БОЙДАҚ САЛЫҒЫ «ОТЫРҒАНДАРДЫ» АЗАЙТА МА?
Ауылдағы біздің көшеде Әнипа есімді апа тұрады. 35-тен асқан әлі үйленбеген баласы бар. Өткен-кеткен көршілер жағдай сұрасып болған соң «Талғат үйленемін демей ме?» деген сұрақты төтесінен қоя салады. Әнипа апаға бұл сұрақ жауыр болған. Ұлының үй болғанын өзі де асыға күтіп жүр. Бірақ елдің де осылай үздіксіз сұрауы жанына бататын. Десе де сыр бермей «бұйырса, ол күннің ауылы да алыс емес» деп қысқа қайыратын. Көшеде немересін қолына жетектеп жүрген жанды көргенде ұлына келіп егіле жылайды. «Балам-ау, менің де солар секілді немеремді қашан иіскеп жүрер екем»,-деп көзіндегі жасты сығып алады.
Қазіргінің жігіті отбасын құруға, қызы тұрмысқа шығуға асықпайды. Бірі – тұрмыс жағдайын сылтау етсе, енді бірі – «жөнді адамның» кезікпей жүргенін айтады. Бұл дүние еліміздегі жігіттердің «сүрбойдақ» атанып, бойжеткендердің «кәріқыз» санының артуына әкеліп отыр. Осы орайда елімізге «бойдақ салығы» қолданысқа енсе деген ойда қаласың.
Иә, бұл қоғамдық мәселеге айналып тұр. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемді жайлаған түйіткілді мәселеге айналып отықұрмай, жалғыз өмір сүру темекі тартып, ішкілікке салыну секілді зиянды әдетке бастайтынын айтады. Сондай-ақ жалғызбастылар ұзақ жасамайды деген тұжырым да жасаған екен. Сондықтан «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» дегендей уақыты келгенде шаңырақ көтерген дұрыс.
ІЗДЕГЕНГЕ СЫЛТАУ КӨП
Адамзат баласының басты міндеті – отбасын құрып, өмірге ұрпақ әкелу емес пе? Әйтсе де отбасылы атанып, жауапкершілікті мойнына алуға асықпайтындар саны асып тұр бұл күнде. Шаңырақ көтеретін жасқа келген қыз-жігіттердің «үйлену тақырыбына» келгенде айтар уәжі бар. Әрине, бірінші кезекте – әлеуметтік жағдай. Барлығының аяққа тұрып, содан кейін шаңырақ көтергісі келеді. Иә, нәзікжандылар мансап жолын қуса, ер азаматтар тұрмыстық жағдайды түзеуді ойлайды. Рас, бүгінгінің талабы мен талғамы да ерекше. Мәселен, 17-18 жасында мектеп бітірген қыз-жігіттер 4 жылын жоғары оқу орнына арнайды. Рас, бүгінде білімсіз ешқайда бара алмайсыз. Қалаға келіп оқыған әрбір адам осында тұрақтап жұмыс істеудің қамына кіріседі. Бірі – оқуды магистратураға жалғасам дейді, енді бірінің шетелге шыққысы келеді. Одан соң көлік міну, пәтер алуды көздейді. Осылай жалғаса береді. Материалдық жағдайды түзетемін деп жүргенде уақыттың қалай зырғып өткенін де аңғармай қалады. Мансап қуған кей қыздар ақ босаға аттамай-ақ бала сүйіп жатады. Әрі-беріден соң мұны өзі ұят деп есептемейді. Барлық жағдай жасап алған соң «өзім үшін» деп баланы жалғыз өсіреді. Ойлап қараңызшы, толыққанды отбасында тәрбиенің жөні бөлек қой. Әке немесе ана тәрбиесін көрмей өскен баланың ертеңгі ұрпағы қалай болады? Өзі әке тәрбиесін көрмей өскен бала ертең қалай әке болмақ?
СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
«Бойдақ салығы» біздің кеңестік кезеңде ойлап тапқан жаңалық десеңіз, қателесесіз. Ежелгі Спартада бес баланың әкесі барлық салық түрінен босатылған дейді көне тарих. Ал 1758 жылы АҚШ-тың Мериленд штатында жасы 25-тен асқан үйленбеген ер-азаматтарға дүние-мүлкіне қарай 5-тен 20 шиллин
салық төлеуге міндеттейді. Бұл бір жағынан, жылына бюджетке бір миллион фунт стерлингке жуық қаржының түсуін қамтамасыз етсе, екінші жағынан, ресми неке мен бала санының артуына себепкер болса керек. Есесіне, үйленген жігіт жолақы жеңілдігіне, тіпті жұмысқа қабылдануда да бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерге ие болған.
БОЙДАҚ САЛЫҒЫ БАҒЫМЫЗДЫ АША МА?
Ал Бойдақ салығы Кеңес Одағында 1941 жылы қолданысқа енгізілген. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін жұмыс істеген бұл салық түрі көпбалалы отбасыларына көмек ретінде алынып келген. Бұл салық отбасын құрмаған 20-50 жас аралығындағы ер азамат мен 20-45 жас аралығындағы әйелден талап етілген. Бүгінде елімізде қыздар орта есеппен 23-24 жасында тұрмысқа шықса, жігіттер 28-29 жасында шаңырақ көтереді екен. Мәселен елімізде отыздан асса да шаңырақ көтермеген 800 мыңға тарта азамат бар. Ал сүрбойдақтардың саны 200 мыңнан асып түседі. Олардың өзі 40-ты алқымдаған 50-ге иек артқандар. Бойдақ салығын қайта жаңғырса салт жүргендер жанұя құруға ынталанып, бойдақтар санын азайтуға сеп болмас па еді?!
ЕСТІМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП
Грекияда бассейн – байлықтың нышаны саналған соң, оған да қосымша салық төленеді. Ал Австрияда қол-аяғы сынып, гипс салынған азаматты тағы да жағымсыз жаңалық күтеді. Бұл елде гипс салығы бар. Әсіресе, бұл салықтың тұзағына туристер көп түсіп жатады екен.
Түйін.
Біздің жастар жағдайдың бәрін жасап алған соң ғана үйленуді ойлайды. Бәрі дайын. Жанын қинағысы келмейді. Әсілі, қиындықпен келген дүниенің қадірі мықты болмаушы ма еді?! Аға буын осылай дейтін. Дегенмен мұны құйып алатын құймақұлақтар жоқ-ау бұл күнде. Әр нәрсені сылтау ете жүріп, шын бақыттың бағытынан адасып қалмасақ болғаны. Кеш үйлену сәнге айналмаса игі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таң