Басқаға сын айту үшін
Біреуге ақыл айту ең оңай жұмыс. Әлеуметтік желілерді ашып, жазылған түрлі пікірлерге зер салсақ, оған анық көз жеткізуге болады. Біреуге ақыл айтамын деп сынап-мінеп, ақырында, тұлғаның жеке басына тіл тигізуге дейін баратындар аз емес. Адамға сын айтқанда, ол ренжімейтіндей, көңіліне алмайтындай етіп, тігісін жатқыза сөйлеп үйренген жөн.
Ақыл сұрау да ақылы болып кетпей тұрғандай, тегін кезінде айтылғандарды қабылдай берейік деп қандай ақыл айтылса да, қандай сын орын алса да, көңілін өзгертпейтіндер бар. Керісінше, өз атына айтылған сынға шыдай алмай, сыншы адамның өзін сынап, бетінен алып, жағасына жармасатындар да кездеседі. Сол себепті сынайтын адамыңыз оны қалай қабылдайтынын анықтап, жағымсыз көзқарас қалыптаспайтын жағдайда ғана орынды сын болса, айтуға болады.
Сынағалы отырған адамыңыз өте жақсы араласатын, шын жаныңыз ашитын адам болғаны дұрыс. Әйтпесе, мейірімсіздікке толы қоғамда ешкім ешкімнің артық сөзін көтермейді.
Біреуге сын айтар алдында өз мақсатыңызды нақтылтап алыңыз. Сіз айтқан сыннан кейін, шынында да ол адам ойын не көзқарасын, ұстанымын өзгертіп, басқа арнаға бет алуы мүмкін бе? Сынаудан қандай нәтиже шығуы ықтимал? Шынында да ол адамның қателігін түзетіп, тура жолға бақыттағыңыз келе ме? Өз дәрежеңізді көтеру үшін оның кемшілігін бетіне басып, басқаны түсіргіңіз келе ме? Басқалардың алдында мінін жариялап, масқаралағыңыз келе ме?
Егер соңғы сөйлем мақсатыңызбен сай келмесе, онда сынды тек оңаша жерде, жеке-дара шақырып алып немесе жеке хабарлама жазу арқылы сыпайы да мәдениетті түрде жеткізіңіз. Көпшілік жиналған жерде құрбыңызға «Көйлегіңнің етегін түсіріңкіресеңші» деп айтсаңыз не жарияланған мақалаға «пәленбай қате бар екен» деп жазсаңыз, бұл ешқандай жақсы болсын деген жанашырлық белгісі емес. Көпшілік алдында беделі төмендеген адамның ашуына тигеннен басқа пайдасы болмайды.
Сынау мен мақтау қашан да қатар жүруі тиіс. Біреудің кемшілігін көріп, айтқыңыз келіп, алқымыңыз кеуіп бара жатса, артықшылығын да табуға тырысыңыз. Сөзі басында не сөз соңында артықшылығын тілге тиек етіп, мақтаңыз. Өтірік мақтаудың да қажеті жоқ. Шын риза көңіліңізді жеткізген соң ғана, ол сіздің ақ ниетіңізге сеніп, айтылған сынды түзу қабылдайды. «Бірақ» деген сөзді қолданбаған дұрыс. «Бұл мәтін өте жақсы жазылыпты, бірақ қатесі көп екен» дегенге қарағанда, жеке өзіне жазғанда «Жазбаңыз көңілімнен шықты. Келесі жазғанда мынадай қателіктер жібермеуге тырысыңыз. Сізге сенемін» деген сөздермен қолдау білдіріңіз.