» » АРДА ТУҒАН АЗАМАТ

АРДА ТУҒАН АЗАМАТ

Халқымызда елге еңбегі сіңген тұлғаларға қатысты айтылатын нақыл сөз көп. Оның ішінде «Жақсы ісімен мың жасайды», «Бір кісі мың кісіге олжа салар» деген нақыл, одан кейін «біртуар азамат» деген тіркес сол тұғырлы болған тұлғалардың таңдаулысына ғана тән. Сөйлеген сөзі мен жасаған ісі үйлесіп, «ел» дегенде ет жүрегі елжіреп, кейінгілерге үлгі-өнегесін көрсететін жақсы мен жайсаң жан-жағына үнемі шуағын шашып жүреді. Сөйте тұра, халыққа қалтқысыз қызмет қылып, ыстық ықыласқа бөленері хақ. Өз ісінде әділдік, шынайылық, тазалық, адалдық секілді қасиеттерді бойтұмар етіп, әлеует пен әлеуметті ойлаған тұлғаның есімі ел жадында мәңгі сақталады және оның өнегесі ұрпақтар сабақтастығына айналмақ.
Осындай жанның бірі – ел үшін еңбек етіп, ұрпағына тәлімді тәрбие қалдырған Қуаныш Жәнібеков. Ол Ақтөбе ауылында 1924 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ата-анасы революцияға дейін және революциядан кейін шаруашылықпен айналысқан. Әкесі Жылқыбай 1932 жылы ұзақ науқастан кейін дүниеден өткен. Анасы Қармақшыдағы балалар үйіне өткізіп, артынша ол да бұл өмірмен қош айтысқан. Тағдыр жолы тақтайдай тегіс болмаған ағамыз 1932 жылдан 1937 жылға дейін Қармақшыдағы және Қазалыдағы балалар үйлерінде тәрбиеленеді. 1937 жылдың бас кезінде, осы кездегі Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен стансасындағы жездесі Байнахат Жәнібековтің қолына келіп, 1942 жылға дейін осы кісінің қарауында болады.
1931-1941 жылдары орта білім алып, алғашқы еңбек жолын Ташкент темір жолының Қызылорда бөлімшесінде есепші болып бастайды. Осында қызмет етіп жүрген уақытында әскер қатарына шақырып, Отан алдындағы борышын өтейді. 1944 жылы әскер қатарынан келгеннен кейін Жалағаш ауданындағы Қаракеткен стансасында пошта меңгерушісі, кейіннен Жалағаш ауданының финанс бөліміне аға бюджеттік инспектор қызметін атқарған. 1946-1953 жылдары облыстың ақша бөлімінің бұйрығы бойынша КСРО финанс Министрлігі бақылау-тексеру басқармасының Қызылорда облысындағы филиалына бас бақылау-тексерушісі, КСРО финанс Министрлігі бақылау-тексеру басқармасының Қармақшы аудандық бақылау-тексерушісі, Қармақшы аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы, Еңбекшілер депутаттары Қармақшы аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1954 жылы тамызда Қармақшы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының аға инспекторы, Орынбор теміржолының ОРСА-12 асханасының басшысы, 1956 жылы Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің шешімімен Жосалы ауылындағы теміржол мейрамханасының директоры қызметтерін абыроймен атқарады.
Өмірі қызмет жолымен өрілген ол қай қызметте жүрсе де адалдықтан айнымаған. Содан болар, сан түрлі қызмет белесінен өткен. Мәселен, 1956 жылы мамырда КСРО ҚФ ҚРУ-ның Қызылорда облысы бойынша бас бақылаушы-инспекторының шақыруымен Қызылорда қаласындағы ҚРУ облыс бойынша бас бақылаушы-инспекторы болса, 1957-1959 жылдары Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитетінің сауда инспекторы, 1959-1961 жылдары Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің шешімімен базар директоры, 1961-1983 жылдары Қазақ КСР Қаржы министрлігі ҚРУ-ның Қызылорда облысы бойынша аға бақылаушы-ревизоры қызметін атқарған.
Мектеп бітіре салып еңбекке ерте араласқанымен Семей қаласының қаржы-экономикалық колледжінде «Мемлекеттік бюджет» мамандығын меңгерсе, Семей, Ленинград қалаларында бірнеше рет ҚРУ контроллерлері мен аудиторларын қайта даярлау курстарынан өткен. Қызмет ете жүріп үздіксіз білім алуды да жолға қойған.
