» » Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық

Адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Ол кез келген нәрседен көрініс табады. Мысалы, отбасыңа, мамандығыңа, туған жерге, сүйген жанға және деп санамалап кете беруге болады. Бірақ не нәрсеге де адалдық танытқан жанның алға озары мәлім. Әсіресе, адал еңбек еткеннің еңбегі елеусіз қалмасы анық. Адалдық пен тұрақтылықты ту етіп, ел құрметіне бөлену – ер үшін үлкен мәртебе. Біз сөз еткелі отырған Ғалымжан Жақсылықов та осындай еңбексүйгіш жан.

Ол Ақтөбе ауылының тумасы. 1994 жылдан бастап шаруашылықта механизатор. 2015 жылдан бері «Ақтөбе и К» ЖШСда табысты жұмыс атқаруда. Жасынан механизаторлықты өміріне серік еткен ол 26 жыл бойы бір салада. Тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындайтын қызметкер кімге ұнамасын? Басшылық та оның жауапкершілігі мол, ісі ұнамды екенін алға тартты. Сөзден гөрі, тындырымды тірлікті ұнататын ағамыздан сыр тартып көрдік.
– Бұл сала бойынша арнайы мамандығым жоқ. Десе де, көп қызметтің ішінде өзіме қолайлысы осы болды. Қолымнан келген іспен шұғылданып, отбасымды адал еңбекпен асыраудамын. Мен үшін ең бастысы – осы. Себебі таза еңбек, маңдай термен келген наннан тәтті, астан жұғымдысы жоқ. Балаларымды да адалдыққа, тазалыққа тәрбиелеймін. «Бала көргенін істейді» демей ме, сол үшін де оларға бірінші өзім үлгі болуға тырысамын. Бүгінгі жастардың қатарында механизаторлыққа қызығушылар саны аз. Ал мен бұл саланы меңгергеннің болашағы зор демекпін. Оған себеп, технология дамып, мамандықтар түрленуде. Көпшілік заман ағымына ілесіп, жаңа мамандықты таңдағанда, бұл сала мамандарына сұраныстың артатыны сөзсіз. Қай істің де нағыз маманы болу – әрбір жастың мақсаты болса екен, – дейді Ғалымжан Жақсылықұлы.
Қармақшылық арумен шаңырақ көтерген кейіпкеріміз алты перзенттің әкесі. Үлкен ұлы Отан алдындағы борышын өтесе, одан кейінгі қызы – студент. Ал өзге балалары мектеп қабырғасында. Отанасы бала тәрбиесімен айналысып, ерінің тапқанын ұқсатуда. Адал ас тұтынатын отбасы перзенттерінің болашағынан күтер үміті мол.
– Мамандық таңдауды балаларымның өз еркіне қалдырамын. Себебі әркім өз ісін шын жақсы көруі қажет. Сонда ғана нәтижелі болады. Әрқайсысы өзі таңдаған саланың білікті маманы болса деген арманым бар, – дейді кейіпкеріміз.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» дегендей, Ғ.Жақсылықұлының ұзақ жылдар бойы жасаған жұмысы елеусіз емес. Адал еңбекпен атқарылған іс қашан да жемісті ғой. Оны жыл сайын алған алғыс хат пен бағалы сыйлықтан аңғардық. Нақтырақ тоқталсақ, 2015 жылы І дәрежелі «Озат жатка машинисі» атанса, 2017 жылы ІІІ дәрежелі «Озат күріш орушы», 2019 жылы ІІ дәрежелі «Озат жаткашы» дипломдарымен марапатталған. Әрдайым озаттардың қатарында жүрген ол 2015 жылы аталған шаруашылықтан сый ретінде жеңіл көлік тізгіндегенін де тілге тиек етті.
Иә, адалдықты ту еткен жанның абыройлы боларына тағы да бір көз жеткіздік. Шын мәнісінде кейіпкеріміз үлгі етуге тұрарлық қамқор әке, білікті маман, әрі адал еңбек иесі.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


15 тамыз 2020 ж. 1 192 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 181

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 144

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 301

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930