» » Қарыз қамытынан қайтсек құтыламыз?

Қарыз қамытынан қайтсек құтыламыз?

Қазір құндылықтар өзгерген заман. Қысылтаяң шақта қаражат іздеген пенденің бір ғана жанашыры бар. Ол – банк. Нарық заңдылығы шығар, күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешу әлемдік тенденцияға айналып кеткеніне біршама уақыт болды. Соңғы кездері ел азаматтарының екінші деңгейлі банктерден алған қарызы ұлғая түскен.

Рас, біздің елде қарызға өмір сүру үйреншікті жағдайға айналып кеткені соншалық, экономикалық белсенді қауымның 80%-ның басында бір, екі, тіпті үш несиесі бар. Республикада 18-65 жас аралығындағы азаматтардың 77%-ы банк алдында борышкер. Бұл пайызбен алғандағы көрсеткіш. Ал санмен есептер болсақ, 8 млн азаматтың 18 трлн теңге шамасында қарызы бар. Қарызға неге құмарттық? Азаматтардың қаржылық жүктемесін қалай азайтуға болады? 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енетін несие мен қаржыға қатысты заң бұл мәселені қалай шешпек? Саралап көрсек.

Жұрт несиені не үшін алады?
Иә, халықтың қалтасындағы ақшаның дені қарыз екенін әркім біледі. Банктерден берілетін «жеңілдетілген несиелердің» қызығын көреміз деп шыжығына шыжғырылып жүргендер аз емес. Әрбірден соң шаңырағы шайқалып, ағайынның арасы бұзылып, өмір сүруден баз кешкендер де толып жүр айналамызда. Бірі – туысымыз, бірі – танысымыз, енді бірі – жекжатымыз. Несиені әркім өз кәдесіне жаратқысы келеді. Біреуі – баспанаға, екіншісі – бизнеске дегендей, ал келесі бірі – көлік тізгіндеуге жұмсайды. Қош. Біздегі банктердің адамның күнкөріс көзін сүліктей соруға негізделген жүйесін көбіміздің түсіне бермейтініміз өкінішті.

Тұтынушылық несиенің жайы белгілі. Теледидар, тоңазытқыш, электр плитасы, телефон, үтік, шәйнек сияқты күнделікті өмірде қажетті тұрмыстық заттар. Оның бірде-бірі республика аумағында шығарылмайды, бәрі шетелден тасымалданады. Сондықтан да бағасы қымбат. Ал енді біріне баспана қажет. Үй алу үшін ипотекамен несие рәсімдейді.

Енді осы екі мұқтаждыққа таза «ұлттық» факторды қосыңыз: қазақ жағдайы қаншалықты мүшкіл бола тұрса да (жұрттан қалмас үшін), балаларының үйлену тойы үшін банктен қыруар қарыз алады.

Бүгінде елдегі екінші деңгейлі банктердің несиелік портфелінің 30%-ы проблемалы деп танылған. Демек, көпшілік алған несиелерін уақтылы өтей алмай жатыр. Оған борышкерлердің бірінің жалақысының жеткіліксіздігі себеп болса, енді біреулерінің табыс табарлық жұмысы жоқ. Осыдан қиналған адам қандай шешім табады? Әрине, тағы да қарызға кіру. Бір несиені екінші несиемен жабу үшін банктерден қарыз алуға тағы кезекке тұрады. Тығырыққа тығылған жұрт несиеден құтыламын деп бұрынғыдан бетер берешекке бата түседі.

Қарыз жазатын «қара дәптер»
Қазірде азық-түлік қымбат. Тұрғындардың да, әлеуметтік желідегі жұрттың да айтатын әңгімесі – осы. Ал дүкен иелері «қарыз дәптерінің» қалыңдап бара жатқанын айтады. Иә, қазірде үлкенді-кішілі азық-түлік дүкенінің көпшілігінде елдің қарызын жазып қоятын «қара дәптер» бар. Дүкеншіге көзтаныс болып қалған келушілер ақшасы жоқ болса, «қара дәптерге» қарызын жаздырып, қажетін ала береді. Дүкеншіге тауарының қарызға болса да өткені керек, ақшадан қысылған жанға жаздырып болса да тамақ алып ішуі керек.

Қандай өзгерістер бар?
Биыл 19 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту туралы заңға қол қойған еді.  Сонымен не өзгереді?

