» » » Әрбір төртінші әйел ғана көмекке жүгінеді

Әрбір төртінші әйел ғана көмекке жүгінеді

qarmaqshy-tany.kz Әйел – отбасының ұйытқысы. Ол – қай кезеңде болмасын бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы.  Бірақ, бүгінгі қоғамда бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып, қысым көретіндігі, соққыға жығылып, өз құқықтарын білмеуі өзекті  мәселеге айналып келеді. Біз осыған тосқауыл болу мақсатында жұмыс істеп жүрген аудандық полиция бөлімінің ӘЗЗҚ тобының инспекторы, капитан Айнұр Қасымовамен тілдескен едік.
– Айнұр Шакзадақызы, әңгімені төтесінен бастайықшы. Қалай ойлайсыз неге әйелге әлімжеттік жасай береді?
– Әлемді жайлаған індет  осыған дейін елеусіз болып келген біраз мәселенің бетін ашып  берді. Карантиннің күшеюімен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықта өрши түскені рас. Пандемия әлем әйелдерінің үштен  бір бөлігін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналдырды.  Сарапшылардың зерттеуінше, басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда қазақ әйелдері арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар саны әлдеқайда жоғары. Күйеуі ұрып-соққан әрбір төртінші қазақ әйелі ғана көмекке жүгінеді екен, ал әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыптағы сұраққа жауап беруден бас тартқан. Олай етуіне де себеп бар, өйткені біздің менталитетімізде зорлық-зомбылыққа шыдау немесе оны жасыру – қалыпты жағдай. Әйел өзінің зардап шеккені туралы көмек сұраған кезде, екі жақ "отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды"  деп қайтадан қосуға тырысып жатады. Ал ауылдық жерде учаскелік  полицияға барып арыз жазудың соңы екі жақтың табысуымен аяқталады. Барар жері, басар тауы қалмаған әйел амалсыз күйеуімен қайта қосылуға мәжбүр. Осыдан соң отағасы өз қателігін түсініп, әйеліне зорлық көрсетуді доғарса қанекей?! Зәбір көрсетуші әйелі зорлыққа көнген сайын қатыгездікке бой алдыратынын байқайсыз. Зорлық-зомбылық  әлеуметтік жағдайы төмен отбасында жиі болып, зардап шеккендер көмекке сирек жүгінеді. Яғни,  отбасындағы жанжалдың бір себебі халықтың әлеуметтік жағдайына келіп тіреледі. Анығырақ айтсақ, күн көріс қиындығы – тұрмыстық зорлықтың басты себептерінің бірі. Сонымен қатар бір-бірін жек көрушілік, әйелді қорлау, оның дәрменсіздігі, ерлі-зайыптылардың бір-бірін жек көруі, моральдық және өзімшілдік сезімнің жоғары болуы, әйелдің еріне қаржылық жағынан тәуелді болуы, өз құқығын  дұрыс білмеуі отбасылық жанжалға алып келеді. Барлық жасалған қылмыстарды талдау нәтижесінде орта жастағы әйелдер алаяқтардың алдауына көп түседі, жас қыздар мен келіншектер бұзақылық пен зорлыққа жиі ұшырап, әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алатынын көрсеткен. Бір таңғаларлығы – елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық көретін әйелдердің 70%-і  бұрынғы күйеулерінен зардап шегеді екен.
– Қазақта "Әйел қырық жанды" деп жатады. Әйтсе де бұл оның тәніне салған жараға көне беруге міндетті деген сөз емес қой. Онсыз да тағдыр теперішінен тауқымет тартып жүрген нәзікжандыларды керісінше көтергеніміз дұрыс емес пе?
– Ата-бабамыздың әрбір аталы сөзі текке айтылмаған. Мына сөз де соның дәлелі. Әйелге қырық жаны не үшін керек? Қырық жаны болса неге сонша нәзік? Әйел адамға әйел болып күн кешудің өзі бір жағынан – бақыт, бір жағынан – салмақты іс. Өйткені, қырық жанның да өз сұрауы бар. Қырық жанның да өз салмағы бар. Әйел болмысына сай тұрмыстың қайсысына болсын төзіп, сынбау үшін күш керек. Олардың физикалық жағдайы әлсіз болғанымен, ішкі жандүниесі мен жүйкесі мықты келеді. Әйел атына сай болу үшін де оларға қырық  жан керек. Әйтсе де бұл оны ұрып-соғып, соған көнуге міндетті деген  сөз емес. Отбасында әйелдердің зорлық-зомбылық көруі барлық қоғамда кездеседі. Ерлі-зайыптылар өзіндік мәселелерін ашық сөйлесу, тілдесу арқылы шешуге дағдылануы керек. Ислам дінінде әйелді ұру ұнамсыз әрекет екенін айтады. Мұны да қаперде ұстау керек. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың сүннетінде де ешкімді ұруға, тіпті жаман сөз айтып балағаттауға тыйым салған. "Әйелді ұрма, сағысынады, баланы ұрма, бағы таяды" деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтың ісі. 
