» » Отыз жылда өркен жайған шаңырақ

Отыз жылда өркен жайған шаңырақ


Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Жанұя – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы орта. Сол себепті де отбасы адамзат үшін ең жақын әрі қасиетті ұғым. Тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ұясында адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі өтеді. Берекесі мен бірлігі жарасып, тәуелсіз елмен бірге еңсесін тіктеген жанұялар көп-ақ. Солардың бірегейі – қос ұстаздан құралған Ыбраевтар отбасы.
Ғабит Ыбраев пен Гауһар Сарбасова 1991 жылы отау құрған. Дәл осы уақытта елімізде үлкен өзгеріс орын алып, тәуелсіздікке қол жеткізген едік. Қызығы мен қиындығы мол отбасылық өмірдің отыз жылын артқа тастаған олар елмен бірге өсіп, өркендеп келеді. Олар жаңа мемлекеттің алдында тұрған үлкен қиыншылықтардан жас жанұя ретінде қол ұстасып өте білді. Оңай болмағаны анық, әрине. Соның арқасында бірлігі артып, ширап, шыңдала түсті. Бүгінгі берік отбасының іргесі жас мемлекетпен бірге қаланды.
– Біз отау құрған 1991 жылдары жанұяда əке-шешем, өзім, жолдасым інім, яғни бәріміз жұмыс істейтінбіз. Айлықты да уақытылы алдық. Бірақ дүкен сөрелерінде киім-кешек пен азық-түлік жоқтың қасы. Ал 1992-1994 жылдары тамақ талонмен берілді. Ас-ауқат алу үшін дүкен алдында ұзын-сонар кезек те күтетінбіз. Одан кейінгі жылдарда айлық жалақымызды 2-3 айда бір алып немесе оның орнына шемішке май деген секілді тұтынатын өнімдерді де айлық есебінде пайдаландық. Тіпті бірнеше ай жарық (свет) болмаған күндер де болды. Жолдасым екеуміз де ұстаз болғандықтан, сабаққа шамның жарығымен дайындалушы едік, – дейді өткенге көз жүгірткен отағасы.
Иә, берекелі отбасының тірегі Ғабит Ыбраев 1990 жылдан бері көркем еңбек пәнінен сабақ берсе, жары Гауһар 1991 жылдан бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Екеуі де №121 мектептің орны бөлек ұстаздары. Отыз жыл бойы жұмыста да, үйде де бірге жүретін отбасы өзгеге үлгі болуға тұрарлық. Елдің баласын тәрбиелеп, талай түлекті қанат қақтырған олар, өздері де төрт перзент өсіріп жетілдірді. Алтын асықтай 3 ұл мен көрікті қызды қанаттандырып, адамгершілікке баулыды.
– Шариғатта «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат» делінген. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қай¬сарлыққа тәрбиелесе, қызды ибалылық пен сыпайылыққа, арының алдында таза болуға баулып, отанасы болудың қыр-сыр үйреткен. Біздің отбасының ерекшелігі – жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орын¬сыз сөйлемеуінде. Өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау қажеттігін, олардың абырой әпермейтінін үнемі айтып отырамыз. Баланы дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әке мен ойлы анаға байланысты. Сондықтан да қай істе болсын, ең бірінші өзің үлгі болуың шарт, – дейді отанасы.
Иә, ұстаздық жолды өміріне арқау еткен ата-ананың перзенттері бүгінде жоғары білімді, әр салада табысты еңбек етуде. Тұңғышы Қайрат отбасылы. Қызылорда қаласындағы темір жол мекемесінде қызмет етеді. Ал қызы Гүлжайнаны былтыр құтты орнына қондырған. Үйдің үшінші перзенті Нұрдәулет Жалағаш ауданындағы өрт сөндіру бөлімінде білікті маман. Ал кенжелері Бейбарыс 7 сыныптың оқушысы.
Балаларына тәлімді тәрбие беріп, бүгінде немере сүйіп отырған жанұя елдің қазіргі жағдайына тәубе етеді. Қиын кезеңдердің артта қалып, жас мемлекеттің аяқтан нық тұрғанына қуанады.
– Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет болған Қазақстан қаншама қиындыққа жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өркениетке деген өршіл үнін мойындатуда. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында еліміз жылдам қарқынмен әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Біз қазіргі уақытта тәуелсіз елдің төл перзенттерін тәрбиелеудеміз. Олар егемен елде өмір сүргені үшін бақытты. Ендігі мақсат – қолда бар еркіндіктің қадірін біліп, елдің өркендеуіне үлес қосар ұрпақ тәрбиелеп, ұлағатты ұлттың ұлы мұрасын санасына сіңіру, – дейді ұстаз Ғабит Ыбраев.
Перзенттеріне асқар тау әке, аяулы ана, шәкірттеріне ардақты ұстаз атанған берекелі шаңырақ иелері өздерінен кейінгі жас отбасыларға қашанда өнеге. Інжу тойын тойлап отырған жанұяның береке-бірлігі жарасып, шаңырағы шаттыққа тола бергей дейміз.


Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 наурыз 2021 ж. 914 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 060

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031