» » 45 немере, 69 шөберенің әжесі

45 немере, 69 шөберенің әжесі




Егер ауыл-ауылды аралап, «өмірі өнегеге толы, ұрпаққа үлгі болар жан бар ма екен?» деп іздесеңіз, кез-келген қазақтың жерінен алтын да ардақты аналарымызды тауып ала қоятынымызға көзіміз жетті. Біздің бұл жолғы мақаламыздың кейіпкері – ауданымыздың тұрғыны, асыл әже Ақпатша Әміралиева осындай аналардың бірі. Ол бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, немере-шөбере сүйіп отырған асыл ана. Жарқын жүзінен шуақ ескен Ақпатша әжеміз 90 жасқа таяған.
Ғасырға таяу ғұмыр жасаған қазыналы анамыз Қазалының тумасы. 1950 жылы отағасы Әбдіғазымен отау құрып, жұмыс бабымен осында қоныс аударады. 70 жылдан астам өмірін осы мекенде өткізген олар 13 перзент өсірген. Отағасы теміржол саласында қызмет етсе, отанасы обаға қарсы күрес бөлімінде еңбек еткен. Саналы ғұмырын еңбекке арнаса да, 4 ұл, 9 қызына тәлімді тәрбие берген асыл жандар. Берекелі әулеттің әрбір мүшесі бүгінде қоғам үшін еңбек етуде. Алтын алқаны екі рет иемденген Ақпатша әжейдің жолын қызы Жақсыгүл жалғаған. Ол да бүгінде 7 перзент өсіріп, алтын алқа иеленіп отыр.
Қазіргі таңда әжеміздің он үш баласынан өсіп-өнген 45 немере, 69 шөбересі бар. Міне, үбірлі-шүбірлі болды деген осы шығар!
– Анамыз әлі күнге дейін өзі жүріп-тұрады. Әкеміз дүниеден өткеннен кейінгі жылдары ғана денсаулығы сыр бере бастады. Әйтсе де әлі күнге дейін кір жуып, тоқыма тоқып, керек десеңіз қамырды да өзі жая береді. Газет-журналды көзілдіріксіз оқиды. Ал мінезі өте жайлы. Ешкімге кек сақтамайды, ренжу дегенді білмейді. Бізді де сондай болуға үйреткен. Осындай өте мейірімді, кішіпейіл, жүрегі жұмсақ анамызбен мақтанамыз! «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың!» деген. Біз де осы кісінің алдында мәңгілік қарыздармыз, – дейді қызы Жақсыгүл.
Өзінен кейінгілерге тура жол көрсетіп, ақылын айтып, ақ тілегін білдіріп отыратын, Ақпатша әжеміз осы уақытқа дейін ақ батасын, жақсылығын ешкімнен аяған емес. Біз сұқбаттасар сәтте кейуана Алматы қаласында балаларының үйінде қыдырып жүр екен. Телефон арқылы тілдесіп, айтар ақылын тыңдадық.

– Көңілі кең адамның кем болмайтыны анық. Ең бірінші пейіл мен ниеттің түзулігі маңызды. Басыңа қандай жағдай түссе де сабырлық танытып, ақылмен шешкен жөн. Бей-берекет ашу шақырып, дауыс көтере сөйлеу әйелге тән іс емес. Еңбектеуден, жаңа нәрсені үйренуден қашпау керек. Адал еңбек қана бақытқа жеткізеді. Ұл-қыздарымның арқасында ел аралап осылай қыдырып жүрмін. Әр күніме тәубе, – дейді қазыналы қария.
Кейіпкеріміз немере-шөберелеріне зейнет, береке, молшылық, бақыт, байлықтың еңбекпен келетінін ылғи да айтып отырады. Ал тоқшылықта тоқмейілсімеуді, астамшылдық жасамауды, әр нәрсені ысырап қылмауды да ұрпағының құлағына құйып келеді. Жақында шөбересін ұзатып, шөпшек сүюді күтіп отырған әжей баршаның тілекшісі. «Аузыңнан шыққан әрбір сөз әумин дейтіндей болсын» дейді кейуана әңгіме арасында.
– Анамыз әлі күнге дейін кешкі уақытта серуендегенді ұнатады. Шай мүлде ішпейді, оның орнына қайнаған суды тұтынады. «Ұзақ жасауының сыры неде?» деп үйге келгендер жиі сұрайды. «Уақытылы тамақтанып, үнемі қозғалыста жүреді» деп жауап береміз. Асылында, тынымсыз еңбектің арқасында болса керек. Әлі күнге дейін тың. Осы уақытқа дейін ауруханаға жатып көрмепті. Дәрі-дәрмек қолданбайды. Дәрігерлер тек денсаулығын тексеріп кетеді,– дейді перзенттері.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ




17 шілде 2021 ж. 1 225 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 264

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 363

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930