұшыраған жергілікті қазақ және осы жұмыс істеуге Ресей мен Украинадан көшіп келген шаруалар есебінен толықты.

1900 жылы Қазақстанда 5-6 мың теміржолшы болса, бірінші орыс төңкерісі кезінде, яғни 1905-1907 жылдары олардың саны 20 мыңға жетті. Ал, 1913 жылы Қазақстанда 23 000-ға, «Қазан төңкерісі» қарсаңында 30 000-ға жетті. Теміржолшылардың 14 000-нан астамы «Орын­бор-Ташкент» теміржолы бойында еңбек етті. Сонымен қатар, еліміздегі теміржол стансаларындағы шеберханалар мен депо жұ­мысшыларының саны 1-2 мың адам болды.

Қазақстан теміржолы желілерінің жұмыс­шы кадрлары негізінен орыс ұлтын, ал жер­гілікті өкілдер саны жұмысшы күштің 20 пайызын құрады.

Қазақ жұмысшылары Қазақстандағы темір жол құрылысына белсене қатысты. Жергілікті халық көбінесе ақшасы аз төленетін, ешқандай біліктілікті қажет етпейтін ауыр жұмыстарға жалданды. Ф.Шербина экспедициялық есте­лігін­де атап өткендей, 1901 жылы Перовск қаласынан шыққан табыс іздеушілер арасында 3033 қара жұмысшы болған, олардың көпшілігі теміржолды жөндеу, вагондарға жүк тиеу жұмыстарын атқарған. 1909 жылы Қазалы уезінде 2472 қара жұмысшы «Орынбор-Ташкент» темір жолының жол жөндеу жұмысына жалданған. Теміржол салуға жалданған жұмыс­шылардың қатары қала кедейлері және теміржолға орналасқан шаруалар толықтырды. Айта кету керек, олар біліктілігі төмен және ақша аз алатын жұмысшылар еді, олар белгілі бір техникалық мамандықты және кәсіби дайындықты керек етпейтін қарапайым жұмыстарды атқарды.

Теміржолдар ірі капиталистік кәсіпорын сияқты өз уақытының жетік технологиясымен жабдықталғандықтан, біліктілігі жоғары жұмысшылар қажет еді, ал олар сол жылдары қазақ елінде мүлдем жоқтың қасы болатын. Сондықтан теміржол саласы кадрларының көп бөлігі орыс жұмысшыларының есебінен толықтырылғаны рас.

1906 жылы «Орынбор-Ташкент» темір­жолы бойындағы тұрғын үйлерде 40 846 адам, ал 1913 жылы 58 000 адам тұрды. Сондай-ақ, ірі теміржол стансаларындағы халық саны сол жылдары бірнеше мыңға, нақты айтқанда, 1916 жылы Орынбор стансасында 9720, Ақтөбеде 3163, Шалқарда 5300, Қазалыда 3600, Перовскіде 1852, Түркістанда 2984 адам тұрды. Сонымен қатар, елімізде салынған теміржол құрылысы оның әлеуметтік-экономикалық өмірін едәуір өзгертті. Темір­жол желілеріне жақын орналасқан аудандарда астық пен мақта, балық пен тұз шаруашылығы жақсы дамыды. Мысалы, Торғай облысының солтүстік аудандарында жылына орташа есеппен 1885 жылы 69 мың десятина жерге егін егілсе, 1900 жылы оның көлемі 182,4 мың десятинаға дейін жетті, бидай жинаудың өнімі артып, көп бөлігі Ресейге экспортталды.

Теміржол Қазақстан мен Орта Азияның өндіруші күштерінің дамуына үлкен серпін берді. Бір ғана Торғай облысының солтүстік уездерінде 1875-1885 жылдар аралығында егіс алқабының көлемі 17 мың десятинадан 65 мың десятинаға дейін өсті. Келесі жылдары егіс көлемі мен одан жиналатын астық көлемі өсумен болды. Егер 1898 жылы 106 976 десятинаға егін егіліп, одан 4978842 пұт астық өндірілсе, 1905 жылы 323330 десятина егілген егіннен 20 631054 пұт астық жиналды.

Елімізде салынған «Орынбор-Ташкент» теміржол желісі Ресейдің, Қазақстан мен Орта Азия елдері нарығын жақындатты. Тауарларды тасымалдаудың уақыты мен бағасы азайды, капитал айналымы жеделдеді, тауар айырбасы кеңейді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазақ халқы жер өңдеу және малшаруашылығының өнімін көптеп өндіруге қызыға бастады. Көшпенділердің отырықшылыққа деген көшу тенденциясы күшейді. Қазақ қоғамында байлар мен кедейлер пайда болды. Бұрын рулық-патриархалдық негізде өмір сүрген қазақ ауылында енді жаңа тап пайда болды. Олардың тек қана бір жылқысы немесе мүлде ештеңесі жоқ еді. Сондықтан олар жан сақтау үшін теміржол желілеріне, өнеркәсіп ошақтарына жинала бастады, Өйткені, бұл жерде жұмыс күшіне деген сұраныс көп еді.

Сол жылдары теміржол саласында нәпақасын тауып жүрген қазақтарға жалақы аз төленді, еңбек және тұрмыстық жағдай тіпті нашар болды. Осындай келеңсіздік нәтижесінде теміржолшылар қанаушылыққа қарсы шықты. 1905-1907 жылдардағы орыс буржуазиялық-демократиялық революциясы Қазақстан теміржолшыларының әлеуметтік-саяси ой-санасын дамытты. Ал, қазақ жерін­дегі жұмысшылар қозғалысы ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарының өзінде-ақ басталып, Ресей еңбекшілерінің патшалық жүйесінің қарсы күресінің құрамдас бөлігі болды. Орынбор, Ақтөбе, Шалқар, Перовск, Түркістан, Арыс, Шымкент және басқа да қалалардағы депода еңбек ететін жұмысшылар ортақ мүдде үшін бас көтерді. Қазақ теміржолшыларының бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы «Орынбор-Ташкент» теміржолының жұмысшыларын мықты ұйымдасқан, аймақ­тағы революциялық қозғалыстың алдыңғы құрамына айналдырды.

Тарихи дәйектерді саралай отырып, 1905-1907 жылдарда болған бірінші бур­жуазиялық-демократиялық төңкеріс қазақ елі­нің теміржолшыларын заман ағымына қалыптасуына әсер етті, тіпті капитализмге қарсы саяси және экономикалық күрестің мектебі болды.
1905-1907 жылдар аралығындағы бірінші буржуазиялық-демократиялық революция тек қазақ теміржолшыларының ғана саяси күресі емес, жергілікті қазақ халқының ой-санасының оянуына қозғау болды.

Ерсін ТОҚТАРОВ,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің аға ғылыми
қызметкері.
05 желтоқсан 2018 ж. 4 370 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031