» » «ЖҰМА НАН» бар ма?

«ЖҰМА НАН» бар ма?

Жұмыс арасында жүрек жалғап алмақ болып дүкенге бас сұқтым. Не аларымды білмей тұрғанымда соңымнан кірген балақайдың дауысы еріксіз өзіне қаратты. «Тәте, жұма нан бар ма? Қалды ма екен?» деп үмітті жанарымен дүкеншіге қарады. «Бар, ана жерде тұр, ала ғой» деді. Ыстық нанды құшағына қысып, жүзіне күлкі үйіріліп үйіне асығып кеткен балақайдың бейнесі көз алдымда қалып қойды. Осыдан соң ішерге ас таппай, нанға зәру қанша отбасы барын ойлап, жүрегім езіліп сала берді...
Жақсылық жаныңа жылулық сыйлайды ғой. Ауданның жеке кәсіпкерлері әлеуметтік көмекке зәру, қамқорлықты қажет ететін отбасыларға әр жұма сайын тегін нан тарату ісін қолға алғалы біраз уақыт болды. Кімнің де болса жүрегіне жылылық ұялатар қайырымды шараға тәнті болып жүрміз. Әдепкідей емес, ақысыз нан алуға келгендердің қатары көбейіп келеді. Дүкенге бас сұққан тұрғындардың бірі «Әр жұма тегін нан бар. Тұрғындардың бәрі риза, көрші-қолаң, ауданның бәрі біледі. Көпбалалы бір әкені жақсы танимын. 1-2 дүкеннен осы нанды алып 3-4 күн тамаққа талғажау етеді. Бәрі қымбатшылық болғанда осындай жақсы істі көріп қуанамын» дейді.
Иә, имандылық ұстанымын арқау етіп, қоршаған қоғамның жанашыр көзқарасын күтетін адамдарға көмек қолын созуға ниет бұрған қолы ашық, жомарт жанның шаруасы – көпке үлгі.
Жүрегінде иманы бар азаматтар ортамызда аз емес. Бүгінгі күнді ақша билеген, құлқынға құл болған заман деп сөгіп жатамыз кейде. Бірақ мәселеге терең үңілсек, қоғам соншалықты бүлініп кетпегенін, қарапайым жұрт ішінде жақсылық жасауға асығып тұратын адамдар аз еместігін көреміз. Жоғарыда дүкенде болған жағдай соның дәлелі емес пе?!
Құдайдың адамды екі көзді етіп жаратуының сыры өмірде бір көзімен жақсылық, қайырлы амалды көрсе, екіншісімен жамандықты байқайды. Бірақ сол екі амалды айырып, біреуін таңдау үшін ортасына ақылды берген. Ал ақылға дұрыс таңдау беру – әрбір адамның парасатына байланысты. Француз математигі Блез Паскаль: «Кімдекім жақсылықты игі ниетпен жасаса ол кәміл адам, ал кімде-кім жақсылықты пайда көруді ниеттеніп жасаса ол жарым адам» деген екен. Ізгіліктің лебі сезілген дүкеннен шығып бара жатып, осы сөз ойыма орала берді.
Иә, бұл қалай болғанда да бас бармақпен бағалайтын игі бастама екені сөзсіз. Сөз соңында алғыс арқалап жүрген аудан азаматтары көбейе берсін дейміз. Жақсылық жасау үшін жұманы күтудің қажеті жоқ. Сол жақсылықты көріп, көңілге түйіп, оны қаламға салу біз үшін де мәртебе.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
08 наурыз 2024 ж. 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 265

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 364

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930