» » » Бір анадан алпыс шуақ тараған

Бір анадан алпыс шуақ тараған

Баланы бақытқа балаған халқымыз ананы да ардақтай білген. Тоғыз ай көтеріп, тән үшін ауыр толғаққа шыдап, алпыс екі тамырын иітіп ақ сүт берген ана қандай құрметке де лайық, әрине. Бүгінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген ақжаулықтыларымыз арамызда бар. Ал бұрындары еш атақ та, көмек те болмаған шақта несібесін Құдайдан тілеген олар әр шаңырақта оннан аса перзент тәрбиелеген. Қазіргі қоғамда мұндай отбасылар өте аз. Алайда асыл құрсақты анадан туып, бұл дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан текті жандар да бар. Солардың бірі – иіркөлдік Батыр ана Күлшара Ембергенқызы.
Ұлы Отан соғысының дақпырты басылған шақта, яғни 1946 жылы дүниеге келген Күлшара Есенбетованың екі есімі бар. Ата-анасы Емберген мен Дәлханның азан шақырып қойған аты Күлшара болғанымен, халық арасында Жанымкүл деген есімі көп аталады. Олай аталуының өзіндік сыры бар. Құрсағына біткен шараналары бірінен соң бірі өмір есігін ашар-аспастан шетіней берген Дәлханның несібесіне осы перзенті аман қалған. Сонда ағайын-туысы осы перзенттің өмірлі болуын жан-тәнімізбен Жаратушыдан тілейік деген екен. Содан бері ағайындары Жанымкүл деп атап кеткен. Көптің тілегі қабыл болып, өмірі жалғасқан кейіпкерімізден соң бауырлары аман-есен дүниеге келген. Батыр анамыздың өз анасы 16 құрсақ көтеріпті. Алтын құрсақты анадан туылған Жанымкүл апай да 12 баланы өмірге әкелген. Отағасы Серікбаймен 15 жасында отау құрып, елу жылдан астам берекелі де мерекелі ғұмыр кешкен. Елге қызмет етумен қатар, ел тұтқасын ұстар ерлер мен ана болар аруларды тәрбиелеген. Отағасының рұқсатымен егін егуге шығып, күріш еккен Жанымкүл апамыз озат қызметкер ретінде тарихта қалған. Бірнеше марапат пен бағалы сыйлықтың иесі, ауыл тұрғындары арасында да құрметі зор.
– Ол кездегінің көбі қазір есімде де қалмапты, – деп бастады жетпіс төртке келген ақжаулықты ана.
– Отау құрған соң, Алла сыйлаған перзент сүйдік. Балалардың буыны қатайған шақта еріме көмек ретінде егістікке жұмысқа шықтым. Тынымсыз еңбек пен іске деген адалдығым нәтижесін көрсетті. Асылы, қай нәрсені де қалтқысыз сеніммен, шынайы махаббатпен жасасаң жемісін көретінің анық қой. Еңбегім еленіп, марапат төрінен де көріндім. Жұмыс істеп жүрсек те ұл мен қыздың тәрбиесін естен шығармадық. Себебі баланың болашағы оның балалық шағынан басталады, – дейді Жанымкүл апамыз.
Ұлы – ұяға, қызы – қияға қонған шаңырақ бүгінде үлкен әулетке айналған. Өсіп-өнген ұл-қыздары сан салада еңбек етіп, әр қалада жүргенімен ата-анасы секілді көпбалалы отбасылар қатарын құрауда. Ақжаулықты анамыздың немере, шөбересінің саны бүгінде 60-тан асады. «Той-жиынға жинала қалсақ, Аллаға шүкір, бір қауым ел боламыз» деп күліп қояды. Әңгіме барысында отағасының өмірден өткеніне жыл толғанын, орны ойсырап қалғанын айтып көзіне жас та алды. Бұдан жарты ғасыр бойы бір жастыққа бас қойған жанның қадірлі екенін, ер азаматқа деген құрметін аңғарғандай едік.
Немере, шөберенің у-шуынан, бір туып, бірге өскен бауырлардың бірлігінен асқан не бар? Шаңырақтың шаттыққа толуы дегеніміз – осы емес пе? Сондайақ бұл қара шаңырақ көпшілікке ыстық мекен. Олай деуімізге себеп ауылдағы «Оспан молда» мешітінің ашылуына келген Әбдуғаппар Сманов бастаған ел ардақтылары осы үйге ат басын тіреген. Сондай-ақ айтыскер, ақын, дінтанушы Арман Бердалин де арнайы келген. Бұл кездейсоқтық емес. Құтты қонақтардың келуі текті әулеттің тегін еместігінен болар. Саналы ұл, ибалы қыз тәрбиелеген ардақты ана қазір ештеңеге алаң қылмайтынын айтты.
– Шүкір деймін, Алла өмір сыйлаған перзенттерім менен құрметін аямайды. Қолымдағы келінім Айнагүл де көңілімді табуға тырысып құрақ ұшады. Алыста тұрғанымен амандығымды біліп отыратын балаларым бар. Қазіргі уақыт жақсы ғой. Әлеуметтік желі арқылы жүзін көріп, мауқымызды басамыз. Осы жасқа келгенімше ғаламды дүрліктірер дерт барын білмеппін. Ендігі арман мынау аты жаман індет елімізден алыстаса екен. Адам өмірін ұзартып, ғұмырына мән беретін бала ғой. Сол баланың тілеуін тілеп отырмыз, – дейді ел анасы.
Ауыл арасында беделді, тұрғындар арасында сөзі өтімді Жанымкүл ана жиын-тойдың гүлі. Әншілігімен қатар, би де билейді. Ақыл-кеңес сұрай қалсаң даналықтың кені. Ал мінезі жайдары. Саналы ғұмырына, үлгілі балаларына риза. Кім туралы айтса да аузынан алғысы мен оған деген ақжарма тілегі сөз арасына қосылады. Өзгеге бақыт тілеу тек бақытты адамның ғана қолынан келеді емес пе? Ерен еңбектің үлгісі, өнегелі отбасының иесі, берекелі шаңырақтың киесі атанған Жанымкүл апамыздай аналар көп болғай.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 қыркүйек 2020 ж. 1 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 081

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031