» » Кеш үйлену: Сән бе, мәжбүрлік пе?

Кеш үйлену: Сән бе, мәжбүрлік пе?


    Адамзаттың басты міндеті – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Асылында адамның басты құндылығы да осы болса керек. Тал бесіктен жер бесікке дейін артынан із қалдырып, ұрпағына өнегелі, өрелі тәрбие беруге асығады адамзат. Әйтсе де дәл осы құндылығымыз күні бүгін маңыздылығын жойған сияқты. Шаңырақ көтеріп, отбасылы атанып, ана, әкенің жауапкершілігін мойнына алғысы келмейтін жастар көбейді. Батыстан соққан суық жел сияқты түрлі «мода» санамызды улап барады. Азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес. Оның үстіне қыздар мансаптың ізіне түссе, ер-азаматтарымыз үлкен жүкті мойнына артқысы жоқ. Баз бір жастар үшін «Отбасы» атты үлкен институт кәдімгідей «қамытқа» айналды. Қазірдің өзінде үйлену жасына жеткен бойжеткендердің 30, жігіттердің 40 пайызы бойдақ. Ресми деректі бағдарласақ, 2012 жылдан бері тіркелген неке саны 164 мыңнан 128,5 мыңға дейін төмендепті. Бұған не себеп? Ғасырлар бойы дәріптеліп келген отбасы құндылығы қазір қалай өзгерді? Саралап көрсек.

(сурет ашық дереккөзден)

Дерек пен дәйек

   Google ұсынған дерек бойынша, әлемде 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады. Ал елімізде әр үшінші шаңырақ шайқалады. Мамандардың зерттеуінше, республикада жылына орта есеппен 140 мың азамат үйленсе, кейін оның 50 мыңы ажырасу туралы шешім қабылдайды. Айырылысуға бел буғандардың үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4 пайызын құрап отыр.
   Ұлттық статистика бюросының сарапшылары мынадай мәлімет ұсынады. «2023 жылдың қаңтар-маусым айларында республика бойынша 53 835 неке қиылды. Оның 64 пайызы – қала, 36 пайызы ауылдарға тиесілі. Жігіттер мен қыздардың алғашқы некеге тұру жасының ұлғаю қарқыны байқалады. Мысалы, кейінгі 5 жылда ерлер арасында 27,6 жастан 28 жасқа ұлғайды. Қыздардың орташа тұрмыс құратын жасы 25-тен 25,2-ге өскен. Отбасын құруға асықпайтын жастардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады». Бір сөзбен айтқанда жастар отбасын құруға асықпайды. Сарапшылар бұл үрдісті алдымен урбанизациямен, одан кейін инфляциямен байланыстырып отыр.
   Бұл бір жағынан заман ағымының, қоғамдық қатынастардың, өмір сүру дағдысының өзгергенімен байланысты екені түсінікті. Ал «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай бұл тақырып төңірегінде мынадай ой айтады.
– Рас, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың озығы да, тозығы да бар. Қазіргі жастарды байырғы қазақ қоғамына бейімдеу де тиімсіз. Ер азамат жұмыс істеп түзде жүрсін, әйел бала тәрбиесімен үйде отырсын деген классиканы ұстана алмаймыз. Себебі ер азаматтарды тәрбиелейтін жіп үзіл­геннен кейін, мал таба алмай қалады да, пысық қыздар отбасын қамтамасыз етуге мәжбүр болады. Егер әйеліне баяғы әуенмен сен үйде отыр десе, қаржылай қиналатыны түсінікті. Бұл да болмайды. Мәселені тереңнен іздеу керек. Мәселен, бұрын қыз баланы оқыту, сауатын ашу жөн деген насихат, саясат жүрді. Нәтижесінде, елімізде ерлерге қарағанда білімді әйелдер коэффициенті жоғары. Әйелдердің жалпы біліммен қамтылу деңгейі – 60, ерлерде 50 пайызға тең. Ерлер көбіне техникалық кәсіби білім алады. Білімді әйелдерге білімді азаматтар жетіспейді. Осыдан жұбын табу қиын, тиісінше, екеуінің арасында келіспеушілік болады. Екінші жағынан, оқымаған азаматтардың табысы аздау, содан өміріне көңілі толмай, өзін қор сезінеді, – дейді ол.

