» » Әр жұмада – тегін нан

Әр жұмада – тегін нан

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деп дана халқымыз айтқандай, бұл – адам бойындағы ең ізгі қасиеттің бірі. Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екенінен байқалады.
Адам ұрпағына қайырымдылықты жас­тайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Алайда мың құбылған дүниеде табысын біреумен бөліспек түгілі өз басын асырай алмай жүргендер де баршылық. Дегенмен, олардың терістеу тірлігінен гөрі, жақсылардың шарапаты өмірдің өзін әдемі етіп көрсетеді. Жүрегінде иманы бар жұрт қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парыздың бірін қайырымдылық деп біледі. Сондай иманды, жаны жұмсақ азаматтар өз өңірімізде де жетерлік.
Иә, имандылық ұстанымын арқау етіп, қоршаған қоғамның жанашыр көзқарасын күтетін адамдарға көмек қолын созуға ниет бұрған қолы ашық, жомарт жандар – кент орталығындағы «Талап» пен «Елес хан» дүкенінің иелері. Ұзақ жылдан бері азық-түлік дүкенін жүргізетін олар біршама уақыттан бері әр жұма сайын тегін нан тарату ісін қолға алыпты. Бұл туралы сол маңдағы тұрғындардан естідік. «Көпке үлгі болатын бастама ғой», «Біршама жанға қол ұшын созуда», «Халықтың алғысын арқалаған дүкен» деген пікірлер құлағымызға тиген соң, бұл дүкенге біз де атбасын тіредік. Расында да, дүкен сыртындағы «Әр жұма са­йын тегін нан» деген жазуға көзіміз түсті. Дүкен ішіне енгенімізде Дүрия анамыз алдымыздан шықты. Әңгіме барысында кімнің де болса жүрегіне жылылық ұялатар қайырымды іске бастама болған әулет тірегі Өрікбай Тоқшылықов екенін алға тартты.
– Нан – тоқшылық белгісі. «Нан болса, ән де болады» демекші, ас атасы мол болған сайын елдің берекесі тасып, ырысы молаятыны белгілі. Таңдауымыздың нанға түскені де осы себептен. Әрі тұрмыстағы алғашқы қажеттіліктің бірі де нан екені белгілі. Күнделікті 30 нан сатуға тапсырыспен алдырамыз. Ал жұма күнгі нанды тұтынушыларға тегін таратамыз. Қазір халық үйреніп алды. Көбіне әлеуеті әлжуаз отбасылар мен жалғызбасты кісілер келіп жатыр. Тіпті бұрын бізден сауда жасап көрмеген адамдар да арнайы келуде. Біз бұл жақсылығымыз үшін көптен алғыс күтпейміз, бізге маңыздысы Алланың разылығы, – дейді дүкен иесі.
Бұл әрине олардың байлығының тасы­ғанынан емес, айлығы шайлығына жетпей отырған тұрғындарға көмек көрсетудің белгісі деп түсінген абзал. Біз барған уақытта қайырымдылық іс-шарасында ақысыз нан алуға келгендердің қатары көбейді. Дүкенге бас сұққан тұрғындар ыстық нанды құшақтарына қысып, үйлеріне әкетіп жатты. Олар неше бөлке аламыз десе де өз еріктерінде, өйткені оған шектеу қойылмаған. Десе де, ас атасының пайда көздеген пейілі тарларға емес, шынымен көмекке мұқтаж жандарға бұйырғаны жөн-ақ.
– Мен жұма күндері осы «Талап» дү­кені­нен тегін нан алып тұрамын. Қоғамның біз секілді әлжуаз топтарына осындай қайырымдылық көрсеткені үшін дүкен иелеріне тұрғындардың атынан зор алғысымды айтамын. Наннан бөлек, бірнеше отбасыға азық-түлікті де тегін беретінін білеміз. Оған ризашылығымыз шексіз. Алғыс, бата алған жанның зор болмаса, қор болмасы анық. Кәсібі өрлеп, табысқа жете берсін, – дейді тегін нанды алған тұрғынның бірі.
Иә, бұл қалай болғанда да бас бармақпен бағалайтын игі бастама. Бірнеше отбасының алғысын арқалаған кәсіп иелері сауапты істі әрі қарай да жалғастыра бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
24 шілде 2021 ж. 1 139 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 272

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 369

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930