» » » ЖАҚСЫЛЫҚ ІСТЕП ЖАРЫСАЙЫҚ

ЖАҚСЫЛЫҚ ІСТЕП ЖАРЫСАЙЫҚ

Жақсының шарапаты өмірдің өзін әдемілейді. Мың құбылған мына төрткүл дүниеде табысын біреумен бөліспек түгілі қара басын асырай алмай жүргені қаншама. Жүрегінде иманы бар жұрт қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парызының бірі –  қайырымдылық деп біледі. «Істің ең қайырлысы – қайырымдылық». Жан-жағына шуақ шашып, титімдей болса да өзгеге үміт ұшқынын сыйласа мына әлем өзгерер ме еді? Иә, қарбаласқан күйбең тіршіліктен айналаға бір сәтке зер салайықшы. Не көрдіңіз?

Бір-біріне соқтығысқан адамдар әйтеуір бір жаққа асығып әлек. Әні, қасына кішкентай қызын жетектеген жүкті әйел ауыр затын көтере алмай абдырап тұр. Жүргінші жолдан өтпек болған әжейдің де бойында үрей бар секілді. «Жазым қылмаса болғаны» деп күбірлеп қояды. Неге? Зуылдаған көліктер. Ағылып жатыр. Жүйіткіп жатыр. Тоқтар емес. Мына жақта саябақта отырған кемтар баланы қатарласы добын алып, өкпелетіп қойды. Қасына қосқысы жоқ. Мейірімсізбіз бе? Жо-жоқ. Бәлки, жүрегі ақ біреуі кезігер? Өмір соншалықты қатал емес еді ғой...
Аудан орталығында Ардагерлер аллеясы орналасқан. Демалыс орны жанға жайлы да көңілге қонымды. Алайда аллеяға тек демалыс үшін келемейтіндер де бар. Өкінішке орай саябақ шамын, орынтақты сындыру орын алып тұрады. Қоқысты шашады, босаған бөтелке ыдысын тастап кетеді. Бірақ азанда осы жерден өтсең айналасы да, іші де таза бақты көресің. Кім, қашан істеп үлгереді, қызық қой иә? Байқасаңыз жасы үлкен апа-ағаларымыз таң атқаннан кеш батқанға дейін көше тазалап жүреді. Бұл бір еріккендік емес қой. Нан керек. Кейбірінің шалқадан түсіп жатқанын көріп жүрміз. Оның қасында бұл – адал еңбек. Ал осы еңбектің адамдары әрқашан құрметке лайық. Осы кісілерге зер салып көрелік. Басқа қолдан келмесе, ең болмағанда қолымыздағы бос бөтелкені неге апарып қоқысқа тастамасқа? Ол да сіздің анаңыз секілді адам, ол да сіздің әкеңіз секілді жан. Қош. Әлгінде айтқан үміт отын сыйлаушылар да табылды. Яки аудандық жастар ресурстық орталығының жастары мен аудандық жастар мәслихатының депутаттары көркейту, көгалдандыру және тазалық жұмысына еңбегі сіңіп жүрген бірқатар жандарға алғыс білдірді. Көңіл-күйін көтеру үшін рақметін айтты, ойнады, жылы сөзін арнады. Аз күнге болса да жететін азығын, тәттісін сыйлады. Иә, олардың көз жанарындағы жалынды көрсеңіз ғой. Көп кідірместен «жұмысымызды істейік» деп жан-жаққа тарқасты. Әрине, жастардың бұлай көңіл бөлгеніне олар да дән риза. Ал сіз алғысты жиі естіп жүрсіз бе?
Жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған қазекем қашан да жомарт. Былтыр халықтың қолдауымен Томанов көшесінен сегіз баланың анасы Гүлзираға жаңа тұрғын үйдің кілті тапсырылды.  «Қармақшы ата» мен «Ораз ахун» мешітінің жамағаты, оның ішінде Берікбай, Тынысбек, Бақытбек, Нұрлан, Бекежан, Нұрбол, Ерлан, Қолқанат сындыақ ниетті азаматтар мен  аудан кәсіпкерлері және Төребай Отарханұлының ағайыны мен ауылдасының тындырымды ісінің арқасында жақсылықтың исі аңқыды.
Биыл да осы игі бастама «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жалғасын таппақ. Жобаның ерекшелігі – әр ауданда жаны жомарт азаматтардың қосқан үлесі сол жергілікті жердің мұқтаж адамдарының баспаналы болуына жұмсалады.
