» » Әдебиет таңдауыма әкем ықпал етті

Әдебиет таңдауыма әкем ықпал етті

qarmaqshy-tany.kz Адамның басты қасиеттері – биік адамгершілігі, әділеттілігі мен істі терең білуінде. Ол ғажайып дана кісі еді. Өзінің ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болған жанның бірі – әкем Ерназар Сексенбаев болатын.
Ол сұрапыл соғыс жылдары партизан отрядында командир болып жауға қарсы тойтарыс бергенін, шаруашылықты 22 жыл басқарып, осы ауылды алдыңғы қатарға қосқанын, білікті басшы болғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі.
Әкем 1917 жылы Қармақшы ауданына қарасты «Сексенбай жоңышқалығы» деген жерде дүниеге келген. 1931 жылы азамат малсыз, арғымақ жалсыз қалған қанқұйлы мезгілде бір туысы балалар үйіне өткізеді. Осы кісінің арқасында тірі қалып, одан әрі оқу оқып, елге оралады. Елге келген соң қызметке орналасып, жұмыс істей бастаған кезде майданға шақырылады. Онда партизан соғысын абыроймен аяқтап, елге оралады. Елге келіп әртүрлі шаруашылықта жұмыс жасады. 1963 жылдан бастап 20 жылдан аса қазіргі Ақтөбе ауылын басқарып, елді іргелі шаруашылықтардың қатарына қосқан қайратты тұлғаға айналды. Әкеміз өте қарапайым, еңбекқор, кішіпейіл, көпшіл, болмысы бөлек жан болатын. Адамдармен тіл табысуды да білетін. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, әзілі жарасатын адамдармен әзілдескенді ұнататын. Сонымен қатар қолы ашық жомарт жан еді. Ешкімнің қолын кері қайтармайтын. Ауылдан сәлем бере келген ағайындарға қайтарда «Жолпұлың бар ма?» деп сұрайтын. Бар десе де қояр да қоймай жолпұл беріп, аттандыратын. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – сөздің небір мәйегін қолданатын. Ертеде өткен қазақтың ақын-жырауларын, олардың нақыл сөздерін білуі еді.
Күнде кешкісін маған «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген би-шешендердің айтқан сөздері жинақталған кітапты оқытатын. Жерлес ақын атамыз Тұрмағамбет Ізтілеуовтің:
«Күн шықса нұр қашады Айдандағы,
Жарлы артық қайыры жоқ байдандағы» деп, оқи бастасам,
«Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
Бұл сөзді алдың деме қайдандағы» деп, өзі жатқа оқи жөнелетін. Оқып болған соң, «Ай балам-ай, осындай асыл сөздерді айтқан адамдар да өтті-ау, бұл дүниеден» деп, күрсінгені есімде. Бұрынғы өткен жыраулардың, би-шешендердің толғауларының біразын жатқа оқитын және таныс адамдарының телефон нөмірлерін қағазға қарамай жатқа теріп отырғанын көріп, әкемнің есте сақтау қабілетінің мықтылығына таң қалатынмын. Менің әдеби кітаптарды жақсы көріп оқып, кейін осы саланың маманы болуыма да әкемнің ғибратты әңгімелерін тыңдап, ұлағатты сөздеріне қанық болып өскендігімнен болар деп ойлаймын.
Әкем отбасына, балаларға өте жайлы болды. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деп, бізді еңбек етуге, еңбекқор болуға үйретіп отыратын. Зейнетке шыққаннан кейін бізді ертіп азын-аулақ бақша егетін. «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп, адалдыққа баулитын. Немерелерін малдас құрып отырып, тізесіне мінгізіп еркелететін.
Әкеміздің қонақжайлығы бір төбе. Қонақ келгенде барынша күтуге тырысатын. Жайын жасайтын. Үйіміз қонақтан арылмайтын. Кейде анамыз қонақ күтуге дайындалайын дегенде, бауырсақты пісір де шашып жібер, сосын қант қой, болады, дейтін.
Ол кісі Құранды судыратып жатқа оқитын, діни әңгімелерді нақышына келтіре айтатын. Үнемі отбасында балаларына «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп жиі айтып отыратын.
2017 жылы әкеміздің ғасырлық мерейтойы облыстық дәрежеде аталып өтті. Сол кездегі облыс әкімі Елеу Көшербаевтың басшылығымен өткен бұл тойда ел ағалары, ауылымыздың тұрғындары ерекше үлес қосты.
Асқар тау әкемізді өмірдегі бақытты жандардың бірі болды деп есептеймін. Өйткені халық бақыты үшін аянбай еңбек етті. Елін сүйген азаматты елі де сүйді. Осындай аңыз адамның ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Ғибраты мол өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала бермек.
Гүлжаһан ЕРНАЗАРОВА,
Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицей мұғалімі
26 қыркүйек 2023 ж. 1 010 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 180

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 144

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 300

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930