Алдыңғы буын үлгісі мен азаматтық неке

    Психологтардың бір тобы ерте шаңырақ көтермеудің бір себебін балалық шақтағы естеліктерімен байланысты екенін алға тартады. Бұл бірнеше ғасыр бұрынғы емес, Тәуелсіздік алып, жаңа ел болуға ұмтылған кездегі жағдайдың әсері. Бұл туралы әлеуметтік желідегі танымал психолог Ержан Мырзабаев әдемі мысалмен толымды пікір ұсынады.
– Біз 90-жылдарда өскен ұрпақпыз. «Role model» жоқ. «Әкем мен анам осылай уақыт өткізетін еді», «анам әкеммен былай сөйлесетін еді», аптасына бір рет отбасымызбен серуенге шығып тұратын едік», «кешкісін теледидар көріп бір тақырыпты талқылайтын едік» деген секілді нәрселер ол кездегі балаларда жоқ. «Role model» болмаған кезде бала өседі, табиғи қажеттілік деңгейінде отбасын құрады, бірақ «үйленгеннен кейін қалай тұрамыз?», «мәселені қалай қабылдаймыз?», «қалай сөйлесеміз?» деген нәрселер тасада қалып қояды. Салдарынан келіспеушілік туындайды, одан ажырасуға келіп тіреледі. Екінші жағынан бізде ажырасу көп. Сол 90-жылдары ішімдікке салынған күйеуінен, оның жұмысқа қауқарсыздығынан әйелдер баласын өздері қараған, бір жағынан отбасын асыраған. Осылайша, жауапкершілік әйелдерге жүктелді. Міне, мұны көрген қыздар «Анам ажырасты, баласын өзі өсіріп, жетілдірді, демек бұл – қалыпты жағдай. Әрі анам секілді күйеуімді сүйреп жүргім келмейді» деген түсінік қалыптасты. Содан олар жолдасына «осал тұстарымызды қабылдап, бірге тұрамыз немесе ажырасамыз» деп бірден шарт қоя алады. Отбасы – екі тараптың үлкен жұмысы. Тепе-теңдікті ұстау үнемі еңбекті қажет етеді, – деді психолог.
   Мұндай үдеріс тек біздің елде ғана емес екен. Бүгінде экономикалық әлеуеті жоғары АҚШ тұрғындарының 89 пайызының отбасылық өмірі алаңдатарлық жағдайда екен. Хьюстон университетінің ғалымы Дина Ханнафорд пен Бостон университетінің антропологі Джоанна Дэвид­сонның жүргізген зерттеулерінде әйелдердің некеге тұрудан бас тартуының бірнеше себебін анықтаған. Ашып айтсақ, опасыздық, мансаптық мүмкіндіктер мен тәуелсіздіктің артуы және ата-аналары, бауырларымен бірге тұру арқылы өзін қауіпсіз сезінуі. Ал ер адамдар көп жағдайда жауапкершіліктен қашатын көрінеді.
    Аталған себептер жастардың да бойында бар. Бұған қоса қоғамда «азаматтық неке» қалыпты жағдайға айналып барады. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары әзірлеген «Қазақстан отбасылары» тақырыбындағы ұлттық баяндамасында респонденттердің «азаматтық неке» құбылысына деген көзқарастары «оң», «теріс», «бейтарап» деп аталатын үш топқа бөлініп, зерделенген. Азаматтық некені жақтайтындар көрсеткіші – 28,3, оған қарсылар – 33,1, бейтарап ұстанымдағылар үлесі – 32,8 пайыз. Зерттеуге еліміздің 17 өңірінен 1 200 адам қатысқан. Мамандардың айтуынша, бұл дегеніміз елімізде әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін дегенді білдіреді.

Білімнің берері бар ма?

