» » Перзентхана алдындағы даңғазалық: біреуге қуаныш, біреуге мұң

Перзентхана алдындағы даңғазалық: біреуге қуаныш, біреуге мұң


Әрбір отбасының үйі жаңа жанмен толығып, өмірге сәбидің келуі – орны бөлек қуаныш. Ананың перзентімен қауышып, қол аяғын бауырына алуы – ең үлкен нығмет. Алайда отанасының 9 ай 9 күн бойы құрсағыңда көтерген нәрестесін дүниеге әкелуін думандатып, дүркіретіп атап өтетіндер көбейді. Тіпті шоуға айналдырғандары да көп. Қымбат көлік, аста төк думан жастар арасында бәсекеге айналып бара жатқандай. Бұл туралы екіұдай пікір қалыптасқан. Бір жақ әйеліңе құрмет көрсеткеннің әбестігі жоқ десе, өзгелері мұның бәрі бос мақтан, дарақылық деген пікірді ұстанады. Одан бөлек перзентхана ішіндегі әлем бар. Дәрігерлер де даңғазаны құптамайды. Саралап көрсек.
Ел не дейді?
Мақаламызды жазбас бұрын бәріміз жиі қолданатын әлеуметтік желіге сұрау салудан бастадым. Көпшілік үшін ортақ тақырып болғандықтан ба, жауаптар да көп күттірмеді. Алғашқы жауап жас әкеден келді.
– Қазір барлығы көлікті безендіріп, қуанышпен, көлік шеруімен алып шығып жатады. Менің өз ойымша, қуаныш қой. Қуанып алып шықпағанда қалай алып шығамыз енді? Жақсы ғой, қолдаймын өз басым, – дейді Арнұр есімді жас әке.
 Содан соң, жолдасынан осындай тосын сый көрген келіншек пікір білдіріпті. Ол бір жыл өтсе де сол кездегі қуанышты сезімім, толқыған сәтім есімнен кетер емес дейді. «Перзентханадан шыққандағы әсерім, шынымды айтсам, өте күшті болды. Перзентханадан шыққан кезде барлығы маған қарап, домбыра, баянмен әндетіп тұр. Аниматорлар да келіпті. Лимузин мен геленвагенді көрген кезімде таң қалдым. Күйеуіме үлкен алғысымды білдіремін» дейді екі перзенттің анасы Айсұлу Жаңабайқызы.
  Оқырманымыз айтқандай, лимузин, аниматор, гүл, шар, көлікке арналған жапсырма, әнші-күйшілеріңіз бүгінде арзан тұрмайды. Сондықтан орта жастан асқан апаларымыз мұндай шоудың бәсекеге айналмағанын қалайды.
– Қазір перзентханадан шығарудың өзі сәнге айналып барады. Біреуі лимузинмен алып шықса, екіншісі де одан қалғысы келмейді. Әр нәрсенің бір шегі болу керек қой. Өмірге қыз болып келіп, келіншек атанған соң, Алла бұйыртса сәбилі болу парыз ғой. Мұндай табиғи процесті сенсацияға балаудың қажеті жоқ. Ұрпақ жалғастыру, оған лайықты түрде тәрбие беру онсыз да нәзікжандылардың басты миссиясы. Біздің кезімізде дәл қазіргідей астамшылық болған жоқ. Перзентханадан аман-есен шыққанымызға қуанатынбыз. Кейбір кезде жолдасым жұмыста болатын. Ондайда енем немесе абысындарыммен үйге келе беретінбіз, – дейді көпбалалы Мариямкүл ана.
Дәстүрді діңгек етсек
Қазақ әуелден жаңа туған нәрестені сырттың көзінен көлегейлеп, 40 күннен соң ғана қалжа тойы мен шілдеханасын жасаған. Осы аралықта жас ана да толықтай аяқ-қолын бауырына алып, шарана да ширап үлгереді деген. Сондықтан болар, дәстүрді берік ұстанатындар отбасылық мерекені шоуға айналдыру қате деп есептейді.
