» » Біздің балалық шақ

Біздің балалық шақ

Әр адамның балалық шағы өзіне ыстық. Сол ыстық әрі тәтті кезімізді сағына еске алатынымыз рас. Бұл көбінесе балалық кездегі достарыңды, кластастарыңды кездестіргенде шүйіркелесіп, әңгіме тінін тарқатқанда еске түсіп жатады.
Біздің балалық шағымыз сонау Қызылдың қиясында Ақтам, Қарақыз, Шаңырақ деген жерлерде өтті. Әке-шешеміз кеңес дәуірі кезінде Қарақалпақтың жылқысын бағып, ауыл-ауыл болып, қыс қыстауда, жаз жайлауда көшіп-қонып жүретін. Неше жаста екенім есімде жоқ, әйтеуір «Мама» деп сөйлейтін үлкен қуыршағым болғанын білемін. Ол кезде ойыншық та жоқтың қасы. Үлкен тәтелеріміз кәдімгі шыны бөтелкенің басына орамал тағып, үстіне қолдан киім тігіп, киіндіріп, сәндеп, қуыршақ қылып беретін. Сонымен ойнап мәз болатын едік. Асқатыққа сойған малдың жақ сүйектерін, мысалы сиырдың жақ сүйегін (үлкендеу болған соң) сиыр, қойдың жақ сүйегін (кішілеу болған соң) бұзау қылып ойнайтын едік. Сосын саз балшықтан аққұман, кесе, тәрелке жасап, «Үй-үй» ойнаймыз. Баланың ең жақсы көретіні тәтті болса, біздің кездегі тәттіміз – ирис кәмпит, алуа, бұқар жидегі, төртбұрышты шақпақ ақ қант және анамыз жасаған құрт, ірімшік, бренза, талқан, қуырылған бидай, күйдірген шекер, тағы басқа еді. Ауыл баласы болған соң өріске бұзау айдап, әкемізбен бірге ат арқандауға барған кезде қаракеней, көсік, қоянтобық, жабайы жуаны теріп жейтінбіз. Қаракеней өсіп тұрған жерінен тез қазып алып, құмын сүртіп-сүртіп жей бересің. Көсіктің екі түрі болатын, шын көсік және ит көсік. Шын көсіктің жапырағын үзіп алған кезде сүт шығады, ал ит көсіктен сүт шықпайды, соған қарап шын көсік не ит көсік екенін ажыратамыз. Шын көсікті ғана жеуге болады. Ал қоянтобықтың тамыры тереңге кетеді. Оны қазып алу үшін қолыңмен қазғанда біраз қазуға тура келеді. Саусақтарыңның көбесі қанап, әбігерге түсесің, бірақ тереңде жатқан қоянтобықты алып жеген кезде бәрін ұмытасың.
Ол уақытта орталық шоғырланған фермада, кеңшарда ғана бір ғана дүкен болатын. Ал сонау қызылдың қиясындағы ауылда қайдан дүкен болсын. Күнделікті тұрмысқа қажет заттар мен азық-түлікті айына бір-екі рет келетін «автолавкадан» алып қалады. Лапка – кәдімгі будкасы бар машинадағы көшпелі дүкен. Ол совхоздың шопандары мен малшы ауылдарды азық түлікпен, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етеді. Сол лапкада не тәтті бар соны алып қалады ата- әжеміз.
Жасым 6-ға келгенде Сарыбұлақ ауылындағы интернатқа 1-класқа оқуға келдім. Өзім 1979 жылдың аяғында туған соң, әуелі 79-жылғылармен оқыдым. Көкемнің баласы Бауыржанмен бір партада отырамын. «Спорт» деген жазуы бар қызыл сөмкем бар. Оның аузын аша алмай отырамын, оны Бауыржан ашып береді. Апайымыз – Әлияш. Сабақты дұрыс айтпасаң, қолыңды тістеп алады. Бұрынсоңды үйден, әке-шешеміздің қасынан ұзап шығып көрмеген соң, әрі интернатқа үйреніспей жылай берген соң, үлкен