» » Бақыт кілті

Бақыт кілті

Үйіңізде сәбидің сыңғырлаған дауысы естілсе бақыттың кілті қолыңызда дей беріңіз. Себебі бала – болашағыңыз. Ізіңізді жалғар тұяғыңыз, атыңызды шығарар ұрпағыңыз. «Алып анадан туады». Білікті маман, білімді адам, ғалым, әкім, дәрігер де ананың тар құрсағынан шыққан. Оны өсіріп-тәрбиелеуде ананың кемеңгерлігі, даналығы мен парасаты сеп. Ана жайында айтар болсақ шексіз әлемді бір шарлаймыз.
Алайда санамызды «бірақ» деген сөз жегідей жеуде. Бүгінгі қоғамдық пікір екіге бөлінді. Көпбалалы ананы жазғырып, баланы қажетсіз етті кейбірі. Жыл сайын «көтергіш екенсің» деп тағы жекіді біреуі. Баланың бақыт екенін, Алланың қалауымен өмірге келерін білсек көпбалалы ананы неге кінәлаймыз?
Бала күнімде үйімізге қарама-қарсы тұрған жас отбасы есімде. 18 жасқа енді толғанда Толғанайды Шымкенттен көрші аға алып қашты. Алыстан келген соң артынан келер адамы болмады. Көнді, қалды. Арада біраз уақыт өтпей енесі о дүниелік болды. Көршілер «кесір келін» деп айдар тақты. Өзі көнбіс болса да ішкіш күйеуінің бабын тапты. Адам қылды. Бірақ жұрт қолын шошайта қарайтын. Жылда-жылда аяғы ауыр болып, босанатын. Жағдайы мәз болмаса да «әр бала өз несібесімен ғой» деп отыратын. Бірінен соң бірі ерген балалары анасының бақшада өсірген картоп, қияр, қызанағын сатып ақша тапты. Осылай жүріп тез ер жетті. Қазір келіншек 9 баланың анасы. Алдыңғы қатарлы ер жеткен ұлдары оқуын бітіріп, жақсы жерде қызмет атқарады. Бұрынғы кепе үйі зәулім үйге айналған. Бастысы – «еңбектің тәтті нанын» жеп отыр. Иә, бұл отбасының балалары жайында ауыр сөз естімейсің. Ортаңғы қызы мен ұлы мектепті алтынға бітіріп, грантқа оқуға түсті. Кішілері үздік оқушы. Мұнан біз не түйдік? Толғанай бар жақсысын аямаған асыл жан. Тағдырдың тауқыметіне мойымай бала үшін бәріне дайын болды. Парасатымен, ақылымен қиындықты жеңе білді. Бұл бір ғана мысал. Ал Толғанайдай балам деп баз кешіп жүргендер қаншама?
Аудан бойынша төрт баладан көп баланы өмірге әкелген аналар саны 780-ді құраса, алтын мен күміс алқа таққан, Батыр аналар – 1022. Демографияның өсуіне үлес қосқан бұл жандар қаншалықты қамқорлықта? Расымен де қазір сарыауыз балапандай мемлекетке ауыз ашатынымыз жасырын емес. «Біреу берсе, біз алсақ» деген ойдан да аулақ болған жөн болар еді. Әрине тағдырдың жазғаны сол дейміз. Бірақ оны өзіміз жасап алатынымыз өкінішті.
Қазір ғаламторда «челленджге» айналған қайырымдылық бар. Яки бір адам бір отбасына барып, керегін алып береді. Осылай бұл жақсылық екінші адамға көшеді. Айналады дейміз-ау, айналып та үлгерді. Мекемелер де қайырымдылыққа белсене атсалысуда. Жамағат та көпбалалы отбасыларына баспана сыйлады. Қуанышы мен қайғысы, қиындығы мен шаттығы қатар жүретін өмір-сынақта кімнің басынан не өтпейді? Сондай бір сәтте көңілге медеу, жанға демеу болатын қайырымды адамдардың жаныңа жалау болып, қолдағаны бір ғанибет.

Түйін
«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар». Иә, бақыттың құлпын ашқыңыз келсе «сәби» деген кілттің тетігін табыңыз. Санына мән бермеңіз. Бастысы – азамат болып ер жетсе болғаны. Айтпақшы, аяғы ауыр келіншекті көрсеңіз сөге көрмеңіз. Себебі Жаратқанның сыйынан ешкім асып түсе алмайды.

Айнұр ӘЛИ
08 қазан 2019 ж. 1 612 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 093

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031