» » Қонақжайлық – қазаққа тән қасиет

Қонақжайлық – қазаққа тән қасиет


Иә, бізді өзгеден ерек ететін қанымызға сіңген қонақжайлық қасиетіміз. Ұлтымыздың осынау дархан пейілімен мақтануымызға да әбден болады. Біреуге көмектесу, риза ету, алғысын алу жақсылыққа жетелемесе жамандық тудырмайды. Оған тарих та куә. Алысқа бармай-ақ кеңестік дәуірде біраз халыққа зобалаң тиіп, қанша жұрт атамекендерінен алыстады. Біздің елімізге жер аударғандар мен олардың ұрпақтары халқымыздың көңіл жомарттығын көріп қазірге дейін ризашылықтарын білдіреді. Аузынан қазақ халқына, қазақ ағайындарына деген алғаусыз алғысы түспейтін жанның бірі – ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны Сартинас Байрахтарова.
Медицина саласының ардагері ауылдық ауруханада 40 жылға жуық медбике болып еңбек еткен. Зейнеттік демалысқа шыққаннан соң арнайы шақыртумен ауыл орталығындағы дәріханада 6 жылдай жұмыс істепті. Бірнеше ұлттың басы қосылған тату отбасының тірегі, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған абыройлы ананы ауыл тұрғындары өзгелерге үнемі үлгі етеді. Бізге де Сартинас апаймен сұхбаттасыңыздар деп жөн сілтеген соң сөйлесуге асықтық. Айтса айтқандай, интернационал отбасы екен. Өзі әзірбайжан, жолдасы татар, енесі түрік, бір келіні қазақ.
– Әкем Нуфар Байрахтаров пен анам Гулясар Везирова 1916 жылы туған. Анам осы өңірге 1944 жылы жер аударылып Кавказдан келген. Әкем соғыста болыпты. Соғыс біткеннен соң зайыбының қайда жіберілгенін білмей, 1952 жылы әрең тауып келген. 1953 жылы мен дүниеге келіппін. Әкем елге келіп, көп еңбек еткен белгілі азаматтардың бірі. Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкіман Бектібаев ағайды өкіл бала қылды. Әкем де, анам да ылғи қазақпен дос, туыс болды. Өмірден өткенше қазақ деген кең халыққа алғыс айтып отыратын. Жасымыздан қазақша судай сөйледік. Медициналық училищеде оқыдым. Ауылдық ауруханада еңбек еттім. Ұжым өте тату болдық. Бір адамнан «түріксің, өзге ұлтсың» деген сөз естімедім. 1974 жылы Алдажар есімді азаматпен отбасын құрдым. 3 бала өсірдік. Өкініштісі отағасы небәрі 35 жыл ғана ғұмыр кешті. Көлік апатынан қаза тапты. Елге берері көп, аз жасаса да ауқымды жұмыстар істеген білікті, білімді азамат еді. Тұңғышым Зульфия мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Ақтөбе медициналық инс­титутында оқыды. Қазір ауылдық амбулаторияның меңгерушісі. Али, Рашид атты қос ұлым мен қос келінім бар. Немерелерімнің алды медициналық университетте оқыса, былтыр екі немерем мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, грантқа оқуға түсті. Қазір солардың қызығына тоймай, ауылдағы той мен Құдайы жолыдан қалмай, зейнеттің бейнетін көріп отырған жайымыз бар. Қазақтың салт-дәстүрінің бәрін ұстанамыз. Қазақтай бауырмал ұлт өте сирек, жоқ деуге де болады. Бізге қонақжай халыққа алғыс айтпау сын, – деп еріксіз көзіне жас алды кейіпкеріміз.
«Көктемнің алғашқы күнін алғыс айту мерекесі қылып, жыл сайын атап өтетініміз қандай ғажап. Елде тек тыныштық болсын, Қазақстанымыз көркейе берсін» деп ағынан жарылды тағы да. Ұрпағын ұлттық құндылықтарды ұлықтауға тәрбиелеп, елге қызмет етуге баулыған Сартинас апай сынды ақ жаулықты аналарымыз аман болсын.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
01 наурыз 2022 ж. 954 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031