» » Әкем жайлы сер шертсем

Әкем жайлы сер шертсем

Бүгінгі бейбіт өмір, тыныш заман – өткеннің бізге тапсырған аманаты. Аманатқа қиянат келтірмей, азаттықтың ақ туын желбірету – біздің міндеті. Аталар аңсаған бостандықтың оңайлықпен келмегені рас. Онда қанша боздақтың қаны мен рухы, болашақ ұрпағына даңғыл жол салсам деген арман-мақсаты бар. Сол кезеңнің батырлары, қазіргі майдангерлердің саны жыл санап азая түсуде. Бұл өмірдің заңдылығы. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 75 жыл. Зұлматты жылдарда жастық дәуренін қан майданда өткізгеннің көбісі бүгін қатарымызда жоқ, ал барының жасы 100-ге жуықтауда. Сұрапыл соғысты көзбен көріп, елі үшін ерлік жасап, одан кейінгі ғұмырын ұрпақ қамы үшін ұстаздыққа арнаған жанның бірі – менің әкем Бекбан Боранбайұлы.
Әкем жайлы өзінен және Нағымет Қожахметұлы ағамнан, атамның көзін көрген кісілерден естігенімді айтып берейін.
Ол 1915 жылы Қармақшы ауданына қарасты майда ұжшардың бірі – Ақсай деген ауылда, қазіргі Алдашбай ахун ауылында туған. Әкесі Боранбай төрт түлік малы түгел, бақуатты, әрі өте қолы ашық мырза кісі болған. Маңайында қоныстас болған кедей-кепшіктердің барлығын аш қалдырмай, барымен бөлісіп, мырзашылығымен елдің есінде қалған.
1920-1930 жылдары елді ашаршылық жайлап, жандайшап-белсенділердің асыра сілтеуінің салдарынан сол кездегі бай мен молда, би мен болыстар қуғын-сүргінге ұшырап жазықсыздан-жазықсыз атылып, қарапайым халық жаппай дүрбелеңге түсіп жан шошырлық жағдайлар қалыптасқан. Сонда Боранбай атам да сол қолдан жасалған саяси зобалаңның жазықсыз құрбандарының бірі болған. Мал-мүлкін сол кездегі белсенділер күштеп тартып алып, шаңырағын ортаға түсіріп, үйін өртеген.
Әкесі мен анасын «халық жауы» деп қызылжағалылар сүйрелей алып бара жатқанда 5 жасар әкем құм шашып қарсылық көрсеткені үшін оны ұстап алып лақтырып жіберген екен. Ұшып түсіп ауыр соққыдан жансызданған баланы көрген айдауылдар өлдіге деп санап тастап кетеді. Өлім мен өмірдің арасында арпалысып аман қалған ол зар еңіреп, ботадай боздап, сол кеткеннен хабар-ошарсыз кеткен әке-шешесімен қауышпай бала өмірі сағынышпен өткен. Сол зобалаңның салдарынан әкем жетімдіктің тақсіретін көп тартыпты.
Әкемді Кенжебек атты немере ағасы Ташкент қаласындағы балалар үйіне өткізіпті. Кейіннен 18 жасқа толғаннан кейін туған жерін білсін, жат болмасын деген оймен ауылға алып келген. Келе салысымен 1933 жылы Ленин атындағы жеті жылдық мектепке мұғалім болып, елді сауаттандыруға зор үлесін қосқан. Кейін 1936-1938 жылдары Тәшкендегі «Темір жол» институтында оқыған. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Берлин маңында болған шайқаста алған ауыр жарақатымен соғысты аяқтап, аман-есен ауылға келеді. Келген соң қол қусырып қарап отырмай мектепте сабақ берді. Елу жыл ұстаздық еткен оның оқытқан оқушылары өте көп. Қазір еліміздің жер-жерінде түрлі қызмет атқаруда. Қазір көбісі зейнетке шыққандар. Солардың бірі – елге танымал Нағымет Егізбаев, Нәжмадин Ысқақов, Амангелді Егізбаевтар еді.
1983 жылы Ұлы Отан соғысынан алған ауыр жарақатының салдарынан әкемнің оң аяғына Байқоңырдағы әскери госпитальдан келген дәрігерлер қара саннан кесіп, ота жасады. Ол майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», « І дәрежелі», «Отан соғысы» орденімен, бірнеше төсбелгімен марапатталған. Әкем өте бауырмал, кішіпейіл, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, өзіне баурап алатын керемет тұлға болатын. Кімді болса да көрген жерде айналып-толғанып, хал-жағдайын сұрап, қамқорлық танытып, қолынан келген көмегін көрсетуге әзір тұратын. Асқар таудай әкемнің осыбір мінезі өзгеден ерекшелендіретін.Өткен өмірді ойлап, еске алғанда әкемізді сағынамыз. ¬Тағдырдың тәртібіне бағынып, артында ұрпағының барын көңілге медеу тұтамыз.

Зоякүл Бекбанқызы
25 сәуір 2020 ж. 981 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031