Қазақ жаңа босанған келін күтіміне ерекше мән берген. Әсіресе, алғашқы қырық күнге аса қамқорлық танытқан. Өйткені, қырық күн өткенше жаңа туған шақалақ та, анасы да әлсіз болады. Буын-буыны босайды, алпыс екі тамырынан қан кетеді, әлсірейді деп сенген. Сондықтан әйелге қалжырағанын басады деп қалжа сойып береді. Қазақта «Әйел қалжадан ұлғаяды, ер олжадан марқаяды» деген сөз содан қалған.
Қырық күнге дейін жаңа туған сәби де, әйел де әлсіз, дәрменсіз болады. Қан кеткен соң денесі әлсірейді, көңіл-күйі түсіп, буын-буыны құритын болады. Бастапқы қырық күнде күтімін жақсартып, сорпа-сулап күтеді. Қырық күнгі шілде тері шықпаса, әйелде желік ауруы пайда болады деп санаған. Екінші бала көтере алмай қалуы мүмкін деп болжаған.
Әр күні жас ананың тәбеті тартқан, сүйікті тағамдарын дайындайтын болған. Бұл қазақтың дәстүрінде ерекше орын алған салт. Қырық күндік күтімде жүрген әйелді таңда, кешке сыртқа жалғыз жібермейтін болған. Ауыр нәрсе көтерткізбеген. Жұмысқа салмай, көңіліне келетін сөз айтпай, қас-қабағын баққан. Әйелдің денсаулығы жақсы болса, баланың денсаулығы жақсы болады деген.
Қой етінен сорпа дайындап, бидай қуырып беретін болған. Бидай омырау сүтін көбейтеді, құнарлы қылады деп сенген. Сондықтан әйелдің барлық түнгі, күндізгі күтімдерін ата-енесі, жолдасы мойындарына алған.
Бұдан бөлек, босанып, буыны бекіп үлгермеген әйелді қараңғы үйге жатқызбаған. Түнде қорқып, шошып қалса, омырау сүті тартылып кетеді деп ойлаған. Қырық күн өткен соң әйел қол-аяғын бауырына алып құлақтанады, осы уақыт аралығында өзіне келеді деп сенген.Сол үшін босанғаннан кейінгі алғашқы қырықкүнді қауіпті, қатерлі күн санаған.
 
Дәрігер қауым ескертеді, десе де...
 Мұндай думанды шоуға дәрігерлер де қарсы. Мәселен облыстық перинаталдық орталықтағы есіктің кіре берісінде кез келген адам көретіндей үндеу жазылған. Тіпті орталық әлеуметтік желідегі парақшасына «Облыстық перинаталдық орталығында қаншама аналар мен нәрестелер жатыр, оның ішінде ауыр жағдайдағы аналар мен нәрестелер, жұмыс істейтін мекеме қызметкерлеріне де кедергі келтіруде. Сіздерден өтініп сұрайтынымыз, нәрестеңізді үйге шығару кезінде жоғарыда айтылғандай той-думан ұйымдастырмай, перинаталды орталық жұмысына кедергі жасамасаңыздар екен» деп жиі жариялап та отырады.
 Орталық қызметкерлері тұрғындар айтқан сөзімізді құлақтарына қыстырмайды дейді. Заңда қандай да бір шектеу қою туралы жазылмаған. Заңда шектеу болмағандықтан перинаталды орталық қызметкерлерінде халықтан өтініп сұраудан басқа амалы жоқ.
 Күн сайын мұнда қаншама сәби дүние есігін ашады. Ал сәбилі болған отбасылар қуанышын атап өтуді орталық алдында бастап, тойдағыдай у-шу, би, шоу бағдарламалар, түрлі аниматорлық кейіпкерлермен келіп қымбат көліктер легімен зорға дегенде аттанатын сәті күн сайын болатын қалыпты құбылысқа айналған. Әрі еріп келген ағайын-туыс, дос-жарандар санында есеп жоқ. Ескертілсе де естір құлақ жоқ.
– Әр нәрсенің шегі болуы керек. Перзентхананың алдында той-думан ұйымдастырмай, үйге шығаруға 2-3 жақын адам ғана келіп, жылдың төрт мезгілінде болатын  ыстық пен суықтың, желдің жайсыз әсерінен ана мен баланы сақтап, аман-есен мекеніне жеткізіп, қуанышты өз шаңырағыңызда тойласаңыз біз үшін сол пайдалы болар еді, – дейді орталық қызметкерлері.
