» » Жақсылықты жариялау шарт па?

Жақсылықты жариялау шарт па?

Кейінгі уақытта қоғамда «жақсылық жасап жарысайық» деген ұранмен іске асып жатқан игі шаралар көбейген. Бұл жақсы ғой, әрине. Десе де, бірі шын ниетпен қайырымдылық жасаса, екіншілері осындай акцияларды желеу етіп, жақсы атқа ие болғысы келеді. Одан бөлек, әрбір берген тиынын, әрбір қадамына дейін әлеуметтік желіге жүктейтіні тағы бар. Бізге хабарласып осындай жақсылық жасап едік, газетке жариялайсыздар ма деген ұсыныстардың болатыны да жасырын емес. Сонда бәрі тек мақтан үшін бе? Әлде «Пәленше пәленшеге жақсылық жасапты. Жақсы адам екен» деген елдің пікірі үшін бе?
Осы ретте әлеуметтік желіде біреуге қол ұшыңды созсаң, оны жалпақ жұртқа жариялау дұрыс па, әлде бұрыс па деген сауал жолдадық. Жауаптың басым бөлігі жасаған жақсылығын әлеуметтік желіде жария ететіндердің әрекетін құптамайтынын айтады.
– «Оң қолың істегенді сол қолың білмей қалсын» дейді ғой. Жасаған жақсылығыңды өзің де ұмытып кетуің керек. Өйткені сіз оны Алла разылығы үшін жасап отырсыз. Өкінішке орай кейінгі кезде жақсылығын жарнамалайтындар көбейіп кетті. Ол айналып келгенде жақсылық жасау, адамдарды қуанту ниетінен емес, керісінше өзінің статусын, өзінің жағдайын жарнамалау, – дейді Салтанат Әбішова есімді оқырманымыз.
Енді бір оқырмандар тобы «Жақсылықты біреулерге көрсетіп басқаларға үлгі болуы үшін жариялауға болады. Жасырын істеуге де болады. Екеуі де рұқсат. Әркімнің амалы ниетіне қарай жазылады» деген пікірді ұстанады. Ал Жақсыгүл Байменова есімді келіншек «Жақсылық жасасаң оны айғайлап айтпа дейді ғой. Бұл ішіңде болуы керек. Жақсылық жасадың ба? Үндемей-ақ қой. Оның жақсылығын біреу болмаса біреу айтады. Менің жолдасым да мұндай ашықтыққа қарсы. Мәселен, біздің ай сайын көмектесіп тұратын отбасыларымыз бар. Бірақ оны сол отбасы мен бізден басқа ешкім білмейді. Білмегені де дұрыс деген ойдамыз. Адамның тазалығы ішкі дүниесінде ғой. Сондықтан әр адамның өз еркі. Басындағы миында, ойының санасында деген сияқты» дейді.
Мұндай қайырымдылықтан бөлек, қазіргі нарық заманында адамдардың бәрі есеппен жүріп, алған-бергенін тізбектеп жүретіні бесенеден белгілі. Тіпті, әрбір үйде тойдан түскен қаржы тізбектеліп жазылған дәптер де бар. Кейде «кезінде апарғанбыз, соларды жинап алайық» деп той жасайтындардың талайын көз көріп, құлақ естіп жүр. Тағы бірі «Пәленшенің түк білмес баласын мен едім жұмысқа кіргізген, енді баламды тұрғызсын» деп істеген жақсылығын міндет қылады. Ежелден адамгершілік деген игі қасиетті бойына сіңірген қазақ өзіне жасалған жақсылықты ұмытып кетпес, тіпті, ол оның қарымын қайтара алмаған күнде де Алладан қайтары анық. Алайда пендешілік пен нәпсі адамға өз жақсылығын жарияға жар салғызып, сауаптан айыруға итермелейді.
Осы орайда ақиын ақын Мұқағали Мақатаевтың «Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа жарқыным, Қарыз ғып берсең, қажет те емес алтының» деп жырлағанындай, тіршілікте жасаған жақсылықтың өтеуін сұрамаған жөн. Себебі халқымыздың өзіне көмек көрсеткен адамға «Алладан қайтсын» деп алғыс жаудыруының өзінде үлкен мән жатқан жоқ па? Тірлікте менің қайтаруға мүмкіндігім болмай кетсе, Алла саған сансыз сауаптан жазсын деген үлкен ой жатқан жоқ па бұл алғыстың астарында. Бұл ретте «Өкпелеме ағайын, өкпелеме, Алғанберген артықтау кетті деме» дегіміз келеді. Сондай-ақ дана халқымызда «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі» деген де тәмсіл бар. Жоғарыда айтқанымыздай, өзіне жақсылық жасаған адамға қарыз екені кез келген адамның санасында болады. Ал кезінде кегі кеткен кейбір адамдарға жақсылық жасап жатқан жандарды көргенде еріксіз сүйсінесіз.
«Бауырыңа көмек бергенің, ақыретіңе амал еткенің» деп шариғатымыз да басқаларға көмек көрсетуді құптайды. Бұл дүниедегі жақсы амалдарымыз қайтарымсыз, күнәлі істеріміз жазасыз қалмайтыны баршамызға аян. Жақсылық жасау үшін міндетті түрде бақуатты адам болу міндетті емес. Ең бастысы, жүрек кең болуы керек. Игі бастамаларға себепші, әлсіздерге көмекші бола білейік. Тек бәрін бірдей жария етпейікші. Әйтпесе жақсылық құнсызданып, мейірімділік мәнсізденіп бара жатқан секілді...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 шілде 2024 ж. 240 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930