    Соңғы жылдары зорлық-зомбылық көрген келіншектердің саны еселеп артқан. Олардың көбі күйеулерінен таяқ жегендер. Тіпті ұрыс-керістің соңы қайғылы аяқталып жатқан жайттар да жетерлік. Әйеліне ғана әлі жететін мұндай еркектердің көбеюі көпті алаңдатуда. Осыдан жеті жыл бұрын сол уақыттағы ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов «Ажырасу жағынан Қазақстан алғашқы ондықтың ішінде. Отбасы деген не? Бақытты жанұяның құпиясы неде екенін жастар біле бермейді. Сондықтан үйленемін деушілерге арналған міндетті курс болу керек. Одан өтпесе, неке болмау керек» деген ұсынысын білдірген еді. Алайда бұл ұсыныс елеусіз қалды.
   Арада қаншама жыл өтті. Шаңырағым биік болсын деп асықпай, таңдағандардың өзі, бір жылға жетпей ажырасып жатыр. Қазақстанда бір бүтін боламыз деген әрбір төртінші отбасы екіге кеткен. Жанұя болуға асықпайтын, ажырасудан жасқанбайтын азаматтар көбейіп барады.
   Жуырда Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде неке қиюға өтініш білдірген жұптар отбасын жос­парлау тура­лы кеңес алып, арнайы нұсқаулықпен танысуға міндеттеледі деген еді. «Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осыған орай, БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында қанатқақты жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған. Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңірге енгізуді қолға аламыз. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Бақытты қазақстандық отбасы» интерактивті нұсқаулығы әзірленеді. Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар «Электрондық үкімет» жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуға тиіс. Қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлінген, 25 пайызы – жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға, 10 пайызы – халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15 пайызы – жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға, 10 пайызы басқа бағыттарға жұмсалып жатыр» дейді министр.

Пікірлерді пайымдасақ

  
Шариғат шеңберіне сүйенсек, ислам діні де адамдардың неғұрлым ерте отбасын құрып, ұрпақ сүюге асығуы керектігін насихаттайды. Біздің халық арасында да «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыздың бір хадисінде үйленудің ырыздығыңды арттыратыны жөнінде айтылады. Сондай-ақ, «Жұбайы жоқ адам бай болса да – міскін» дегенді де Пайғамбарымыз айтыпты. Құран сөзін өмір салтына айналдырған біздің халық «Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп жұбайды байлыққа теңеп жататыны да осыдан.
   Дәрігерлердің айтуынша, 30-40 жаста үйлену физиологиялық тұрғыдан да дұрыс емес. Өйткені, медицинада 27-28 жастағы қыздар кәрі саналады. Жалпы кеш үйленуді мақсат тұтқандардың кейбірі еркін жүріп, зинақорлыққа ұрынып, тағы бірі жыныстық аурулар жұқтырып, денсаулығына зиян келтіріп алуы ықтимал. Оның ар жағында бала сүю арман боп қалу қаупі де жоқ емес. Себебі, медицина қызметкерлері тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екендігін растап отыр. Кеш құрылған некенің бала санын шектейтінін күнделікті қоғамнан да көріп жүрміз. Дана бабамыз «он үште отау иесі» деп ұлды ерте үйлендіруге асыққан. Бесік құда болып, қызға ерте кезде құда түсіп қойған. Неғұрлым ертерек үйленудің жалпы денсаулық үшiн маңызды екенiн қазiргi медицина да анықтап отыр.
   Үйленбей жүргендердің көбейіп кетуіне психологтар да алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, отыздан асып, отбасын құрмағандар сырт көзге бақытты көрінгенімен, негізі жан күйзелісіне ұшырағандар. Психологтар бойдақтардың үйленбей, салт жүруді таңдауы тек қана материалдық жағдайға байланысты емес, сол адамның өзіне деген сенімінің аздығынан деп түсіндіреді.
– Иә, соңғы жылдары бойдақтар саны сәт санап артып барады. Бұл, әрине, қорқынышты. Қаншама тағдыр? Негізі, бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан келер болсақ, отыз-қырыққа келсе де шаңырақ көтермеудің басты себебі – отбасылық жауапкершіліктен қашу. Анығы, бұрынғы «үйленіп алсақ, бәрін бірге көреміз» деген стереотип өзгерген. Қазіргі таңда жастар арасында жауапкершілікті жалғыз өзі сезіну басым. Жастар үйленіп, үй болу, сәби сүю секілді жауапты істерге мойынсұнғысы келмейді. Алайда табиғат заңына қарсы тұруға болмайды. Қолдан келсе, ер де, әйел де жалғыз болмауы тиіс. Оны тұтастық дейді. Кейбір бойдақтардың отбасында ата-ана рөлдері дұрыс қалыптаспайды, содан да олардың біразы отбасылы болуға асықпайды. Тағы бір мәселе, соңғы жылдары гендерлік саясаттың да әсері басым. Қыздар ер-азаматтармен иық тіресіп, барлық жұмысты қатар атқарып жүргендіктен де, өздерін олармен тең ұстайды. Ал қазақ отбасында ер-азаматтың мысы басым тұрмайтын ба еді? Ал тұрмысымды түзеп аламын деп, отбасын құрмау, өкінішке қарай, ең көп кездесетін жайттардың бірі. Сондай-ақ, қазір салыстыру да көп, шамасы жетпесе де, дүркіретіп той жасау сәнге айналды. Үйленгісі келетіндердің кейбірі осындай тойға шашатын қаражаты болмаған соң отбасын құруға талпынбайды, – дейді психолог А.Каналбекова.

