ҮЙЛЕНУ ҮШІН ҮЙРЕНЕМІЗ БЕ?
Дайындықсыз үйленбе. Иә, енді мемлекет отау құрғысы келетін жастарға осындай талап қоймақшы. Қалай дерсіз?
Елімізде үйленер алдында жастар қолына қалам дәптер алып, қайта партаға отыруы мүмкін. Өйткені, отбасындағы жанжал, әйелдердің күйеуінен таяқ жеуі секілді деректер тым көбейіп кеткен. Расында да, статистика адам шошытады. Соңғы жылдары зорлық-зомбылық көрген келіншектердің саны еселеп артқан. Олардың көбі күйеулерінен таяқ жегендер. Тіпті ұрыс-керістің соңы қайғылы аяқталып жатқан жайттар да жетерлік. Әйеліне ғана әлі жететін мұндай еркектердің көбеюі көпті алаңдатуда. Осыдан жеті жыл бұрын сол уақыттағы ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов «Ажырасу жағынан Қазақстан алғашқы ондықтың ішінде. Отбасы деген не? Бақытты жанұяның құпиясы неде екенін жастар біле бермейді. Сондықтан үйленемін деушілерге арналған міндетті курс болу керек. Одан өтпесе, неке болмау керек» деген ұсынысын білдірген еді. Алайда бұл ұсыныс елеусіз қалды.
Арада қаншама жыл өтті. Шаңырағым биік болсын деп асықпай, таңдағандардың өзі, бір жылға жетпей ажырасып жатыр. Қазақстанда бір бүтін боламыз деген әрбір төртінші отбасы екіге кеткен. Жанұя болуға асықпайтын, ажырасудан жасқанбайтын азаматтар көбейіп барады. Ал биліктегі атқамінерлер мен мамандар қалай қазақстандықтардың санын көбейтеміз деп дал боп жүр. Мәселені ірі жиындарда көтеріп, шешімін табуға ниетті. Елде қазірдің өзінде үйлену жасына жеткен бойжеткендердің 30 пайызы, жігіттердің 40 пайызы бойдақ. Сондықтан болар басы бостардың мәселесі біраз адамның бас ауруына айналған. Бірі үйленуге асықпайды, енді бірі құрған шаңырағын тез арада ортасына түсіруге бейім. Тұрмыстық зорлықтан қор болғандар арнайы орталықтан көмек сұрауға мәжбүр. Тіпті жер-жерден, оның ішінде біздің ауданнан да «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Бұл мақтанатын дүние емес. Керісінше қоғам осыған қажеттілік танытып отырғаны көңіл қынжылтады.
Осы ретте тағы да тарихтан тін тартып қарасақ, қазақ халқының даналығына тағы бір мәрте тәнті боласыз. Атам қазақ бойжеткен қызы мен ат жалын тартып мінген ұлын «Он үште отау иесі» деп ертерек үйлендіруге тырысқан және көпті көрген, өмірден түйгені бар, отбасылық өмірдің не екенін жақсы білетін ата-ана баласының ертеңгі күнін ойлап «теңтеңімен, тезек қабымен» деп дәрежесі де, байлығы да, тіпті білім жағынан да өздеріне сай, лайық көрген жерден қыз айттырып алады. Бұл дәстүр туралы бүгінде қоғамда аса бір теріс түсінік қалыптасқан. Бірақ осы дәстүрлердегі даналық бастауларын байқап көріңізші? Неге ертерек үйлендірген? Себебі балиғат жасына жеткен жігіт пен қыз бала зина жасап күнәлі істерге бармайды, некелі жұбайымен ұрпақ өрбітеді. Бұл ретте қалыңдық айттырудың да біз қозғап отырған тақырыпқа қатысы бар. Себебі жастар жастықпен шалыс басуы мүмкін, бірді біліп, бірді біле бермейді. Ал болашақ баланың қандай болатыны таңдап алған қалыңдыққа немесе таңдап ұзатқан жігітке, екеуінің тегіне тікелей байланысты. Міне, осының бәрін ескерген әке-шеше болашақ ұрпағының салиқалы болуын ойлаған.
Ал қазір бұл дәстүрге тіксіне қараймыз. Өзіміз таңдаған жанмен бас құраймыз деп бұлданамыз. Тегін білместен теңесе кетеміз дейміз-ау. Алайда отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды емес пе? Кезіндегі алаулаған махаббатың жалыны суып, сыйластық орнар шақта сыйыса алмай жатамыз. Ал жоғарыда аталған курс осындай өмір сабақтарын отау құрмас бұрын үйретпек.
Жуырда бұл тақырыпты телеарнадағы күнделікті жаңалықтардан хабарлап жатқанын көзіміз шалды. Мұндай ұсынысты қолдаушылар да, сынаушылар да баршылық екені айтылды. Әзірге ұсыныс қана. Алайда отау құрар жастардың бұл қадамға дайындықпен, біліммен келгені де дұрыс секілді. Бәлкім сонда ажырасу азайып, зорлық-зомбылық кемитін бе еді?! Осындайда дала заңына бағынып, тренингсіз-ақ тәлімді, коучингсіз-ақ қазыналы болған халқымыздың даналығын айтсаңызшы?! Ал қазір тіпті осындай заң шығаруға мұқтаждық танытып отырмыз. Расында да бізге үйленер алдында осындай білім қажет пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