» » » РАХМЕТТІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

РАХМЕТТІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Расында, рахметтің құны қанша дегеннің өзі қызық сұрақ. Өйткені нақты құны жоқ, саналық сыйластықтың сипаты секілді. Жасыратыны жоқ, кешегі социализм заманында рахметтің берекесі бар еді. Бір ауыз жылы сөз арқылы ықыласқа ықылас қоятын. Қазір құны қайтқандай, құты қашқандай. Ризашылықтың жеңіл түрі, не белгісі іспетті. Неліктен бұлай? Мәселе осында.
Бүгінгі уақыттың болмысы мүлдем басқа, сатулы, пұлдық пиғылға дендеп кеттік. Сүт сатпаған қазақ су сатуды да үйренді. Нарыққа бейімделу тек ақшамен өлшенетін сана мәдениетін қалыптастырды. Қандай жолмен болсын, тамақ тоқ, тәуір тіршілік кешсе сол тәубеге айналды, мейлінше, ар-ұяттан гөрі ақша тапқан анағұрлым олжалы саналды. Жеке жауапкершіліктің аманатын арқасынан сылып алып, жеңіл табысты жөн көргендер жолы болғыш келетін сияқтанып тұр. Әлі де солай. Әупірімдеп әрекет еткеннің ғана құдайы аузында.
Сәл ғана шегініс жасайық. Алдымен, елде жекешелендіру жүрді, жер бөлістік. Дүниеге тартыс басталды. Жұдырықтай жұмылып, айрандай ұйыған ағайын бір демде өзгеріп салды. Бұрынғыдай туған-туысқа шара-шара сары майын дымсыз сыйлай салатын әдепті едік, енді ақы сұрайтын ағайынға айналдық. Бір кездері өзбекке күлгенбіз. Баласы әкесіне қарызға ақша береді екен деп. Қазір өзімізге-өзіміз таңданбайтын болдық. Өйткені өзбектен де өтіп кеттік. Қарыз береміз, уақтылы қайырмаса, соққыға шығамыз, сотқа жүгінеміз.
Бабалар өтті бағалы. Бір рахметтің қуатымен айшылық жерге ақысыз жеткен. Бейтаныс ортаға да еркін сіңіп, құдайы қонақ болды, құрмет арттырды. Бірақ мұнысына ешкім көк тиын төлеген емес. Ұлттық дархан пейілдің ұлағатына жатқыздық.Осындай озық орнымызды,пақырдан бақыр тиын тілемей, қанағат тұтқан халық екенімізді талай ұлт тамсана айтты. Орыстар қазақ демократиясы сонау Абай заманында басталған деді: «Қазақтар үйдің есігіне құлып ілмейді, бір-біріне жамандық ойламайды, бейтаныс ашқұрсақ адам үйге еркін кіріп аштығын, шөлін басты, бөгде затқа тиіспеді» деп суреттеді сонда. Бұл сана тазалығы, жомарттығы, жат әдетке жуымаған жайсаңдығы жарқын уақыт еді. Осылай шіркін дейтін заманды басып озып, құлқын дейтін қоғамға құмар болдық. Қазір құлпыртып бай-манапты, би-билікті парасат иесіне балаймыз. Шын мәнінде, парасаттылық жүректе! Арысын былай қойғанда, осы Сыр бойының төл баласы – халқының жадына жалынды сөз қалдырған Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Нұртуғанды, елі үшін жанын садақа санаған Жалаңтөс, Жанқожа, Бұқарбайды ұлттың парасатты перзенті демей көр. Он бала тапқан алтын құрсақты ананы аяулым демей көр. Ауылдың ауызбіршілігін сақтаған ақсақалды ақылман демей көр. Жеті өнерді жаттаған, сегіз қырлы серке ұлды азамат демей көр. Міне, мұндай көптің игілігіне мұрындық адам арамызда жоқ па еді? Бар, бірақ бағалай бермейміз.