– Бұл – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жобасы. Өткен айда «Ораз ахун» мешітінде өткен «Рамазан – мейірімділік айы» қайырымдылық шарасында жобаның тұсауы кесілді. Оған аудан әкімі Сұлтан Мақашов өз отбасының атынан 100 000 теңге қаражат салып, қолдау көрсетті. Барша жұртты 5 балалы жалғызбасты анаға баспаналы болу бақытына үлес қосуға шақырамыз, – дейді «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы. 
Өткенде облыстық Сыр имамдарының алқалы кездесуі өтті. Жиында Қармақшы аудандық мешітінің жұмысы үздік деп танылып, бас имам Жақсыбек Әбиұлы облыс имамының алғыс хатымен марапатталып, шипажайға жолданды. Әрине, аудан мешіттері жұршылыққа рухани дем беріп, Ислам дінінің насихатталуында үлкен жетістікке  қол жеткізіп келеді. Бүгінде аудан көлемінде ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорымен бірлескен әлеу­меттік жоба жүзеге асуда. Алла жазса игі бастама жалғасын таба береді.
«Жүрегіңізді жылытқыңыз келсе – жақсылық жасаңыз». Осы бір тәмсіл астарында қаншама сыр жатыр. Кейде шамадан тыс тоқшылық санаға сызат салады. Атағы шықса көтере алмай соның шылауында жүретіндер бар арамызда. Әрине бұл адамды мейірімсіз етеді. Не істемек керек? Расымен де мұнан сақтанудың бір ғана жолы бар. Ол – рухани тазалық пен қолдан келгенше қайыр қылу. Биылғы жылдың ерекшелігі – қайырымдылық шарасының көптеп ұйымдастырылуында. Бірі – білсе, бірі – білмес. Ауданның бірқатар жасы «Қармақшы қайырымды жандары» еріктілер тобын құрды. Мақсаты да сол – мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек беріп, қайырымдылық жасау.
– Бұл біздің көптен бері ойлап жүрген іс болатын. Уақыты келген секілді. Қазір не істерін білмей жүрген көп. Біз осы мақсатта жастардың уақытын босқа өткізбей, жақсылық жасауға шақырудамыз. Биыл «Жастар жылы». Жігерленетін кез келді. Ендеше уақытты текке кетірмей, жақсылық жасап жарысайық,  – дейді топ жетекшілері.
Мына әлем күннен-күнге қатайып барады десек те, ол мейірімді адамсыз емес. Бірі – айналасына рухани шуағын шашады, бірі – материалдық жағынан демеу береді. Ал енді бірі – қолынан келгенін істеп, қайырымдылықтың асыл арқауына айналуда. Жосалы кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Пернегүл Әбіләкімқызы да осы ортаның белсендісі. Оның «Мейірім» орталығы Жосалы кентінде 2016 жылдан бастап жұмыс істеуде. Мақсат – қолда бармен бөлісіп, мұқтаж отбасыға көмектесу. Ортаға дәнекерлік ету. Шариғат ысырапты қолдамайды. Сол себептен не нәрсені де өртеу, болмаса далаға лақтыру – дұрыс емес. Пернегүл апамыз да кей жанның таза, ұқыппен киілген киімін қабылдап, қажетті жеріне жеткізуге септігін тигізеді. Мейірімді жанның бұл еңбегі ескерусіз емес. Ол аудан әкімдігінің «Жомарт жүрек» номинациясымен марапатталса, «Қайырымдылық – 2018» акциясына қатысып, облыс әкімінің алғыс хатымен мадақталған.
Түйін
Көрдіңіз бе? Жақсылыққа жаны құмар жандар қаншама? Айтылғанынан гөрі жазылмай қалғаны да жетерлік. Өмір – сынақпен шыңдалады. Сіз де алдыңыздан кездескен сынаққа сынбауға тырысыңыз. Өйткені біз айтқан мейірімді жандар қашан да жаныңыздан табылады.

Айнұр ӘЛИ
23 шілде 2019 ж. 2 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 097

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031