Берешегін 90 күннен кешіктіріп жүргендерге кепілсіз несие беруге тыйым салынады. Әрі несиесі бар жігіттер Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде және демобилизациядан кейін 2 ай бойы қарызына өсімпұл есептелмейді.

Қазір азаматтар несиесін төлемей жүрсе, банктер бас қатырмайды. Коллекторлық агенттіктерге бере салады. Олар кейін клиенттен қарызды артығымен өндіріп алып жатады. Енді мұндайға жол жоқ.

Азаматтардың қарызын 2026 жылдың мамырына дейін коллекторларға беруге тыйым салынды. Ал одан кейін қалай болады? Коллекторларға несиені беру тәртібі қатаяды. Тұтынушы несиесін 24 ай бойы төлемеген болып, оның берешегіне оңтайландыру жүргізілген болуы тиіс. Егер ол да көмектеспесе, коллекторларға беруге рұқсат.

Несие алу үшін жұбайыңның келісімі керек
ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының келісімін және банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін алу қағидаларын бекітті.
Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген 100 АЕК көлемінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің (қайта қаржыландырылуға тиіс қарыздарды қоспағанда) ең төменгі мөлшері бекітіледі.

Жеке тұлғаға кредит берілгенге дейін кредитор уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы клиенттің тіркелген некесінің бар-жоғы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюролардан АЖ-да бар ақпаратты алады.

Айта кетейік, егер банк клиенттен жұбайының (зайыбының) келісімін алуға міндетті болса, бірақ олай етпесе, ол несиені есептен шығаруы керек. Бұл норма 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілуде.

Сондай-ақ 20 тамыздан бастап биометриялық идентификациядан өтпеген клиентке электронды банк кредиті мен онлайн микрокредит беруге тыйым салынды.

Тұрғындар заңсыз алған несиені төлемейді
1 қыркүйектен бастап қазақстандықтар заңсыз берілген несиелерін есептен шығаруды бастайды. Әңгіме алаяқтардың eGov жүйесінде орнатылған тыйымды айналып өтіп, өз мойнына алған қарыздары туралы болып отыр. Мемлекет енді азаматтарын алаяқтық операциялардан қорғауға тырысады. Қылмыскерлер қандай да бір жолмен несие алып үлгерсе, несие бергендер жауапқа тартылады.
Айта кетейік, ақпан айынан бастап қазақстандықтар несие алудан өз еркімен бас тарта алады. Лимитті электронды үкімет порталында және eGov мобильді қосымшасында орнатуға болады. Жеті айдың ішінде 400 мыңнан астам азаматқа банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым салынды.

Кредитті есептен шығарудың жаңа нормасы іске қосылады
Елімізде несиеден өз еркімен бас тарту құқығы биылғы жылы ақпанда енгізілді. «Енді заңға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап азаматтар кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеп, бірақ банк несие рәсімдеген болса борышты есептен шығару міндетті», – делінген хабарламада.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, несие алаяқтық жолмен рәсімделген болса азамат банк омбудсменіне барып арыз жазып, несиенің алаяқтық жолмен алынғанын дәлелдеуі керек. Егер ол несиені алаяқтар алғанын дәлелдеген жағдайда сот шешімі шыққанша кредиттің өсімі мен төлемі уақытша тоқтайды. Сот шешімінен кейін кімнің кінәлі екені белгілі болады.
 
Түйін
Сарапшылар қазақстандықтар табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсайтын азаматтардың, тұрмыстық қажеттіліктеріне де қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартады. Бүгінде техниканы былай қойып, тістің өзін бөліп төлеуге емдететін қоғам қалыптасты. Табысы тұрақты болып несие алса құба-құп. Барлық мәселе сол жұмыс орнынан айырылған жағдайда басталады. Қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған халық микроқаржылық ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Қорыта айтқанда, салдарымен күрескенше, себебін жоюға күш салған абзал.

Қазақ «қарыз алдың – қайғы алдың» деп бекер айтпаған. Қазір біреу «несием жоқ» десе, оған таңырқай қарап, «неткен бақытты адамсыз» деп жатамыз. Расымен басында қарызы жоқ адам бақытты адамдай көрінеді бізге.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 қыркүйек 2024 ж. 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031