» » ИІЛГЕННЕН ЕШКІМ БҮГІЛІП ҚАЛМАЙДЫ

ИІЛГЕННЕН ЕШКІМ БҮГІЛІП ҚАЛМАЙДЫ

Қыз – болашақ ұлттың анасы. Оның өмірі бірнеше сатыдан тұрады. Қыз бала бой жетіп, босаға аттайды. Бір әулеттің келіні атанады. Ұрпақ жаяды, ұлағат таратады. Қазақ атамыз «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» дегенді бекерге айтпаған. Аяқ дегеніміз – адамның екі аяғы емес, келін бойындағы ибалық, ұстаған ыдыс-аяғының тазалығы, ұқыптылығы. Осындай аналық болмысымен, ибалы қызметімен Қуаңдария ауылының айнасына айналған инабатты келіннің бірі – Назира Мусағалиева.
Ол ауылдың байырғы тұрғыны кезінде мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлесін қосқан шопан Икрамша Егізбаев пен Ақсәуле Омарованың келіні. Бүгінде қарашаңырақтың түтінін өмірлік жары Асылбекпен бірге түтетіп отырған жайы бар. Жолдасы су реттеуші болып еңбек етсе, өзі бала тәрбиесімен үй шаруасында. Алты баланың анасы. Көпбалалы болуға Назираның өз анасының да, енесінің де әсері болғандай. Себебі, күйеуі де, өзі де тоғыз балалы отбасынан шыққан. Бірі – сол тоғыздың бесіншісі болса, бірі – алтыншысы. Баланың үлкені Данабек жоғары білімді агроном. Ал, Сақыпжамал тұрмыста. Жанайым, Жанатбек, Ақбота мектеп оқушысы. Кішкентай Дәулетхан екі жаста.
Көпбалалы отбасында болғанымызда үй ішінің мұнтаздай тазалығы, Назираның ас мәзіріне деген жауапкершілігі – алыс­тан менмұндалағандай. Біз барғанда ол да сиырын сауып, үйге кіріп жатыр екен. Жылы амандасып, төрін ұсынды. Балалар да шүпірлесіп алдымыздан шықты. Қонақ келді деді ме, сыбырлай сөйледі бір-біріне. Біз де уақыт алмай кейіпкерімізді сөзге тарттық.
– Отбасы – кішігірім Отан. Бала – келешек жалғасымыз. Мен үшін жанұяда бала тәрбиесі басты орында. Өйткені, баламен көгересің, көктейсің, сонымен жетілесің. Балаң жақсы болса – біз де жақсымыз. Көзге көрінгендер жақсы азамат, өнегелі болсын деп соған сай өзіміз де үлгілі көрінуге барымызды саламыз, – дейді отанасы.
Назира Асылбекке 1995 жылы тұрмысқа шыққан. «Шаңырақтың берік, керегенің кең жайылуы – келінге байланысты. Содан бері де ағайын-туыстың жанашыры, балаларының ардақты анасы. Адал жар, абзал жан», – дегенді айтты ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Баймаханова.
– Назира – ағайынға жұғысты. Көрген жерде иіліп сәлемін салып тұрады. Балалары да тәрбиелі. Отбасындағы ауызбірлігі кісі қызығарлықтай. Байқоңырда үлкен қайнағасы мен абысыны бар. Әулеттің бар ұл-қызы, келін-күйеубаласы сол кісілердің айтқанын істеп, құрметтейді. Айтулы әулет жақында екі қыз ұзатып, келін түсірді. Қашан көрсең де, атсалысып жүргені, – дейді ол.
Ауыл адамдарының айтуынша, отбасы ұйытқысы ас мәзіріне де шебер-ақ. Қыс қамында түрлі мал етінен бұқтырма жасап, банкі басады. Балықтан да ас әзірлегіш. Одан біз: «Әйелдің бақытты болуының сыры неде, ағайынға жағымды болудың жолы бар ма?» деп сауал тастадық.
– Бәрі әйелге байланысты. Ағайынмен қатысу да, бауырмен араласу да. Күйеудің жаманын жасырып, жақсысын асыратын да – отанасы. Бүгінде жас отбасылардың ажырасуы көп. Келіндерге айтарым – үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіңдер. Алдын кесе өтпеңдер. Сонда бақтты болады. Ал, ағайынға жағамын десең – дастарқанды, кең пейілді болу керек. Келін – сабырлы, шыдамды болуы тиіс. Өмірге ұрпақ әкеліп, ана атану – түн ұйқыңды төрт бөлу, балаң ауырса – сонымен қоса ауыру. Әрине, перзентіңнің аман-сау, ойнап-күлгенін тілейсің. Енемнен көп дүние үйрендім. Жақсы келін болғаным, бәлки енемнің тәрбиесі. Жардан жолым болған жанмын. Жолдасым ұл-қызын, кейде мені де еркелетеді. Бір-бірімізді айтпай ұғынамыз. Міне, менің сырым да, шыным да осы, – дейді көпбалалы ана.
Түйін:
Кейіпкерімізге ауылға жұмыс барысымен келгенімізді, біз үшін әр минут қымбат екенін айттық. Әңгімемізді аяқтап, нан ауыз тиіп шығуға ниет білдірдік. Әйтсе де, орнымыздан тұрғанша, кең дастарқан жайылып, шай да келді алдымызға. Дайын астан бас тарта алмадық. Назираның бұл көргенді әдебінен адамды құрметтей білген жан – өзі де құрметке бөленетініне кәміл сендік.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
03 сәуір 2019 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031