Жастар не дейді?
  
Үйленуге құлқы жоқ жастардың өздері не дер екен? Бойдақ жігіттердің дені қазіргі қыздардың түр-келбетіңе қарағаны былай тұрсын, аспандағы айды сұрайтынын, жігіттерден көп нәрсе талап ететінін, қалағандарын жасатқысы келетін көкірек мінездері барын айтып, ренжиді. Енді бірі жасайтын жұмысың мен үй-машинаң барына, жалақыңның жоғары болғанына қатты мән беретінін алға тартады. Бойдақтардың бір бөлігі қалың мал, құдалық, той сияқты шығындардан қорқатындарын да жасырмайды. Ал жас кезінде бір қызды құлай сүйіп қалып, ол қызды басқа жігіт алып қашып, сол қыздан басқаға көңіл бөле алмай жүрген сүрбойдақтар да бар, дегенмен олар санаулы.
   Ал тұрмысқа шықпаған қыздар қазіргі жігіттердің өздеріне сенімі жоқ, ынжық, жауапкершіліктен қашатындығын айтса, енді бірі қыздармен тек көңіл көтеру үшін ғана жүретіндерін әңгімелейді. Енді бірі тұрмысы тәуір, мансапты қыздардың соңында жүретін альфонс жігіттердің де барын айтады. Тағы бір топ бірыңғай әйелдер жұмыс істейтін ортада қызмет ететіндерін тілге тиек етеді. Енді бірі «Үйде отырған адамды кім іздеп келеді? Шынымды айтсам, қазір көп үйден шықпаймын, шықсам да көпшілік ортаға бара бермеймін» деп шынын айтып жатады. Тұрмыс құрмаған қыздардың бір тобы бұрын ажырасқан жігіттермен бас қосқысы келмейтіндерін де жасырмайды.
   Осы ретте жастардың өзіне де сұрау салдық. Назым есімді ару «Жасым – 26-да. Осы уақытқа дейін бізге «алдымен білім ал, сосын жұмыс істе, ешқайда асықпағаның абзал» деп тәрбие берген. Оқыдым, қолымда қос дипломым бар. Шынымды айтсам, қазір азаматтарымыз өздеріне сенімсіз, ертеңгі күніне күмәнмен қарайды. Сенімсіз адамның қолынан ұстап, болашаққа қадам басу тіптен қиын. Сондықтан «ертеңгі күнім не болады, осы күніме зар болып қалмаймын ба?» деген үрей басым» дейді ағынан жарылып.
  Ал 24 жастағы мемлекеттік қызметкер Мейрамбек есімді азамат бұл мәселеге біржақты қараған дұрыс емес деген пікірде.
– Ерте отбасын құруды жан-жақты қарастырғанымыз дұрыс. Үлкен қадам жасаудың алдында әсіресе жігіт жауапкершілікті екі есе сезіну керек секілді. Мен бір отбасының ері болуға психологиялық, моральді-материалды дайынмын ба? «Ертеңгі отбасылық өмірімнің жарқын болуы үшін, болашақ баламның толыққанды жанұяда өсуіне жағдай жасай аламын ба?» деген өзінің ішкі жан-дүниесіндегі сұрақтарға «иә, дайынмын!» деген жауап ала алғанда шаңырақ көтерген жөн болар. Себебі бүгінгідей «сананы тұрмыс билеген» нарықтық заманда жанұяда болатын қаржылық мәселер шаңырақты шайқалтпай ұстап тұратын махаббат күші әлсіреуі де мүмкін. Кішкентай мәселе үлкен даудың пайда болуына әкеп соғады. Сондықтан да жігіт 23-25 жасқа дейін аянбай еңбек етіп, білім жинап, барлық жағынан үйленуге дайын болуы керек. Менің ойымша, осы жаста отбасын құру ерте де, кеш те емес деп ойлаймын. Отызында орда бұзбаған жігіттің қырқында қамал алмайтыны тағы бар. Сол үшін ертерек ес жиып, қай жаста болса да ішкі түйсігің мен саналы түрде дайын болған шақта шаңырақ көтерген қайырлы болады деп ойлаймын, – дейді Мейрамбек Қанатұлы.  
   Ал отыздан асып отау көтерген Жәнібектің өз айтары бар. Ол «Жалпы есейген соң тұрақты жұмысың болып, жанұяңды асырай алатын жағдайға жеткен кезде үйленуге болады. Дегенмен, «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген сөз бар. Үйленсең, ризығың артады дейді. Сондықтан, ата-бабаларымыздың жолын қуып, ерте шаңырақ көтерген абзал. Ал 30 жасқа келгенде ойың тұрақталады, артық жүріс-тұрысың да тоқтайды. Сол кезде отау құрсаң, ақыл-ойың толысқан азамат ретінде балаға беретін тәрбиең де бөлек болады. Мен екеуін де құптаймын. Әркімнің өз таңдауы. Ерте үйленудің де, кеш отау құрудың да жақсы тұстары жетерлік. Ал қыз балаға ерте тұрмыс құрған өте дұрыс. Себебі, жас кезде адам кез келген ортаға оңай сіңісіп кете алады. Ал жасы ұлғайған сайын ол мансап қуады да, тұрмысқа шығуға деген ынтасы жоғалып кетеді» деген пікірде. Қарап отырсақ, әркімдікі өзінше дұрыс.