Бала күнімде бір қисса естігенмін. Сол еске түсіп, баяндауға бекіндім. Үш дос қажылыққа жиналып, ұзақ уақыт дайындалған екен. Содан бүгін-ертең жолға шығамыз дегенде үшеудің бірі көршісінің ризашылығын алмақ болады. Көршінің үйіне кірсе отана шеттей бала-шағаға тамақ таба алмай қысылып отыр екен. Мына жағдай жайдары көңілін су сепкендей басты. Сөйтті де қажылық сапардан бас тартты. Сапарлас екі досына: – Көршім аш отырып, менің Меккеге жол тартқаным жараспайды, онан да жиған-тергенімді сол отбасыға берейін, – дейді.
Ал, қасындағы екі кісі қажылыққа кетіп, тиісті міндеттерін орындады. Ең қызығы сол, қажылық парызды өтегендер қатарында әлгі ауылда қалған досының да аты аталады. Сауап жасаған адамға тәңірдің рахымы мол түсетінін білген ел кемтар-кембағалға жақсылық жасауды парыз санапты. Рахмет естуге құштарлық артыпты.
Ойды ой қозғап кетті. Тағы бір тағылымды оқиға ойға оралды. Бір жолаушы келе жатып, кенет бір сандыққа кезігеді. Қызығып кеп ашып қалғанда ішінен алып жылан шыға келеді. Ғайыптан тіл біткен жылан: «Мен сені жұтамын» деп айбат көрсетеді. – Асықпа, – дейді жолаушы, – анау көрінген топ адамнан ақыл сұрайық, солар не айтар екен? Бәлкім, солардың әділ сөзінен кейін-ақ жұтсаң үлгересің.
– Жарайды. Дегенің болсын.
Алайда әлгі отыз адам жолаушыға тіпті жақындаған да жоқ. Байқамаған болды да өте шықты. Жолаушы үнсіз қалды. Құдайдың қарасқаны ма, артынан тағы бес кісі келе жатты. Енді осы топқа үміт артты. Бұлардың да қарасы батты, қайрылмады.
Өлген жерім осы шығар деп дегбірсізденген жолаушы артына көз жіберіп еді, бір кісінің төбесі шалынды. Соңғы үміт деп соны күтті.
Ол ақсақ екен, аяңдап қасына келді. Құр келмеді, бірден жыланға бағыттап сөз бастады.
– Уа жылан, үлкендігінді көріп тұрмын. Бірақ осындай үлкен жылан кішкентай сандыққа қалай сиғанына қайранмын, — дейді сонда.
– Сен сенбей тұрсаң-ау, онда көргейсің, — деп жылан сандыққа кірген бойда аузын тарс жабады. Осылай жолаушыны өлімнен құрқарады.
Сөз болған әлгі жолаушы дінге мойынбұрмаған кісі екен. Отыз адам – оның отыз күн оразасын, бес адам – бес уақыт намазын білдірсе керек. Олардың қайырылмаған себебі ораза да ұстамаған, намаз да оқымағаны. Өмірінде бір рет ғана жарты нанды садақа қылған екен. Ақсақ кісі сол жарты нанның несібесі, ажалдан араша болып тұрған. Қазақтың «садақаны сауыңда бер» дегені осы ғой.
Жалпы, Рамадан айы Аллаhтың рахметін шашқан ай саналады. Соған сай хадисте: «Рамадан айының басы – рахмет, ортасы – мағрипат, аяғы – күнәдан тазару» делінген. «Алғашқы он күнде – Аллаhтың рахымы түседі, ортадағы он күнде – Аллаh жарылқайды, соңғы он күнде – Аллаh құлдарды азат етеді», – дейді. Шындықтың шырыны осы. Алланың сөзі рас, өзі рас.
Ескі көздер «бір алғыс мың қарғыстың бетін қайтарады» деп жататын. Тәйірі, қарғыс алмай, алғыс алғанға не жетсін, көмекті пұлдамай, жүректен тек жылы сөз, рахмет деген риясыз көңіл ақтарылса деймін. Асылы, рахметтің құны қанша тұрады екен, ә?!
27 шілде 2018 ж. 1 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031