» » Аты аңызға айналған ана

Аты аңызға айналған ана

Сыр елі – Сәлимасымен қоштасты
Ауыр індет аяққа тұсау салып, әрі-сәрі күй кешкен шақта мына бір суық хабар еңсемізді тіпті жаншылағандай. «Сыр – Сәлимасынан айырылды». Бұл сөзді есту қандай қиын еді. Ғасырдың батыр анасы, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, тың игеруші қазақ қызының өмірден өтуі – туған-туыстары үшін ғана емес, күрішті, ырысты аймақ үшін орны толмас ауыр қаза. Абай хакім: «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы» деп көкірегін қарс айырғанда, қандай күйде болғанын кім білген?! «Өмірге келмек бар болған соң, кетпек барын» білсек те, осы бір өзгеше бітім-болмыстың иесі әлі де жасай түсетіндей, тіпті, мәңгі қартаймайтын, ортаймайтындай көрінетін. Ол – Сәлима Жұмабекова. Сыр елі тағы бір айтулы тұлғасынан айырылды.
85 жылдық зерделі өмірінде талай белестерді басып, талай асулардан асты. Елдер атақ пен даңқтың соңына шам алып түскенде, бұл кісі өнімді еңбек етіп, дала төсінде күрішін баптап жатты. Мұнысы сүтпен біткен дегдарлықтың белгісі еді.
Еліміздің дамуына ерен еңбегімен ерекше үлес қосқан қайраткер қыз, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова өз өмірінің көп жылын егіс алқабында өткізді. Ерен еңбегі жоғары бағаланып, оған 1980 жылы Жоғарғы Кеңестің жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Еңбектің шыңын бағындырып қана қоймай, дүниеге көп бала әкеліп, оларға саналы тәрбие берді. Сыр өңірінің мақтанышына айналған жанның өмір, еңбек жолы, жеңісі мен жетістігі – жас ұрпаққа үлгі. Алғашқы тың игеру кезеңінде республикамыздың қоймасына құйылған миллиард пұт астыққа қосқан үлесі зор. Сонымен бірге, оның ел дегенде елжіреп тұратын жұдырықтай жүрегіне жұмыр жерді сыйдырған кеңпейілді жан екенін, барын емес, арын ардақтаған, жиғанын емес, иманын қастерлеген парасатын да жыр қылуға болады.
Ыбырай Жақаевтың ізбасары ретінде ерлермен иық теңестіріп еңбек еткен Сәлима Жұмабекованың еңбек жолы Ақжар ауылында сауыншылықтан басталған. Байланысшы, құрылысшы болып ауылдың түтінін түзу ұшыруға өз үлесін қосқан. Ауылдық кеңесті басқарған С.Жұмабекованың жұлдызды сәті егін шаруашылығымен тығыз байланысты. Батыр ананың Сыр маржанын өсірудегі өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған емес. Осыған дейін «Құрмет белгісі», «Ленин» орденімен марапатталса, 2000 жылы «Ғасырдың Батыр анасы» атағын алды. Келер жылы Астанада Елбасының қабылдауында болды. Аңыз ананың 70 жасқа толуына орай 2005 жылы «Сыр сұлуы, Батыр ана – Сәлима» атты деректі жинақ құрастырылып, телехабар түсірілді. 80 жылдық мерейтойы да Сыр халқымен бірге кең көлемде аталып өтілді. Оның құрметіне «Сәлима» атты күріштің жаңа сорты өндірілді. Туған ауылы Тұрмағамбетте жаңадан бой көтерген балабақшаға есімі берілді.
Батыр ананың тындырған толағай тірлігі тарих беттерінде алтын әріппен таңбаланбақ. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демей ме халқымыз. Сәлима апаның көз сүйсінер ізгі қасиеттері, айтқан ұлағатты сөздері өзі өмірден өтсе де, ел ішінде, ұрпақтармен бірге мәңгі жасай береді.
Жер ана төсіне құндақталған Ер ананы елі ешқашан ұмытпайды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
31 наурыз 2020 ж. 1 656 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031