тәтем ауылға хабар айтып, оқу басталған соң бір айдан кейін интернатқа «Планета» мотоциклімен тәтем (әкем) келді. Менің қуанышымда шек жоқ, ауылға қайтамын деп. Содан тәтем мектеп директоры Жолдыбай ағайдан мені «келер жылы оқыр, жасы жетпеген» деп сұрап алып, ауылға алып қайтты. Ауылға барсақ, әжем қуанып жүр «бала бағатын жақсы болды» деп. Сөйтсем апам (анам) Жұлдыз атты қыз туыпты. Сол кезде анамның аяғы ауыр екенін баланы босанған соң ғана білгеніме әлі күнге дейін таң қаламын. Қазіргі балалар бәрін біліп, сұрап тұрады ғой. «Бөпе керек, бөпе туасың ба?» деп. Біз ондай жасымызда анамыздың екіқабат екенін де білмей өсіппіз.
Келер жылы 80-дермен 1-класқа келдім. Біздің ауылдан мен, Айнұр, Алмас, Жанат төртеуміз де интернатта жатып оқыдық. Бәріміз де сабақта үздік болдық. Түсте сабақтан келген соң, түскі асымызды ішіп алып, үй тапсырмасын орындап болып, тәрбиеші апайлар сабақ сұрайды. Сабақты оқып тапсырмасаң ойынға шығармайды. Содан сабағымызды оқып, тезірек ойынға шығуға тырысамыз. Біз ойнайтын ойындар – «Қызыл жалау», «Тығылыспақ», «Қуыспақ», «Ақсүйек», «Галка», «Ортаға түспек», «Қалау-қалау», «Шық сақина», «Бес тас», «Жәми» еді.
Интернатта жатып оқитын малшы ауылдың балалары үйлеріне тек каникул кезінде ғана қайтады. Балаларды жинайтын 66 деген тенталы машина бар. Ауылға қайтатын кезде интернаттың балалары әке-шешемізге бара жатқан соң, қуанышымыз қойнымызға сыймай, көңілденіп, ән айтып мәз болып қайтамыз. Ал ауылдан интернатқа келер кезде көбінесе кішкентай балалардың (үлкендер асығып тұрады) көңіл-күйлері болмай, жылап-сықтап зорға қайтады.
Жазғы үш ай каникул біздер үшін үлкен қуаныш. Себебі, бақандай үш ай бойы өз үйімізде, ата-анамыздың қасында, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болып жүргенді қай бала қаламайды дейсіз. Есімізді білген тұста жазғы каникул кезінде анамызға көмектесіп, сиыр сауып, тезек теріп, күбідегі айранды пістік, әкемізге де қолғабыс қылып, бақша суарып, арам шөбін жұлып, малға шөп орып өстік. Соның арасында ойынды да ұмытпаймыз. Жаздың аптап ыстығында жалаң аяқ табанымыз ыстық құмға күйіп, дарияға суға шомылуға ата-анамыздан қашып кетіп баратынбыз.
Сол кездегі біз үшін ең бір ерекше сәт – жазғы каникул бітерге таяу тамыздың 15-інен бастап «Школный базарға» Қазалы қаласына барып, базар аралап, оқуға киім алу еді. Біздің үйдегі ағам Жарқын, мен, сіңілім Жадыра үшеумізді ертіп, анамыз қалаға келеді. Біз балмұздақ жеп, сағыз шайнап, лимонад ішіп, циркке барып, фотосалонда отбасымызбен суретке түсіп мәз болатынбыз.
Иә, санамыздан ешқашан өшпейтін, қайта келмес балалық шағымызды осылай еске алған бір ғанибет екен. Бала кездегі қызықты сәттер еске түсіп, балалықтың бал күндеріне бір саяхаттап қайтқандай болдық.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ




03 маусым 2024 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031