» » Еріктілер ел еңсесін көтеруде

Еріктілер ел еңсесін көтеруде

ЖОСАЛЫ, 30 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Дана халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ертеден келе жатқан тәмсіл бар. Қайырымдылық жасау – адам бойындағы ең ізгі қасиеттің бірі. Халқымыз қашанда қайырымдылықтан кенде болмаған. Ерте кезден-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бұл қасиет қазақ болмысының ажырамас бір бөлігі іспетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Бұл – қанға сіңген асыл қасиеттің рухани жаңғырған көрінісі. Осыған орай республика көлемінде еріктілер ұйымдары құрылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Соның бірі – әңгімемізге арқау еткелі отырған «Ақай еріктілер ұйымы».

Аталған ұйым Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 31 қаңтарда Шапағат Саматқызы мен жастар депутаты Мұратбек Айжігіттің бастамасымен құрылған. Қазір ұйым құрамында 10-ға жуық ерікті бар. Ұйым жұмысымен Ақай ауылындағы іс-сапар барысында таныстық. Сондай-ақ ақсақалдар алқасының төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы ізгілікті ту етіп жүрген жастар туралы оң пікір білдірген еді.
– Адамның өмірге келгендегі мақсаты – ел үшін игілікті іс жасау. Осы орайда қайырымдылыққа бет бұрған жастардың игі бастамасын әрдайым қолдаймыз. Себебі өзгеге көмектесуге ұмтылып, мұқтаж жанға қол ұшын беруге дайын жастың бойында адамгершілік, мейірімділік қасиеттер бар деген сөз. Заман ағымына ілескен, жан-жақты, жаңашыл жастардың көптігі қуантады, – дейді ақсақалдар алқасының төрағасы.
Ел үлкені мақтаған Еріктілер ұйымы аз уақыттың ішінде игілікті істер атқарған. Саралай кетсек, еріктілер ұйымының ашылуына орай «Жүрекке жылу сыйлайық» атты іс-шара өткізіп, жиналған қаржыға ерекше бүлдіршіндерді қуантқан. Жалғызбасты қарт кісілер, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар ұйым назарынан тыс қалған емес. Одан бөлек, ерекше балалармен бас қосып, олардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында қызықты уақыт өткізген. Ерекше балаға – ерекше қамқорлық қажет екені баршаға мәлім. Өз ата-анасынан бөлек, қоғам тарапынан қолдау көрген баланың сенімі артпақ. Қай қоғамның да басты байлығы саналатын балаларды қуантып жүрген еріктілердің ісі үлгі алуға тұрарлық.
– Ерікті болып қайырымдылық жасау үшін бай болуың шарт емес. Жүрегің кең, пейілің таза болса болды. Себебі қайырымдылық жасағанда материалдық қажеттілік алмасаң да, елдің ақ батасы мен алғысына бөленесің. Бұдан артық қандай байлық қажет! Біздің ұйымның жастары өз қызметімен қатар, еріктілік жұмысты қатар алып жүруде. Уақыт тапшы, дегенмен қалаған адам ебін табады. Біздің елге ұсынарымыз – жүректің жылуы. Көмекке мұқтаж жанның бір қажетіне жарап, қолғабыс ету – басты міндет. Заман ағымына сай түрлі қайырымдылық челленджін қабылдап, өзгеге жолдап та жүрміз. Атап айтсам, «Nur Otan» партиясының бастамасымен өтіп жатқан #БІЗБІРГЕМІЗ челленджін қабылдап, жалғызбасты аналарға көмек бердік. Бұл көмекті ұйымдастыруымызға ауыл кәсіпкерлері де өз үлесін қосты. Сондай-ақ, еріктілер қазіргі төтенше жағдайға байланысты жаман індеттің алдын алуда ауыл тұрғындарына ескерту хат пен бетперде таратып, ақпараттық түсіндірме жүргізді. Алдағы уақытта жеке кәсіпкердің көмегімен бетперде тігіп, тегін таратпақ ниет те бар, – дейді ерікті Шапағат Саматқызы.
P.S.
Ерікті болу – жүректің кеңдігі. Еріктінің мақсаты жалғыз-ақ, ол – көмек беру, қоғамға пайдасын тигізу. Сол үшін ақы талап етіп, мақтау күтпейді. Олар – риясыз жақсылық жасап, ізгілік нұрын себушілер. Қаласаңыз, сіз де бұл қатарға қосыла аласыз. Ерік өзіңізде...


Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ



31 наурыз 2020 ж. 1 359 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031