» » Еріктілер туралы не білесіз?

Еріктілер туралы не білесіз?

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай «Ерікті деген кім?», «Елімізде еріктілік қаншалықты дамыған?» және «Еріктілер қандай қызмет атқарады?» деген секілді сұрақтардың туындауы заңдылық.
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» деген сөзінен шыққан. Яғни өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласушы адам. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Бастысы – таза ниетпен қолдан келетін іспен көмектесу. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтармен немесе жеке де айналысуға болады. Мұндай қызмет түрлерінің аясы өте кең. Мысалы әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық, қайырымдылық секілді көптеген түрі бар.
Волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылған. Әуелгіде соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды ерікті деп атаған. Кейіннен барлық салаға ешкімнен қайтарым күтпей жұмыс істейтін адамды осылай атау қалыптасқан. 1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен халықаралық ұйым құрылған. Ұйымның басты мақсаты – әлемдегі еріктілердің басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамыту. Сол жылдан бастап әлемнің барлық елінде 5 желтоқсанда халықаралық еріктілер күні аталып өтіледі. Аталған ұйым жыл сайын волонтерлік қызмет туралы есептік баяндама әзірлейді. БҰҰ волонтерлерінің бағдарламасын жүргізетін атқарушы координатор Оливье Адам өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүшелік ететін 17 елдің ұлттық баяндамасы мен саяси стратегиясында волонтерлік туралы айтылғанын жазады. Соның бірі – Қазақстан деуге толық негіз бар. Себебі жыл басында жарияланған Жастар жылында еріктілерге басымдық беру қолға алынды. Бірақ, бұл мемлекеттік қолдау биылдан басталғанын аңғартпайды. Себебі 2016 жылы елімізде еріктілер қызметі туралы заң қабылданса, 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық волонтерлер жылы» жөніндегі резолюциясына демеушілік еткен.
Әлем бойынша еріктілер саны 970 миллионнан асады. Джон Хопкинс университетінің зерттеуі бойынша олардың осы қызметке арнаған уақыты 125 млн адамның толық жұмыс күніне сай келеді екен. Төрт адамның біреуі ғана уақыты мен біліктілігін арнайы ұйымдар арқылы осы іске арнаса, қалған үшеуі айналасындағы адамдарға тікелей көмектеседі.
Елімізде еріктілер туралы айтсақ, бірден жастар, оның ішінде жоғарғы оқу орнының студенттері ойға оралады. Ал шетелдік тәжірибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай бөлінбейді. Қоғамға өзгеріс енгізуді қалаған кез келген адам бос уақытын еріктілікке арнауына болады. Мысалы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 процентті, 25-44 жастағылар 26,7 процентті құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жоғары еріктілер саны 51 процентке дейін жеткен. Бұл елде мектеп жасынан бастап балаларға «жақсылық жасау» идеясы түсіндіріледі. Жалпы еріктілікпен айналысу – АҚШ азаматының басты қасиеттерінің бірі саналады. Сонымен қатар шетелде жұмысқа орналасуға келген жас маманның түйіндемесінде еріктілік қызметтің болуы – үлкен жетістік. Сондықтан да университет немесе колледж студенттері ерікті болуға қуана келіседі. Англияда балалар үйіне егде жастағы еріктілер қамқорлық танытады. Олар жаңа өмірге аяқ басқан бүлдіршіндерге өз ақыл-кеңесін беріп, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Кез келген мәселеде бағыт-бағдар беріп отыратын болғандықтан олар бір-біріне бауыр басып, туған ата-әжесіндей болып кеткен. Біздің елімізде де осыған ұқсас қайырымдылық шаралары қолға алынып келеді. Ұйымдастырушылар қарттар үйінің тұрғындары мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің басын қосып, іс-шаралар өткізіп тұрады. Жан жылуын аңсаған екі буын өкілдері шарада үлкендер балаларға бағыт-бағдар берсе, тәрбиеленушілер егде жастағыларға қуаныш сыйлайды.
Бүгінде елімізде еріктілік қарқынды дамуда. Әйтсе де, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының зерттеуіне сәйкес, жас азаматтардың 82,6 проценті еріктілікпен айналыспағаны анықталған. Әр бесінші жас еріктілік туралы мүлде естімеген. Соған қарамастан, жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастады. Оған дәлел 2017 жылы өткізілген Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қысқы Универсиада ойындарында қызмет көрсеткен 8000-нан астам жастардың қамтылуы. Сонымен қатар, әр қалада қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасылары, апат құрбандары секілді көмек қажет ететін жандарға қол ұшын созып жүрген жастар ұйымының саны жыл санап артуда. Қайырымдылық жасау – кез келген қонақты құдайы қонақ деп қабылдайтын, асарлатып үй салып, текемет басатын қазақтың қанына сіңген қасиет. Тек бүгінде атауы ғана өзгеріп, еріктілік деп аталып жүр. Айналасына әрдайым қамқорлығын аямай, қамкөңіл жандардың көңілін жадыратуға сеп болып жүрген жастар жетерлік. Бүгінде еліміз бойынша 200 волонтерлік ұйым ірі қалалар мен ауылдарда жұмыс істейді. Мысал ретінде «Мейірім», «Үмітің үзілмесін», «Шын жүректен», «Жүректен жүрекке», «Жан жылуы» деген секілді түрлі бағытта қызмет көрсететін еріктілер тобын атап көрсете аламыз.
Ауданымызда да жастар ресурстық орталығының үйлестіруімен құрылған «Достар әлемі» атты еріктілер тобы жұмыс істейді. Олар жастардан құралған көмекке мұқтаж жанға демеу болып жүрген қайырымды жандар. «Еріктілік қазір жаңа ұғым ретінде қалыптасқанмен, бұл нәрсе қазақ қоғамында ертеден болған. Әлсізге қол ұшын созу, жасы үлкен адамға көмектесу, жетім мен жесірді жылатпау – қазақ қоғамының ажырамас бөлігі. Мемлекет басшысы ұлттық құндылығымызды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында осы нәрсені жүйеге салып, заңдық тұрғыда реттеп, жаңа деңгейге көтеруде. Біздегі еріктілер тобы мұқтаж жанға қолдарынан келген көмекті жасауға әрдайым даяр. Жаз айында Арыста болған апатқа аудан тұрғындарынан көмек жинап, қол ұшын созды. Қайырымдылық қанымызға сіңген қасиет болғандықтан, аудан тұрғындары да бей-жай қарамай, көптеп көмегін тигізді» дейді жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ыбрахим.
Қазақстанда 2020 жыл – Еріктілер жылы деп жарияланып, ерікті ретінде қызмет көрсететін студенттердің шәкіртақысы 30 процентке өсетіні айтылды. Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беру арқылы тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Сондықтан уақытты еріктілікке жұмсау – уақытты текке өткізу емес, тұлғалық дамуға құйылған ең қымбат инвестиция екені сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
12 қараша 2019 ж. 12 425 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031