Перзентхана ішіндегі өмір

 Перзентхана алдындағы думанды түсіндік. Сәбилі болғанына қуанған әке мен ағайын. Ал іште ше? Ол бөлек әлем. Мұнда сан тағдыр. Толғағымен алысып, өмір мен өлім ортасында жанталасқан ана, шала өмірге келіп жүрегі әлсіз ғана соғып тұрған сәби, ауыр босануды бастан өткеріп жансақтау бөлімінде жатқан ана. Жұмысы тыныштықты қажет ететін дәрігерлер. Себебі мұндағы ақ халаттылар бір емес, екі адамның өміріне жауапты. Осындайда өмір есігін ашар-ашпастан сәбиі періште болып қайта ұшқан ананың мұндай сәтте көңілі қандай болатынын елестетіп көрдіңіз бе?
 Бұл жайтқа өмір ағынымен өзім де куә болғанмын. Мерзімінен ерте туылған сәбиім жансақтау бөлімінде. Ал мен балалы келіншектердің қасындамын. Белгіленген сағат бойынша ғана балапанымды көруге рұқсат бар. Уақыт бір орында тұралап қалғандай көрінетін сол кезде. Күнделікті сағат 14.00 болғанда думан басталатын. Терезе жабық болғанымен барлығы анық естіледі. «Бізге де осындай күн бұйырса екен» деп терезедегі көңілді көрініске қызыға қарағанымызбен, шарасыз халіміз еске түскенде көз жасымызды сығымдап алатынбыз.
  Расында бұл медициналық мекеме. Мұндағы әрбір босану қуанышпен аяқтала бермейтіні тағы бар. Бір ана сәбиін құшағына алып қуанып жатса, кейбір ана мен бала жансақтау бөлімінде өмір үшін күресуде. Әсіресе, 500-700 грамм салмақпен дүние есігін ашып, 2-3 ай бойы арнайы құрылғыда оңалтудан өтіп жатқан сәбилерге аса қажетті тыныштық бұзылады. Музыка үнінің дауыс күшейткіші арқылы қатты шығуы сәбиге де, жас анаға да пайдалы дүние емес.
  Сол уақытта да дәрігерлер қауымы ескертуден жалыққан емес. «Думандатуға рұқсат жоқ» деп шырылдаған күзетшіні де көзбен көрдік. Осындайда терең пайымдамай, тек бергі жағын ғана көретініміз ойлантады.
Өзге елде бәрі өзгеше
 Шетелдіктерді қарасаңыз күйеуі ғана келіп, у-шусыз келіншегі мен кішкентайын үйіне алып кетіп жатады. Тіпті көршілес Өзбекстанда сәбилерді перзентханадан сән-салтанатпен шығаруға тыйым салынған. Өйткені елдің Денсаулық сақтау министрлігі нәрестенің жарық дүниеге келуін даңғазамен атап өту баланың да, оның анасының да денсаулығына кері әсерін тигізеді деп есептейді. Бала дүниеге келген кезде орын алатын жөн-жосықсыз жоралғылардың алдын алу үшін ведомство арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Олар үйлену тойын немесе басқа да шараларды өткізу – бұл жеке бастың ғана ісі емес, ол әлеуметке және барлық қоғамға да қатысты дүние деп есептейді. Мұнысы, құптарлық. Себебі мұндай шаралар отбасылық саналғанымен, бүкіл қоғамға, адамдардың өміріне де әсерін тигізеді. Мемлекет бекіткен тыйымға сай тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
 Әлеуметтік желіден байқағанымыздай, олар талапқа бағынған, тыйымға көнген. Перзентхана алдында емес, өз шаңырағында думандатады. Яғни әнші-күйшісі де, түрлі кейіпкерлері де, шар-гүлмен безендірілуі де өз шаңырағында. Жас босанған ананы көліктен түсіріп, қызыл кілем жайып құрметпен күтіп алып жатқандары да бар. Бізге де көршілес ағайыннан осыны үйрену керек секілді.