Түйін

  Осыдан біршама жыл бұрын жасы 25-тен асқан қыздарға, 30-дан асқан жігіттерге «бойдақ салығын» міндеттеу керектігі қоғамда қызу талқыға түскен еді. Алайда, бұл ұсыныс аяқсыз қалды. Ойлап қарасақ, салт жүргені үшін ешкім қалтасынан ақша шығарғысы келмейді. Бұл ұсыныстың аяқсыз қалуының себебі де осы болса керек. Қалай десек те, жастардың отбасын құруға құлықсыз болуының себебі де, салдары да көп-ақ. Қай заманның да өз қиындығы, өз қызығы бар. Әке-шешеміз қылышынан қан тамған Кеңес Одағының кезінде, ата-әжелеріміз жаппай қырылған ашаршылық тұсында да отбасын құрып, үрім-бұтағын жетілдірген. Ал біздің «дайын асқа тік қасық» болып, мемлекеттен көмек күтіп, алақан жайып отырған жайымыз бар. Әсілінде, жастардың шаңырақ көтеріп, отбасын құруға асықпауы – әлеуметтік мәселелердің салдары емес, жастық эгоизмнің әсері болса керек. Бұл, әрине, тек біздің жеке пайымымыз. Алайда жастық эгоизмнің 30-40 жаста да кездесіп, «қартайып» бара жатқаны алаңдатады бізді…

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 шілде 2024 ж. 222 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 264

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 363

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930