» » Еңбегі сіңген өр тұлға

Еңбегі сіңген өр тұлға

qarmaqshy-tany.kz Асыл мұра – өткен күнді айғақтайтын құжаттарды жинақтау, сақтау және жариялау архив қызметінің әрқашанда маңызды шараларының бірі. Өткенімізді білуді, оның анық-қанығына көз жеткізуді тек архив құжаттары ғана айғақтайды.
Ідіріс Тұрмағамбетов 1918 жылы 3 қаңтарда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Төрткөл ауылдық советіне қарасты елді мекенде кедей шаруа отбасында дүниеге келген.
Әкесі Тұрмағамбет Сеитов 1932 жылы, шешесі Күмбез Қожабайқызы 1933 жылы қайтыс болған.
Әке-шешесі ерте қайтыс болғандықтан, Қармақшы балалар үйінде тәрбиеленген. 1930-1934 жылдары Қармақшы колхоз жастар мектебінде оқып, бастауыш мектепті жақсы деген бағамен бітірген. 1934 жылы балалар үйінің жолдамасымен Шымкент ауылшаруашылығы техникумына оқуға түседі. Техникумды техник-гидромелиоратор мамандығы бойынша 1939 жылы жақсы бағамен бітіреді. Еңбек жолын Қазалы аудандық су шаруашылығы бөліміне учаскелік гидротехнигі болып жұмысқа орналасып, жұмыс істеп жүрген кезінде күз айында әскерге шақырту келеді. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Финляндия соғысына қатысады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, Латвия шекарасында қоршауда қалып, жаралы болып қолға түседі. Тұтқында жүргенде көптеген қиыншылықтарды, аштықты, жалаңаштықты, азапты, қорлықты көреді. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деп қара жұмысқа орналасып тірі қалады. 1943-1945 жылдары Либаво қаласында қоршауда қалып, 1945 жылы 9 мамыр күні соғыс бітісімен темір тордан Совет әскері босатып алады. Тергеуден өткесін 8 ай әскерде қайтадан Финляндия жаққа Выборг қаласына барып, сол жер ден жауынгерлік борышын өтеп, тек елге 1945 жылдың желтоқсан айында оралады.
1946 жылдың наурыз айынан бастап аудандық су шаруашылығы бөлімінің учаскелік гидротехнигі болып жұмысқа орналасып, 1948 жылы аға гидротехник, 1950 жылдан аудандық суландыру жүйесінің бастығы қызметін атқарады.
Ідіріс Тұрмағамбетов тынымсыз еңбегінің елге деген, әрбір адамға деген жанашыр қамқорлығының арқасында халықтың сеніміне бөленіп, абырой биігінен көріне білді. Ол кісінің қолынан, қолдауынан қаншама су шаруашылығының майталмандары тәрбиеленіп шыққаны өмірдің шындығына айналып, елдің қуанышы болды. Еңбегі жанып жыл сайын жоғары көрсеткіштерге жетіп, облыстың алдыңғы қатарынан көрінген Ідіріс Тұрмағамбетов көптеген маманды тәрбиелеп өсірді. Оның шаруашылықты ұйымдастырудағы қыруар еңбегі, зор ұйымдастырушылық қабілеті, парасатымен адамгершілік биік тұлғасы жоғары бағаланып, қырық жылдан аса еткен еңбегі бір мекеменің тарихымен сабақтас болды. Аудандағы егін шаруашылығының күретамыры болған «Аю», «Қурайлы», «Наурызбай», «Шіркейлі» каналдарына жүргізілген қарқынды жұмыстар Ідіріс ағаның еңбегімен тығыз байланысты. Бұрын техника жоқтың қасы кезінде сол каналдар қолмен аршылып, тазартылды. Сол қызу жұмыстардың басы-қасында Ідіріс Тұрмағамбетов күндіз-түні өзі жүрді. Ал қазіргі жас жеткіншек ұрпақ осындай қыруар шаруалардың қолмен атқарылғанын бірі білсе, бірі білмейді. Еңбегі жоғары бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «1941-1945» жылдардағы «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25-30 жылдығы» медальдарымен, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» атағымен марапатталған. Ідіріс аға өзінің адалдығымен, адамгершілігімен, қарапайымдылығымен, іскерлігімен, мейірімділігімен, парасаттылығымен, ақкөңілділігімен ақиқатты ашық айтып, шын сөйлейтіндігімен жарты ғасырға жуық бір орында, бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп, бір мекеменің қатардағы жай маманынан бастап, сол мекеменің басшысы болып көтерілуі де оның жасында таңдаған мамандығына риясыз адалдығын, оған шексіз берілгендігі, ұзақ жылдар бойғы еткен адал еңбектің, төккен ащы тердің нәтижесі екені шындық. Абзал азамат 1978 жылы 15 қарашада қайтыс болған.
Осындай ел ағасының өмір жолын зерттеп, ұлағатты істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Алайда, көзі жоқ болғанымен елінің көңілінде мәңгілікке қалған ел ағасы Ідіріс Тұрмағамбетовті насихаттауда архив қорына өмірі және қызметі жайлы құжаттары қабылданып, келешек ұрпаққа, зерттеушілерге, мектеп оқушыларына мәліметтер беріліп, тақырыптық көрмелер өткізіліп отырылады.
Гүлжанат ӘБИЕВА,
«Қармақшы аудандық архиві» филиалының архивисті
12 желтоқсан 2022 ж. 749 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 477

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 549

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031