Бәсекеге айналған даңғаза
 Бос мақтангершілік пен даңғаза – бүгінгі өмірдің айқын көрінісі болып тұр. Асыра мақтангершілік адамды тура жолдан тайдырады. Бай туысымен, бастық күйеу баласымен, миллионер құдасымен, алған көлігімен, өзінде ештеңесі болмаса да айдаладағы біреумен мақтана беретін бізге бос мақтанудың дарақылық екенін ұқтыра алмай тұр. Адамзатқа өмірлік бағдаршам берген ұлы Абайдың өзі мақтангершілік, ысырапшылдық кеселдерден аулақ бол деп кеткен жоқ па?
 Ал біз даңғазалықтан арыла алмай келеміз. Жуырда желіде тараған видеода еліміздегі перзентханалардың бірінен сәбиді шығарып алу салтанатына куә болған жұрт таңданысын жасыра алмады. Нәрестелі болған әкенің ұйымдастырған «шоуына» желі қолданушыларының бірі сүйсінсе, енді бірі сынға алды. Видеодан перзентхана есігінің алдына қызыл кілем жайылып, екі жағында бірдей киім киген биші қыздардың тізіліп тұрғанын көруге болады. Келіншегінің аман-есен босанғанына қатты қуанған әке көздің жауын алатын отшашуға да тапсырыс беріпті. Сәби мен анасын қуыршақтар кейпіне енген аниматорлар қарсы алады. Көпшілікті ерекше таңғалдырғаны – перзентхана есігінің алдына келген үлкен экскаватор көлігі. Салтанатқа арнайы шақырылған әнші көліктің шөмішіне шығып, биіктен ән шырқайды. Көпшіліктің қызу талқысына түскен келесі бір видеода 10 көліктен құралған кортежді салт аттылар бастайды. Ал сәби мен оның анасы мінетін басты көліктің сыртына күйеуі әйеліне көптен бергі арманы – ұл сыйлағаны үшін алғысын жазған. Ел алдында жүрген өнер жұлдыздары да сәбилерін перзентханадан сән-салтанатпен шығарғанды құп көреді. Телеарна тілшілерін шақырып, қуаныштарын жалпақ жұртқа жариялағысы келетіндер де аз емес.
 Осындайда сырт көзге мақтанамыз деп, керісінше абыройдан айырылып жатқан жоқпыз ба? Бес күн жейтін асты бір күнде тауысып, перзентхана алдына спирттік ішімдіктер апарып, тойлау, дабырайту – әбестік. Жоғарыдағы жағдайды былай қойғанда кейбір аналардың қымбат көлікпен, аниматорлармен шығуға жағдайы жоқ. Бірінің тіпті отағасы да өмірде болмауы мүмкін. Көңілге кірбің келтірер осындай тұстарды ескерсек екен.
 Осыған орай бір оқырманымның мына бір ойы орынды секілді. «Бақыт тыныштықты сүйеді. Баяғыда қанша баламыз бар екенін жасырып қоюшы едік. Тіл бар, көз бар, сөз бар дегендей. Перзентхана алдында тойлатқанымен қоймай, бүгінгі жастар ғаламторға да балаларының бет-жүзін, санын көрсетіп сала беретін болыпты. Мейлі, қазір ХХІ ғасыр. Түсінеміз. Қуанышқа ортақпыз. Бірақ даңғаза ету, жариялылық не керек? Көптен күткен қуанышы болса әркім өз ауласында тойласын. Қошеметті үйде жасаңыздар» деген пікір қалдырыпты Ақлима есімді ақжаулықты ана.
Түйін

   Әуелден сәбиін мәпелеп, анасын ардақтайтын ұлттың ұрпағымыз ғой. Жаңа туған сәбидің перзентханадан шығып, әкесімен, туған-туыстарымен қауышуы да ұмытылмас оқиға. Десе де, отбасылық мерекені қалың көпшіліктің назарына ілігетін той-думанға ұластыру, үйде тойланатын шаттықты перзентханада, көшеде даңғазалату – қазақтың әдет-ғұрпына жат дәстүр. Алайда жаңа заманның ағымына ілескен бүгінгі жастар үшін қуанышты у-шусыз өткізу, сәби сыйлаған келіншегін перзентханадан «құрмет-қошеметсіз» шығару көш соңында қалып қоюмен бірдей. Бұл түсінікпен қайда барамыз? Саралап түсіндіргендей сыңай таныттық. Ендігі ерік өзіңізде ойлы оқырман.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

18 тамыз 2024 ж. 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930