Жарастық орнаған жанұя
Әрбір ұлт ұрпағымен мақтанады, олар арқылы мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының тірегі әке, жылу таратар нұры ана екені сөзсіз. Ел арасында ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, немере сүйіп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың көптігі қуантады. Сондай мерейлі жанұяның бірі – Сыдықовтар әулеті.
Олар ауданға қарасты Қуаңдария ауылының тұрғындары. Ұлы Отан соғысының ардагері Сыдық атайдың кенжесі Қалдан ағамыз 1953 жылы өмірге келген. Батыр әкеден үлгі алып, өміріне адалдықты өнеге еткен ол көлік жүргізіп, қой баққан. Қарапайым жұмысшыдан бастап түрлі қызметтік сатыдан өтіп, бас инженерлік қызметке дейін көтерілген. 1978 жылы іргесі қаланған шаңырақ қазір үлкен әулетке айналуда.
Бүгінде отағасы Қалдан Сыдықов пен отанасы Гүлсім Әлиасқарова 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 15 немере сүйіп отыр. 40 жылдан астам олар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Үлгілі шаңырақтың бүгінгі келбеті өзгелерге өнеге. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанған.
Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды танымды отбасынан алады. Ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтылмаса керек. Еңбекпен өмірі өрілген шаңырақта өскен ұл-қыздың барлығы дерлік бір-бір мамандықтың иесі. Сан-салада табысты қызмет етуде.
– Отбасы – адамды үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Ал сапалы білімді, саналы тәрбиені бала өзара түсіністікте, бақытты ортада өмір сүретін, сол бақытты жасай алатын отбасынан алады. Біз де ел қатарлы ұл-қыз өсіріп, солардың тілеуін тілеп отырған жандармыз. Балаларыма қай істе болмасын әділдік танытып, адал еңбекпен нан табу қажеттігін айтып отырамын. Себебі маңдай термен келген заттың құны жоғары, адал адамның мерейі үстем болады, – дейді Қалдан ағай.
Отбасындағы ерекше сыйластық, жас буынға ой саларлық тағылымдары, ғибраты мол әңгімелері өзге отбасыға үлгі боларлықтай. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мерейі тасыған Сыдықовтар отбасына қандай мақтау айтса да жарасады. Себебі олар бүгінде зейнет жасына жеткенімен, ерлі-зайыптылардың жеке-жеке кәсібі бар. Отағасы Қалдан «Әділет» атты шаруа қожалықтың иесі болса, отанасы Гүлсім тапсырыс бойынша ауыл тұрғындарына киім-кешек, ыдыс-аяқ жеткізіп береді.
– 2018 жылы зейнетке шықтым. Содан бері қарап отырмайын деп, шаруа қожалық аштым. Балаларым кейін жалғастырып, алып кетсе бұл бір берекелі кәсіп қой. Мемлекет те бұл бағытты қолдап, түрлі жеңілдіктер жасап жатыр. Менікі жол көрсетіп, бастап беру ғой, – дейді ардақты әке.
Үлгілі отағасының өнеге болар ісі мұнымен шектелмек емес. Ол ауыл ішінде береке-бірлікке бастайтын медиатор, сондай-ақ мектептегі қамқоршылық кеңестің төрағасы. Ал ауласында 30-дан астам жеміс ағашы өсіп тұр. Ұрпағының болашағы үшін төрт түлікті түгел өсіріп, табиғи өнім тұтынады. Мұның бәріне үлгеру үшін тынымсыз еңбектің қажет екені белгілі. Бірлігі жарасқан ерлі-зайыптылар кәсіпті де жүргізіп, үй айналасын да көркейтіп, саналы бала тәрбиелеп, ынтымақты өмірі, мәнді тірлігімен айналасына үлгі болып отыр. Мұның сырын сұрағанымызда:
– Мен отбасында ер адамның рөлі мен мәртебесі биік болуы керек деп ойлаймын. Балаларға тәрбие беруде әкенің орны ерекше. Бала әкесін асыраушысы ғана емес қамқоршысы, жанашыры ретінде бағалауы керек. Әке – асқар тау, оның берген тәрбиесі мен ақылын ешкім бере алмайды. Ата-ананың шексіз махаббатын сезінген бала ешқашан біреудің ала жібін аттамайды. Бұл – біздің өмірлік ұстанымымыз, – дейді отанасы.
Абзал ана сондай-ақ жас аналарға көпбалалы болудан қорықпау керектігін, үлкені өсіп кішкентайына қарап, қолғанат болатынын айтады. Қолындағы келіні Жазира да ене жолын жалғаған көпбалалы ана, әрі ұлағатты ұстаз. Жарасымды жанұяның тағы бір сыры – олардың білімге құштарлығында. Оған бүгінде білім жолын қуған немерелері дәлел. Үлкен немересі Далида Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның ІІ курсында оқыса, онан кейінгі Ақниет пен Әділет мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, мемлекеттік грантпен жоғары білім алуда. «Немерелеріміз оқуда озат, сайыста жүлделі. Біз олармен мақтанамыз» дейді ата-әжесі жарқын жүзбен.
Иә, отбасының мерейлі әрі өнегелі болуы жанұядағы татулық, бірлікпен өлшенеді. Жарастық орнаған шаңырақтың ғұмыры ұзақ. Адам баласының ажары да, бақыты да – отбасы. Ендеше көпке үлгі боларлық Сыдықовтардай отбасылар көбейсе, қазақы болмысымызды сақтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін, салиқалы да салмақты ұрпақтың өсері анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