– Ауданда "Әйелдерге қатысты  зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акциясы өтіп жатқанын білеміз. Осы  туралы айта отырсаңыз... 
– Республика көлемінде әйелдерге қатысты түрлі дискриминация  түрлерін жою туралы конвенцияға сәйкес жыл сайын 25 қараша – 10 желтоқсан аралығында "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акциясы өтуде. Акцияның негізгі мақсаты – халыққа әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты  ескерту, алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасы рөлін  күшейту, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған және  қабылданып жатқан шаралармен таныстыру. Іс-шараның өту кезеңінде  қоғамдық орындарда, көшелерде, халық көп шоғырланатын жерлерде құқық бұзушылықтарды, қылмыс жасаушыларды анықтап және алдын алу барысында кездесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 
– Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында көп айтыла  бермейтін. Өкініштісі, қазір бұл жағдай тіпті жиілеп кетті. Себеп қандай? Мәселенің қалай алдын алуға болады? Әйелдерді қалай қорғаймыз?
– Елімізде отбасылық-тұрмыстық өмірде жасалған әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар саны жыл сайын артып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек үшін қаржылық, уақытша, кәсіби ресурстар бар. Бұл мекемелер ең қиын сәттерде оларды баспанамен қамтамасыз ету, жағдайды қалпына келтіру және бейімдеудің әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мәселелері бойынша қолдау көрсетеді. Айта кетейін, ең бірінші қоғамда  адамдардың қарым-қатынаста бір-бірімен дұрыс түсінісе алмауының,  мәдениетінің төмендігінің куәсі болып отырмыз. Отбасындағы құндылықтардың азайғандығы, әкенің  беделі, анаға деген құрмет, ер адамның әйеліне деген сыйластық қарым-қатынасы. Осының барлығы  бізде қалып бара жатыр. Бірден-бір себеп осы. Екіншіден құқық  бұзушылықтардың басым көпшілігі оның ішінде 80-90%-і ішімдіктің кесірінен орын алады. Екі тарап бірігіп ішеді немесе бір тараптың мас күйінде жасалады. Сондықтан ондай адамның ойы да, сөзі де екінші  адамның көңіліне, жандүниесіне бататындай әсер қалдырады. Ұрыс-керіспен басталса, аяғы қылмысқа  немесе құқық бұзушылыққа апарып жатады. Ресми статистика бойынша қылмыс 100% құраса, оның ішінде  отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық 30% орын алуда. 
– Қалай ойлайсыз, қазіргі қоғамда әйел адамның рөлі қандай болуы керек?
– Қазіргі заманда әйелдердің қоғамдағы рөлі ерекше. Оның қатарына аналар ғана емес, сондай-ақ іскер әйелдер мен басшы тұлғалар да бар. Сонымен қатар, статистикалық деректерге сүйенсек, өңіріміздің барлық кәсіпорын мен ұйымдардың көп бөлігі әйелдер басқаратын көрінеді. Демографиялық өсімді арттырудағы әйелдің рөлі де аса маңызды. Қазіргі қоғамның қай бағытын алсаңыз да, барлық салада қазақтың сұлу қыздары жүр. Олар – кешегі тарихымыздың Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз аналардың ізін жалғастырушылар. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік  саясатты жүзеге асыру жолында белгілі бір жетістіктерге жетті.  Бірінші кезекте бұл әйелдердің мүмкіндігін дамытуда, ер азаматтар мен әйелдердің еңбек жағдайының  теңдесуі. Әйелдің қоғамдағы орнына келер болсақ, ол өз алды әңгіме.  Жасыратыны жоқ, әйелдердің қоғамдағы рөлі мен орны туралы әңгіме қозғалса, біз әлі де олардың жұмысбастылығы, білімі, басқа да  деректерді тілге тиек етіп жатамыз. Қазақ әйелдердің қоғамдық- саяси ортадан аз көрінуі қазақтың  ежелден сақталып келе жатқан  патриархаттық менталитетіне байланысты болуы мүмкін. Жекелеген тұлғалар болмаса, қазақ халқы  қоғамдағы әйел рөлін негізінен отбасының ұйытқысы, данышпан, дарындарды дүниеге әкеліп, тәрбие беруші ретінде елестетеді. 