Атам қазақ «Жақсы жар – азаматтың бақыты» деп бекер айтпаған. Азаматтың бақытты болуы, басына қонған бағының баянды болуы әйеліне тікелей байланысты десек, Ұлжан Майлыбаевамен тұз-дәмі жарасып, отбасын құрады. Көпбалалы отбасы атанып, «Батыр ана», «Алтын алқа» төсбелгісін тағынған. Балаларының бәрін оқытып, жоғары білім беріп, тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған. Бұл ретте әке жолын жалғаған қызы Светлана ата-анасы туралы мынадай естелікпен бөлісті.
– Әкемнің мінезіндегі ерекшеліктерінің бірі оның мейірімділігінде еді. Оның атқарған қызметі мен мейірімділік қасиет үйлесе қоймаса да ол өз мінезінен танбады. Еліне деген махаббаты ерекше еді. Әкемді нағыз патриот жан деуге болады. Сондай-ақ ол өтірікті жаны сүймейтін. Анам екеуі бізге нағыз отбасының үлгісін көрсетті. Сырттай тұйық көрінетін әкем біз үшін көңілді де қамқор әке, ардақты жар бола білді. Бала күнімнен мен де қаржы саласына жақын болдым. Оның қасында жүріп кейбір қағаздарына көмегім тисе қатты қуанатын едім. Елді сүюді, ұлттық салт-дәстүрімізді ұстануды, үлкенді құрмет тұтып, кішіге ізет көрсетудің үлгісін көрсеткен жан ортамызда болғанда биыл 100 жасқа толатын еді. Әріптестері арасында да абыройлы болып, білгенін өзінен кейінгіге үйрете білгенін әріптестері әлі де айтады. Әкемізге бізді жауапты, тәртіпті, білімге құштар етіп өсіргені үшін алғысымыз шексіз. Біз ата-анамызбен мақтанамыз және оларды үлгі тұтамыз, – дейді қызы Светлана Қуанышқызы.
Ал інісі Ибрагим Алтаев ағасының қызметіне де, отбасына да, ағайын арасында да адалдық танытқан жан екенін айтады.
– Қуаныш ағам білікті маман, принципшіл, өз ісіне адал азамат болған. Облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылық қызметіне ревизиялар мен тексерулер жүргізу, штаттық және бюджеттік тәртіптің сақталуының, облыстың және жекелеген аудандардың қаржы жүйесін дамытуға елеулі үлес қосты. Әкем екеуі әрдайым бірге жүретін. Сондай бір сабырлы жан еді. Дауыс көтеріп сөйлемесе де, ұтымды сөйлеп, сөзін өткізе алатын. Бізге әрбір адам елге адал қызмет етуі керек дегенді ұғындыратын. Тек тура жолға бас тайтын өнегелі әңгімелері, қолынан кітабы түспейтін бейнесі әлі жадымда. Өкініштісі ұл-қыздарының жапырақ жайғанын көрмей өмірден ерте озғаны, – дейді ағасын ардақ тұтқан інісі Ибрагим.
Абзал азаматтың елдің мұрат-мүддесі жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте КСРО Қаржы министрлігінің және Қазақ КСР Қаржы министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, Қазақ КСР Қаржы министрлігі Қызылорда облыстық қаржы басқармасының Құрмет кітабына енгізілген. Одан бөлек Қызылорда облысының қаржы органдарында ұзақ мерзімді және мінсіз жұмыс істегені және жоғары нәтиже көрсеткіштері үшін Құрмет грамотасымен марапатталып, мәртебесі асқақтаған.
Бүгінде Қуаныш Жылқыбайұлының ұрпақтары әр салада табысты еңбек етуде. Оның ішінде ата, әке жолын жалғап бұл саланы таңдағандары да бар. Қызы – Светлана Қуанышқызы ҚР Қаржы министрлігінің ардагері атанса, қаржы саласының үздігі атанған немересі Ләззат Майлыбаева ҚР Қаржы министрлігінің басқарма басшысы болып еңбек етеді.
Қуаныш Жылқыбайұлы – Сыр елінің ардақты ұлы, қазақ халқының тарихында елеулі орын алатын тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, артына ұмытылмас із қалдырған азаматтардың бірі. Сыр топырағында дүниеге келіп, бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған тұлға, атпал азаматты еліміз әрқашан мақтан тұтады. Артында ердің еңбегін бағалайтын елі барда, ізін жалғастыратын ұрпағы барда «Жақсының аты өшпейді» деген осы болар.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 тамыз 2024 ж. 550 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031