» » Бір ауыз сөздің құдіреті

Бір ауыз сөздің құдіреті


«Мына дүниеде қайтып орнына келмейтін үш нәрсе бар: айтылған сөз, атылған оқ, кеткен уақыт» деген екен көнекөз қариялар. Ата-бабамыз сонау кездерден-ақ сөздің қадірін түсінген, сөзге тоқтаған. Бір ауыз сөздің өзі адамның тағдырын шешкен. Адамды өсіретін де, өшіретін де осы бір ауыз сөз. Осы ретте әрбір сөзі бізге үлгі болған ата-анам жайлы қалам тербемекпін.



Ата-анам екеуі де ғасырға жуық жасап кеткен жандар. Кейде өзім ой құшағына еніп кетемін. Сондайда осы кісілердің ұзақ жасап  ауырмай, алжаспай әдемі кеткендерінің де бір сыры бар шығар деген ойға қаламын. Әлі де зерделей түскім келеді. Жақында ата-анамызға арналған «Бір – бәйтерек, Бір – шынар» атты кітап жарық көрді. Ол кітапты немере-шөбере, шөпшектері үшін мұра болсын, үлгі алсын, тағылым алсын деген мақсатта жаздық.
Шынында әкеміз өмірде ізін қалдырған діңі берік бәйтерек іспетті болса, анамыз жапырағын кеңге жайған шынар секілді көз алдымызда жиі елес беріп тұрғандай. Ал біз бүгінде бір-бір бұтағымыз. Ата-аналарымыз бізді жақсы көріп қана қойған жоқ. Олар біздің жан-жақты дамуымызға, тәрбиелі болып өсуімізге қатты көңіл бөлді. Бос уақытымызда шахмат ойнауға үйретіп, одан өзге де өнер түріне баулыды. Қазір қарап отырсам, өмір шахмат ойынына ұқсайды. Тіпті қатты ұқсайды. Шахмат адамның ойлау, есте сақтау қабілетін арттырып, тың идеяларды дамытады. Ойың мен ақылыңды жинақтап, сабырлықпен әрбір тасты алға жылжытып отыру керек. Шахматтағы бір ғана қате жүріс өміріңдегі шалыс қадам сияқты.
Даналардың асыл сөздерін жаттап өстік, нәр алдық. Ойлап қарасақ, бойымызға азық болатын дана сөздер өз үйіміздің төрінде отырғанын сезбеппіз. Әке-шешеміздің әрбір сөзі, ісі бізге өсиет үлкен сабақ, рухани азық болған екен. Екеуі келіспей қалса «Ой, төбеңді көрмегір, Зейнарап», «Тұқымың жайылғыр», «Ой, көгеріп, көктегір, Зейнарап»  деп ұрсатын. Қазір ойлап қарасам, әкеміздің қарғысы да алғыс екен ғой. Сол әкеміздің «қарғысымен» анамыз көгерді, көктеді, тұқымын жайды. Міне, сөздің құдіреті! Ал балаларына ренжігенде «Бар бол, бар болғыр неме» дейтін. Шүкір, бақытты ғұмыр кешті. Ұл-қыздарынан немере, шөбере, шөпшек сүйді.
   Өзі атадан жалғыз болған әкеміз сонау қан майданнан кейін еңбек майданында басқарма төрағасы, парторг, ферма меңгерушісі, бригадир қызметтерін атқарып еңбек етті. Анамызбен 60 жыл бір шаңырақта он баланы өсірді. «Жоқ» деген сөзі болмаған әкемізді ел «Мақұлбай» деп атайтын.
Әкеміздің тағы бір тамаша қасиеті – сабырлығы. Қоғамдағы, отбасындағы татулық пен бірліктің негізін сабырлылық құрайды делінген. Расында, әкеміз әулетте болсын, өзге жерде де «ауызбіршілік» туын мәңгі мекеніне кеткенінше берік ұстап, ақ батасынан түсірмейтін жан. «Балам «Кісі есігі тоң есік, жібітерге ер керек» деген мәтелін ұлға да, қызға да үнемі айтып отыратын. Сөйтсек, қарапайымдылықты, ізеттілікті меңзеген екен ғой.
Сырт көз сыншы деген. Үйдегі кенже қызға Павлодар жақтан құда түсуге 3-4 кісі келген болатын. Сол құдағайдың бірі әкем туралы мынадай тамаша естелікпен бөлісіп еді. «Танысып, жөн сұрасып, келген мақсатымызды айтқаннан кейін, үйдегі ақсақалды ата «Құдағи, үйіңізде аттың басын байлайтын жер бар ма?» деді. Біз бір-бірімізге қарап, ойланып барып түсіндік те «Бар, құда» дедім. Содан соң, «Құдағи менің Алла берген 3 балам, 6 нашар балам бар. Ғазизам ішіндегі ең кенжесі» деген сияқты астарлы сөздермен біраз әңгімеміз жалғасты. Құдамның әйел адамға «күйеуің бар ма?» деген сұрақты сөз астарымен жеткізген ақылдылығына, даналығына дән риза болдық. Осындай ақылды адамдардан парасатты балалар туылады. Демек болашақ келінім де ақылды болады деп түйіндедім. Атаның айтатын әрбір сөзінің үлкен тәрбиелік мәні бар екенін ұқтым» деп өнегелі әңгіме айтқан еді. Расында да сөз сөйлеуші кісінің ойын, сезімін, көңілін білдіріп қана қоймайды. Оның мінезін, тәрбиелік деңгейін көрсетеді.
Отбасындағы, қоғамдағы үлкен-кішінің, ерлі-зайыптылардың келіспеушілігі, анайы сөйлеуі, дөрекілігі бала болашағына үлкен зиянын тигізіп жүргенін өмірден көріп жүрміз. Адамның көп мінезі сонау балалық шақтан қалыптасады екен. Ата-анамыз «қыздан туғанның қиығы жоқ» деген қағиданы ұстап алған. Барлық жиен болсын, шөбере, шөпшек болсын, барлығына мейірім шапағаты бірдей болды.
Бір қызығы, олар жаңа өмірге аттау сәттерінде ең алдымен әжесіне айтып, таныстырып, рұқсатын алады. Шөбересі өз естелігінде «Өзінің ұрпағын ақыл-парасатымен, кемеңгерлігімен, даналығымен нәрлендіріп отырған әжемді мен «Әжелердің символы» деп жазады.
Бойында иманы, аузында дұға-батасы, қолында шипасы бар анамыз дәрігеріміз де болды. Өзінің парызым деп санаған бес уақыт намазын 25 жасынан бастап бір де бір сәт тастаған емес. Өмірінің соңғы минутына дейін екінті намазын оқып, сол аппақ қалпымен аппақ кебінге оранып кете барды.
Бүгінгі таңда осы сөздің құдіреті, сөздің киесі, қасиеті бар дегенді түсіне алып жүрміз бе? Міне, біздің көп мән бере бермейтін тұсымыз осы. «Жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген хадис бар. Бүгінгінің білікті маманы нейрохиругтің пікірі де осы Құран сөзімен үндеседі. Аузымыздан тек жақсы сөз шықсын, замандастар!
Салтанат ТАҢАТАРҚЫЗЫ,
Дүр Оңғар ауылы
17 шілде 2024 ж. 339 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930