– Әйел құқығын қорғау – басты назарда. Ал енді тұрмыстық  зорлық-зомбылық көрген әйел бірінші кезекте қайда жүгінеді? Онымен қалай жұмыс істейсіздер?
– Ең бірінші полицияға хабарласыңыз. Сізге қатысты құқық бұзушылық жасалса, міндетті түрде 102 телефон нөміріне хабарлап  айтыңыз. Көп жағдайда әйел адамдар, балалар болсын полицияға  хабарласуға қорқады. Одан бөлек  қоғамдық қорларға, сенім телефондарына хабарласу керек. Шын  мәніне келгенде сол жұмысты тек полиция ғана атқарады. Өйткені мемлекет осы өкілетті полицияға жүктеген. Сондықтан оның көмегіне  жүгінген дұрыс. Себебі кейбір адамдар қоғамдық қорға, блогерлерге  хабарласып сол арқылы уақытын жоғалтып алып жатады. Сондықтан тәртіп сақшыларының көмегіне жүгініңіз. Полиция қызметкерлері  бірден келеді. Арыз алады, хаттама толтырылады. Тиісті сот  медициналық сараптамалар дер кезінде тағайындалады. Осы жағын да ескерсе деп ойлаймын.  Биылғы 11 ай қорытындысы бойынша аудан көлемінде 83-ке жуық  қорғау нұсқамасы шығарылды. Өткен жылға қарағанда қорғау нұсқамасының саны азаюда. Бұның себебі – учаскелік инспекторлардың профилактикалық түсіндірме жұмысын жүргізуі десекте болады. Бұл жерде әйелдер қорғау нұсқамасының не екенін біле бастады. Көп жағдайда қорғау нұсқамасын  шығарып беруді талап етемін, алдында шығарған кезде 1 ай тыныш  өмір сүргенбіз деп жатады. Сол қорғау нұсқамасының көмегімен кейбір отбасыларда ер азаматтар ішімдікті ішпей кеткенін айтады.
– Көп шаңырақтың шайқалуына, балалардың тірі жетім атануына осы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері әсерін беріп жатыр. Бұл әрбірден соң отбасындағы бала психологиясына да әсер етпей қоймайды. Кей әйелдер тиран ер азаматтармен бірге тұруға мәжбүр. Осындай да не істеуге болады?
– Біздің заңнама бойынша  тұрмыстық зорлық-зомбылық деген – белгілі бір отбасылық қарым-қатынастағы адамдар арасында  шиеленіс орнап, оның нәтижесінде пайда болған физикалық, психологиялық және эмоционалды  қысым. Ол ерлі-зайыптылар арасында ғана емес, аға, әпке немесе балалар  секілді барлық туыстық қатынастар арасында да болуы мүмкін. Яғни бір үйде тұратын адамдар бір-біріне кесірін тигізсе, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық деп танылады. Егер екі жұп заңды некеде тұрмаса, онда олардың арасындағы қысым тұрмыстық зорлық-зомбылық болып саналмайды. Егер сіздің күйеуіңіз сізді кемсітіп, ұрса, оны видео не суретке түсіру қажет. Бұл сізге полицияда арызыңызды негіздеуге көмектеседі. Үйде болған қысымды дәлелдейді. Сондықтан көмекке жүгіну үшін жәбірлеуші бір жеріңізді сындырғанша күтудің қажеті жоқ. Аурухана дәрігері алған зақымдарыңыз жайлы анықтама береді. Одан кейін жедел жәрдем тұрмыстық зорлық болғанын бірден полицияға хабарлауы тиіс. Егер учаскелік полицей сізге хабарласпаса, өзіңіз онымен байланысып, арыз қабылдауын сұраңыз. Жәбірлеуші балаларға да қауіпті деп қорықсаңыз, бұл туралы арызға жазғаныңыз жөн. Сізге зорлық-зомбылық көрсетілсе,  құқық қорғау органдарына хабарласу өте маңызды. 
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақнұр САҒЫНТАЙ
06 желтоқсан 2022 ж. 844 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031