» » » Жаныңыз жадырасын десеңіз…

Жаныңыз жадырасын десеңіз…

    Бұл күнгі адамдардың барлығы дерлік жұмысбастылыққа бет бұрғандай. Бірі мемлекеттік қызметпен айналысса, ал екіншісі жеке кәсібін ашып күн-түн демей ақша табудың қамына белсене кірісіп кеткен. Біз сол жұмыстың қамымен айналамыздағыларға аса мән бере бермейміз. Тіпті бұрынғыдай туыстардың үйіне баруды да сиреткендейміз. Жұмыстан босай қалсақ, үй шаруасы, бала-шаға дейміз, одан қалды теледидар мен телефон деген дүниемен уақыт өлтіреміз. Сөйтіп жүріп туысқандарымызбен жиі хат-хабар алыса бермейміз. «Жұмыс, жұмыс» деп жүрген кезде жақындарыңыз сіздің ыстық ықыласыңыз бен жылы сөзіңізге шөліркеп қалмады ма екен?
    Үнемі ой үстінде немесе қабағымыз қатулы күйде жүреміз. Ал осындай сәтте бір ауыз жылы сөз жаныңды жадыратып салмаушы ма еді? Еркелету сөздерді де жиі ести бермейміз. Қазірдің еркелету сөздері де ілгерідегідей емес, өзгерген. Үлкен аға-апаларымыздың «Айналайын» дегенін естігенде одан артық тәуір сөз болмайтындай көрінетін. Ал қазір ше? «Басымды ауыртпашы, айналайын», «Айналайын, қоя қойшы» деп сол сөзді жағымсыз мәнде қолданатын болып кеттік. «Сәулем, қалқам» сөздерін бүгінде естіп жүрміз бе?! Сіз қандай еркелету сөзді қолданып жүрсіз? Ал «жаным» деген сөзді бүгінгінің жастары ата-енесінің көзінше айта беруді де әдетке айналдырып келеді. Қала берді бұл сөзді қыз балалар бір-біріне бей-берекет, жөнді-жөнсіз қолданатынын қайтерсіз?! Шындығында бұл сөз астарлы, мағыналы еді. Жаны мен жаны үндес адамдарға ғана арналып айтуға тиісті сөздің парқын төмендеткен де өзіміз… Бір ғана жылы сөз, еркелету не ізгі тілек я болмаса мақтау сөз айтып, сол жанға қуаныш сыйлауға болады ғой. Осы арқылы өзіңізге де, өзгеге де жағымды көңіл-күй сыйлай аласыз. Бір жаннан «ісің алға бассын», «сәттілік серік болсын», «қуанышыңа ортақпын», «сіз жақсы адамсыз», «сіз сондай мейірімді жансыз» деген сөздерді естісеңіз бір қуанып қаласыз ғой. Сіздің көңіл-күйіңіз жақсы болса, айналаңыздағыларға да нұр төгіп тұратыныңыз анық. Кешкісін жұмыстан шаршап келіп сіркеңіз су көтермей тұрғанда біреудің мазалап сөйлегенін де қаламайсыз. Сол сәтте үй ішінен «шаршап келдің ғой, қарағым, (сөздің орнына түрлі әдемі сөз қосып айтcаңыз тіптен жақсы) тамаққа келіңіз» деген шақыру естігенде қандай күйде боласыз? Бір серпіліп қалатыныңызға күмәнім жоқ. Сондықтан қай уақытта болмасын жылы сөз айтудың артықтығы бола қоймайды. Қазір сөз көтере алмаймыз. Бір-бірімізге болмашы нәрсеге бола ренжісіп, өкпелеп, біраз уақытқа дейін сөйлеспей, тіпті бет көрсетпестей болып кететініміз тағы бар. Жанымызға жақын жандарды ренжітіп, кейін сол үшін өкініп қаламыз. Ал бірінші болып иіліп кешірім сұрауды ұят көреміз.
      Біз ашу үстінде шешім қабылдауды жаман әдетке айналдырып алғанбыз. Сол сәтте «болды, бітті» деп бәрін тарс буып қоямыз. Көзіміз ештеңені көрмей кетеді. Санамызды тұманды ойлар билеп-төстеп алады. Жақсы ой сол кезде ойымызға келмейді ғой. Мектепте оқып жүрген кезімде әдеп сабағынан беретін мұғалімім айтушы еді: «Адам ең әуелі жақсы ойлау керек, жақсы ойдан жақсы сезім туады. Жақсы сезімнен жақсы іс туады» деп. Міне, сол уақыттан бері осы бір айтылған әдемі ой санамнан шыққан емес. Қандай жағдай болмасын жақсы ойлауға тырысатынмын. Мейлі сәтсіз аяқталса да. Себебі, ол менің санамда жақсы кейіпте қалады. Біреуге айтқан жағымсыз сөзіңіздің жүгін өзіңіз арқалап жүресіз. Сондықтан кісі көңіліне келетін сөз айтудан аулақ болыңыз. Барынша жақсы сөздер айтып, айналаңыздағыларды ренжітіп алмауға тырысқаныңыз жөн. Қамшының сабындай мына өмірде барынша жақсы сөздерді айтып, өзіңе де өзгеге де қуаныш сыйлауға не жетсін?!

Ақнұр Сағынтай


12 ақпан 2019 ж. 1 350 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031