» » «Гендер пати» тойлап көрдіңіз бе?

«Гендер пати» тойлап көрдіңіз бе?


Соңғы кездері салт-дәстүріміз түрленіп, жаңаша бағыт алып бара жатыр. Бұл көңілге кірбің ұялатып, ұлттық ұстанымдардың санадан өшіп жатқанын еске түсіреді. Жастар арасындағы кең қолданысқа ие, әлеуметтік желіде көпшілік қызыға қарайтын жаңаша салттың бірі – «гендер пати». Қазақшаласақ, құрсақтағы баланың жынысын көпшілікке жариялау.  Өкініштісі, батыстан келген жат дәстүр бүгінде қазақ қоғамына көзге үйреншікті, құлаққа сіңісті болып бара жатқаны.
Өмірге ұрпақтың келуі зор қуаныш, әрине. Десе де, осыбір жаңа салттың атадан қалған дәстүрімізге, ұстанымдарымызға мүлдем кереғар екенін түсінсек, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай мәнсіз тойлау азаяр еді. Жастардың ұғымында бұл қуанышты тойлаудың еш әбестігі жоқ шығар. Ал үлкендер қауымы мұны құп көрмейді. Ата салтын ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған ақжаулықтылар «келін үшін біз ұяламыз» дейді.
– Бұрын көпті көрген, алтын құрсақты аналарымыз, әжелеріміз келінінің жүкті болғанын сезсе де, оны жалпақ жұртқа жария етіп, сүйіншілемеген. Бала құрсаққа әбден орнығып алғанша ешкімге тіс жармаған. Сұрай қалған жандарға астарлап жүкті болған жас келінді ұялмасын деп және тіл-көздің сұғынан сақтауды ырымдап «күмәнді», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтқан. Қазақы дәстүрмен үш айға дейін құрсағын сырт көзден жасырып ұстауы тиіс келіндер қазір іші білінер-білінбестен «гендер пати» тойын дүрілдетіп өткізуде. Бұл көңілге қонымсыз. Ол баланың өмірге келу-келмеуі де неғайбыл. Өмірге ұрпақ әкелуші жүкті ана керісінше перзентінің саулығын, амандығын ойласа, көптің көзінен сақтанып жүруі тиіс емес пе еді?! Келініне жөнін айтып, сақтандырып отыратын енелердің де қалмағаны ма деп күйінемін кейде. Бұрын ішімізді жарқыратып суретке түспек түгілі, ата-енемізден ұялып кең көйлек киюге тырысатынбыз, – дейді кент тұрғыны.
Қазақы салтымыз бойынша мұндай жоралғыға арналған «Құрсақ шашу» деген әдемі дәстүріміз бар. Мұнда да кәдімгідей мереке, басқосу болады. Бірақ ер азаматтардың қатысуынсыз, жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып, бұл тойды атап өтеді. Сауық-сайран құрып, ән айтылып, би де биленеді. Келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына ниет білдіріп, ақжарма тілектерін арнайды. Қазіргі мағынасыз той-тойлаудан гөрі, осындай ата дәстүрімізді жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Ал бұл жаңаша салттың қалай тойланатынын айта кетсек. Ультрадыбыстық зерттеуден соң, баланың жынысын басқаларға түрлі жолдармен сүйіншілеп жеткізеді. Оны торттың түсі немесе шар жару, қорапқа жасырылған болашақ сәбидің киімдері, лед экранға қызыл немесе көк түсті беру арқылы хабарлайды. «Қызыл» түс қыз баланы білдірсе, «көк» ұл балаларға тиісті.
Қарап отырсақ, құрсақтағы сәбидің  «қыз» немесе «ұл» болуы бір Аллаға аян. Тіпті жоғары дәрежелі ультрадыбыстық зерттеу де қателесуі мүмкін. Ал жынысын білгеннен кейін не өзгермек? Сондықтан да бұл салтты тойлаудың еш мәні жоқ секілді.
Біздің өңірдегі «жаңаша салттың» тойлануы қай деңгейде екенін білмекке, тапсырысқа торт пісіретін кондитерлермен сөйлестік.
– Мұндай торттарға сұраныс бар. Көп жағдайда жас жұбайлардың достары, аға-жеңгелері мен қайынсіңлілері тапсырыс беріп жатады. Олар ультрадыбыстық зерттеуге жүкті келіншекпен бірге барып, дәрігерге жынысын айтпауды өтінеді. Оны болашақ анадан да жасырып, торт арқылы тосын сый жасап жатады. Мұны отбасылық деңгейде өткізсе, ешқандай әбестік жоқ, – дейді тәтті пісірушілер.
Иә, халқымыздың «тал бесіктен, жер бесікке» дейінгі ғұмыры салт-дәстүрмен тізбектелгені белгілі. Десек те, дәстүрлі бұрмаламай, өзгеден келген дәстүрді санаға сіңдірмей, дұрыс дәріптеп кейінгіге жеткізе білген жөн. Қазіргі қоғамға «гендер пати» емес, атадан қалған «құрсақ шашуды» хит қылған жөн-ау.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
15 маусым 2021 ж. 973 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930