» » Жылы сөздің құны қанша?

Жылы сөздің құны қанша?

Қоғамдық көлікте отырмыз. Қасымдағы жолаушы телефонмен барынша сыпайы сөйлескенмен, арғы жағындағы адамның сөзі көңіліне жақпаса керек, бет-аузын тыржитып қояды. «Бір жылы сөз айтса болады ғой, күліп жүріп-ақ орындап тастаушы едім. Үнемі осы, діңкілдеп сөйлеп көптің мазасын алады» деді тұтқаны тастай сала өз-өзімен күбірлеп. Бұл сөзді естіп ойға қалдым. Бір-бірімізге жылы сөз айту неге қиындап кетті?
Айналаға көз салсақ, жаныңдағы адамның қай-қайсысының болмасын, әйтеуір біреуге реніші бар. Сонда бірі еркелетпейтін күйеуіне, күйеуі болса қолдау білдірмейтін әйеліне ренжиді. Енесі «сіздікі дұрыс десе, көңілім жылып қалар еді-ау» деп келініне, ал келіні болса «бір мақтап қойса болады ғой, жоқ, үнемі жазғыру» деп енесіне өкпелі. Расында ана баласынан, баласы анасынан, жұмысшы бастығынан, жұптар сүйіктісінен жылы сөз күтеді. Тек бір қызығы бәрі бір-бірінен күтеді. Ешкім өзі бастап айтқысы келмейді. Бәрі дерлік жылы сөз естісе жібіп сала беруге даяр.
Шынында адамға жылы сөз айтып, жылы қабақ таныту неге қиын? Мұңын шаққан әрбір жан ақшаға немесе басқа нәрсеге емес, тек жылы сөзге зәру. Бәріне жәй ғана айтқаның үшін ақы сұрамайтын құр сөз керек. Кәдімгі бір ауыз сөз. Титімдей ғана жылы сөз. Сөздің құдіреттілігін бәріміз білеміз, түсінеміз. Бірақ соны қолдануға келгенде тым шорқақпыз. Кейде тіпті айтқың келіп көмейге тығылған сөздің өзін айтпай қоятын, айта алмайтын кездер де болады. Соған қарағанда жылы сөздің бағасы тым аспандап бара жатқандай.
Қазақ әдебиетіндегі орны бөлек ақын Тұманбай Молдағалиев «Адамға ең керегі бір ауыз жылы сөз ғой. «Аманбысыз, қалыңыз жақсы ма? Жақсы жүріп жатырсыз ба? Күннің астында ұзақ өмір сүріңіз» деген сөзді адам аз айтқаннан кейін өмір қысқа ма деймін. Егер көңіл-күйі болмай отырғанда сондай сөзді өзінің жақыны, жақсы көретін кісілерінен естісе, адамның өмірі ұзара береді. Адамдар аштыққа да көнеді, бірақ мына сөз арқылы бірін-бірі емдеп, бірін-бірі жетелесе ұзағырақ өмір сүреді. Менің ұққаным тіршіліктегі нәрсенің бәрі көңіл, жылы сөз. Адамға көңіл, жылы сөз жетпейді» деген екен. Бүгінгінің дерті де осы. Не істемек керек?
Қонаққа бара қалсақ, мін іздемей, дайындаған ас үшін алғыс білдіріп, өзгенің алған жаңа дүниесіне шын жүректен қуанып, ізгі тілек айту қиын нәрсе емес қой. Естіген адамның көңілі көтеріліп, мерейі өседі. Ал жаныңа жақын адамның дөрекілік танытып көңілін қалдырғанша, жылы сөзбен қуантып, шаттыққа кенелткен жөн.
Қайта айналып келмейтін бес күн жалғанда бәріміз бір-бірімізден жылы сөзді аямайықшы. Тегін ғой.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 ақпан 2021 ж. 811 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031