» » Құт қонған Құндақбаевтар шаңырағы

Құт қонған Құндақбаевтар шаңырағы


Өнегелі отбасы – қоғамның тірегі. Ұрпаққа берген тәлімді тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі боларлық отбасылар ел арасында көп-ақ. Осындай берекелі шаңырақтың бірі – қуаңдариялық Құндақбаевтар әулеті.
Өнегелі шаңырақтың отағасы Ғани Әптайұлы осы өңірдің тумасы. Мектепті бітірген соң, Жетісай қаласындағы университетке оқуға түседі. Осында өмірлік жары Замирамен танысады. Ал отанасы Замира Сарыағаш ауданы, Қапланбек елді мекенінің тумасы. Қызығы мен шыжығы мол студенттік кезеңде қол ұстаса жүріп, оқуды бірге аяқтап, 1988 жылдың күзінде отбасылық өмірге аяқ басады. Отағасы Ғани сол уақыттан бері ауылдағы №186 мектепте алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып қыз­мет ете отырып, балаларға бі­лім беріп келеді. Ұстаздығымен қатар, үлгілі әке, ардақты ата атанып отырған Ғани ағай отбасының қай кезде де алғашқы орында тұратынын алға тартады.
– Ата-анамыз «ел үшін, халық үшін еңбек етіңдер. Көмек сұраған жанға шама-шарқыларың келгенше көмек қолын созыңдар. Қандай іс болса да шын көңілмен кірісіп, үйренуден жалықпаңдар. Ең бастысы – адамшылықтан айнымаңдар» деп өсірді. Біз де перзент тәрбиелеуде осыны негізге алдық. Отбасының орнықты, ұл-қыздың тәртіпті болуы берілген тәрбиеден. Әрбір әке ортасына сыйлы, ісімен үлгі болса, әрбір ананың баласына айтар ақылы болса бұл шаңырақтың іргесі берік болмақ, – дейді ардақты әке.
Ал отанасы Замира 2002 жылдан бері ауылдық клуб үйінің директоры. Ауыл өрендерін түрлі өнерге баулып, олардың биік шыңнан көрінуіне үлес қосуда. Үлкен шаңыраққа келін болған ол, тұрмыстық өмірінен сыр шертті.– Алғашында атам, енем, қайны ағам, барлығымыз бірге тұрдық. Енем ау­ылдың бипатымасы еді, ешкімге қатты сөйлемейтін. Мінезі жайдары, қолы шебер болды. Қазақы үйдің бауларын дайындап, киім тігіп, көрпеше көктесе де көздің жа­уын аларлықтай әдемі болып шығатын. Сонымен қатар ат тергегіш кісі еді. Күйеуін «Үлкен ұл» десе, қайнысын «Кіші ұл», ал қайын жұртының өзгелерін адам ойына келмейтін ерекше есімдер қойып, солай атап жүретін. Бізді де жайдары мінезді, кең пейілді болуға тәрбиеледі. Әйел бақытының кілті – отбасында. Отбасында береке-бір­лік болса, барлығымыз өсіп келе жатқан ұрпағымызды қадағалап, олардың тәлім-тәрбие алуына жағдай жасап келешекте елін, тілін сүйетін етіп тәрбиелесек ата-ана үшін одан артық қандай бақыт бар дейсің, – дейді отанасы.
Берекелі тірлігімен өзгеге үлгі болып отырған Құндақбаевтар 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Барлығы да жоғары білімді. Отбасының тұңғышы Ербол Шым­кент қаласында жоғары оқу орнын бі­тірген. Әке жолын жалғаған ол бүгінде аудан орталығындағы №183 орта мектепте мұғалім. Ал жары Арай №27 орта мектепте биология пәнінен сабақ береді. Ата-анадан өнегелі отбасының үлгісін алған олар да бүгінде 4 ұл тәрбиелеуде. Бұл әулеттің екінші перзенті Алтынай Ор­ал қаласындағы Жәңгір хан ат­ын­да­ғы университеттің қызыл дип­лом ие­гері, аумақтық инспекцияда бас маман бо­лып еңбек етеді. Жолдасы Мұрат ау­дандық ветинспекцияның маманы. Бұл ша­ңырақ жақында тағы бір атқамінермен толығып, Мұрат пен Алтынайдың үшінші перзенті өмірге келді. Ал Айданасы Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы университеттің физика-астрономия мамандығын тәмамдаған. Жетісай қаласына тұрмысқа шы­ғып, ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Отбасының кенжесі Ер­ке­бұ­лан Семей қаласындағы Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік университетінің ор­ман шаруашылығы факультетін бітірген. Бү­гінде жастар орталығында қызмет етеді. Жары Меруерт Шардара қаласының тумасы.
Бір айта кетерлігі, балаларының бар­лығы дерлік өз білімдерінің арқасында мемлекеттік грант ұтып алып, жоғары білім алған. Олардың білімге құштарлығын оятуда ата-ананың орны бөлек екені белгілі. Анасы перзенттерін жастайынан түрлі өнерге баулыса, әкесі таным көкжиегін кеңейтуге күш салады. Олар ұлдарын шаруаға бейімдесе, қыздарын қолөнерге баулыған. Әркім өз рөлін анық сомдаған отбасының озық үлгісі дерсіз. Бүгінде перзенттері ата-анасының тә­лімді тәрбиесін ақтап, жемісті істерімен қуантуда.
– Елбасының әрбір бастамасының біздің отбасыға тигізген шарапаты мол. Мемлекеттік бағдарлама арқасында ұл-қыздарым ақысыз жоғары білім алса, бүгінде «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы үйлі болуда. Жолдасым «ұл-қызымның арқасында Қазақстанның батысын, шығысын, солтүстік-оңтүстігін түгел араладым» деп мақтанып та қоя­ды. Аллаға шүкір дейміз. Ұлдарымыз отау құрып, қыздарды құтты орнына қондырдық. «Құдаң құр­дасыңдай, құдағиың сырласыңдай» болсын демекші, құдалаларымыз өзімізбен қатар. Қай кезде де әзіліміз жараса кетеді, сый­лас­ты­ғымыз да ерекше, – дейді аяулы ана.
Иә, бұл отбасының әр таңы арайлап атқаны сезіліп-ақ тұр. Сөзсіз, бақыттың шынар шыңына шыққан отбасы. Бүгінде олар 9 немере сүйіп, оларға ақылман ата-әже, балаларына үлгілі ата-ана болған ардақты жандар. Отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзген, әр жылы өнегеге толы Құндақбаевтар отбасының шаттығы ортаймасын!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 мамыр 2021 ж. 884 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 272

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 369

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930