» » » Сәлем салып жүрсіз бе?

Сәлем салып жүрсіз бе?

Айгерім қалада өскен қазақ қызы. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты аса біле бермеуші еді. Десе де отбасындағы ата-анасының берген қазақы тәрбиесі бар-ды. Қалалық өмірге бейімделіп өскен қыз «ауылға келін болып түсемін» деп еш ойламаған. Иә, адамның дегені болған ба?! Қай істе болмасын «қайыры мен берекесін» сұрағанымыз абзалырақ.
Айгерімнің ауылға келін болып түскеннен-ақ өмірі жақсы жаққа өзгерді. Тағдыр қосқан жары, ата-енесі, жаңа отбасы бәрі-бәрі тамаша жандар. Жаңа түскен келін ауыл өміріне тез үйренісіп кетті. Үнемі қолдап, білмегенін үйретіп жүретін енесі де жақсы адам. Қалада өскен қыз деп ешкім айтпас. Таңертең тұрып, ата-енесіне сәлем салып, сиырын сауып бүкіл тіршілікке бейімделіп те кетті. Иә, осылайша ол ауыл ішінде «бесаспап келін» атанды. Иіліп салған сәлеміне үнемі үлкендер «бақытты бол айналайын, ұл тап» деп батасын беретін. Айгерім «үлкендердің батасын ал, жаман болмайсың» дегенін бала күнінен анасынан естіп өскен. Сол себепті сәлемін үзбейтін. Өзі де әрқашан сәлемінен жақсы дүниенің боларын жадынан шығармай жүреді.
Рас-ау, қазақ келінінің үлкен сый құрметінен туған әдептілік белгісі – сәлем салуы. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсеткен дана халқымыз сыйластықты бәрінен биік қойған. «Басыңа орамал бай­лағаның – күйеуіңнің жо­лы болсын дегенің, иіліп сә­лем бергенің – күйеуіңнің амандығын тілегенің» деген өсиетті әрбір бойжеткен бойына сіңіріп өсуі керек-ақ.
Сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сый-құрмет, әдептілік жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де «Өркенің өссін», «бақытты бол», «көп жаса» деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіреді. Мұ­нан бөлек сәлем салудың екін­ші түрі табақты алу кезінде ат­қарылады екен. Ет жеп болған соң, ас қайырудың алдында келіндер табақты сәлем етіп алады.
Бұрыннан келе жатқан сә­лем салу үрдісі бүгінде елі­міздің барлық өңірінде сақтала қойған жоқ. Уақыт өте дәстүрдің біразы ұмытылып бара жатқаны рас. Дей тұра салт-дәстүрді берік ұстайтын оңтүстік пен Маңғыстау облысында бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Салт-дәстүрдің жалпы болмысы бірдей болғанымен, ол еліміздің әр аймағында әр қилы орындалады. Айталық, Батыста сәлем салу қатаң талап етілмейді. Ол жаққа келін болып түскен қыз беташарда нағашыларға, абысындарға, қайын әпкелерге деп бірден топтастырып сәлем береді. Дегенмен Маңғыстау өңірінде сәлем салу жақсы сақталған. Олар оң тізесінің үстіне оң қолды қойып иіле сәлем береді.
Оңтүстікте дәстүрді қатаң ұстанатыны белгілі. Сондықтан бұл өңірде сәлем салу міндетті түрде орындалады. Басқа аймақпен салыстырғанда оң­түстіктегі келіндер сә­лем салғанда екі қолын айқастырып, иіледі. Солтүстік өңірлерде сәлем салу мен орамал тағу деген мүлде жоқ деп айтуға болады. Осы ретте солтүстік тұрғындарының сәлем салуды аса орындамайтыны байқалады. Шығыс өңірлерде сәлем салу емес, қыздың басына ақ орамал тағылып, көбіне отқа май құю ырымы жасалады.
Бұл дәстүрдің мәні – үлкенге деген құрмет. Келін ақ босаға аттап, өзге отбасыға келген кезде оның белгілі бір орны болады. Сәлем салу арқылы келін жанұядағы сыйластықты, береке-бірлікті сақтап отырады. Үлкенмен де, жаспен де сыйластықта болады. Тіпті ертеде келін сәлем салмай жатса, әжелер «тізең сынсын» деп қатты айтатын болған. Міне, мұнан келіннің бір ғана сәлемі бүкіл шаңырақтың ұйытқысын, берекесін келтіріп отырғанын аңғаруға болады.
Сәлем салудан кімдер босатылды?
Қазақта сәлем салудан бо­салтылған жайттар бар. Күйеуі бақилық болған ке­ліндерді сәлем салу салтынан босатқан. Сол себепті халқымызда «Басың иілмесін, жігерің құм болмасын, жүзің төмен түспесін, көзіңді мұң шалмасын. Осыдан былай келініміз емес, қызымыздай боласың» деп үлкендер сәлем салудан босатады. Осының барлығы қазақтың тәлім-тәрбиесінен туындауда. Бұл мәдениеттің биік шоқтығы, үлкенге деген сый-құрметтің көрнекі үлгісі.
Келінді сәлемнен босатуға қатысты өзге де жағдайлар кездеседі. Мәселен, ата салтымыз бойынша жүкті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат еткен. Әсіресе, әулеттің үлкендері, қайын ағалары аяғы ауыр келіннің көзіне көрінбеуге тырысып, маңынан алыс жүруге талпынған. Се­бебі олар алдымен жүкті келіндерін ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ойлаған. Әр­дайым сәлемін білдіріп жүрген келін бір жағынан иілмеуге қысылады, ұялады. Ал екінші жағынан, күйеуінің бауырлары ондай сәтте келінге келін деп емес, келешек ана деген көзқараспен қарап, құрметін солай көрсеткен.
Сәлем айту дәстүрі
Қазақтың қоғамдық қарым-қатынасына сай алыста жүрген адамның көңіл күйін, сағыныш сезімін, аман-есен екенін біл­діретін хабарласу амалы. Ерте за­манда дала көшпелілері аман-сәлемді, хал-жағдайды алыс­тағы жақын адамдарына сәлем айту жолымен жеткізіп отырған. «Сәлем айту» жай сөз болмаған. Қазақта бір адам алыс жол жүрерде ауыл-аймағы жиналып, «Жол болсын!» айтып аттандырады. Жолаушы баратын жердегі жақын адамдарына сәлемдеме жолдайды. Оны жеткізуді «аманат» деп біледі, айтылған сәлем ұмыт қалса, қарыз болады деп есептеген.
ТҮЙІН
Адамның бір-бірімен қарым-қатынасы алғашқы сәлемнен басталады. Сол себепті халқымыз «Сәлем – сөздің анасы» дейді. Сәлем салған келінге кім кесірлі сөз айтады. Керісінше «Көп жаса», «Ұл тап», «Өркенің өссін», «Ғұмырлы бол», «Дана ана бол» деген сынды жақсы тілектер жаудырып, батасын береді. Сондықтан бүгінгі жас келіндер осындай бақыттан бойларын алыстатпай, сәлем беріп, бата алып жүрсе ғажап емес пе?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
29 тамыз 2019 ж. 1 952 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031