» » Орындалмас арман (қалалық баланың жазбасы)

Орындалмас арман (қалалық баланың жазбасы)

Сурет ғаламторданАзанда ерте тұрдым... Шырт ұйқымнан қораз оятты. Ерте тұруды құдды бір қиын көретін маған бұл таң ерекше көрінді. Ұйқым қанық, көзім шайдай ашық. Сыртқы есіктен далаға шығып, жусанның жұпар иісімен терең тыныс алдым. Үйдегілер күйбең тіршілікке кірісіп кеткен. Ошақта от лаулап, самаурын бұрқырап қайнап жатыр. Жуынып алып, жаздық үйге кірдім. Жаңа піскен нанға сарымайды аямай жағып алдым да ыстық шайдан ұрттадым. Осылайша оразамды ашып, сыртқа қарай беттедім. Ауладағы ескі трактордың үстінде кеуіп тұрған құртты аузыма сала бергенімде – оянып кеттім. Сөйтсем, бұл жәй түсім екен. Қалада тұрып жатқандықтан ба – ауылды қатты сағыныппын. Сол сәтте жазғы демалысты ауылда өткізген кездерді есіме алдым.
Ол кезде бәрі бөлек еді... Жаз болса болды пойызға отырып, ауылға жеткенше асығатынмын. Ауылда әжемнің жылы құшағына үлкен-кіші бауырлар жиналып, бас қосамыз. Интернет, смартфон атаулы түсімізге де енбеген. Бірі – үй шаруасына көмектесіп, бірі – доп қуып, ойын ойнауға кететін. Міне, сол кездерді қатты сағындым! Ауылда болған қызықтар мүлде есімнен кетпейді. Қазір ол сәттерді тек сағына еске алып жүрмін.
Ойлап қарасаң ауылда талантты, ержүрек әрі шебер балалар көп екен. Мысалы, ол кезде көп ойыншық болмайтын. Сондықтан, бәрін қолдан жасауға тура келеді. Мен де сол кездердің куәсімін, өйткені біз де бәрін қолдан жасайтынбыз. Пластик құтының қақпағын, ағаш пен сым жинаймыз. Ал үлкендер солардан трактор, машина жасап беретін. Кейін бәріміз өзімізге үй жасап, ауладағы арамшөпті теріп, қойларымызға азық ретінде беріп, кішігірім ауыл жасайтынбыз аула ішінде. Солай қызу ойын өтетін.
Ең қызығы – қалаға қайтар сәтте келесі келгенде қайта ойнау үшін ойыншығымызды үйдің жанына көміп кететінбіз. Үйдің жанында міндетті түрде жүрмейтін бір ескі көлік тұратын. Ал оның іші тас пен қағазға, жапыраққа толы болады. Балалық шақтың байлығы ғой, шіркін!
Қалтаңа тасты толтырып аласың да ескі көлікті тоқтатып, діттеген жеріңе жетіп аласың. Иә, әлгі көлік «такси» ғой. Білмесең де, әйтеуір бірдеңелерді қозғап, рөлмен бұрғандай болып, мінгізген адамыңды сұраған жеріне жеткізіп саласың. Ол алғысын білдіріп, «тас тиындармен» ақшасын төлеп кетеді.
Кеш түсе салысымен бәрі жиналып, білдіртпей суға шомылуға барады. Жүзе алатыны өзеннің арғы бетіне шығып, білмейтіні жағада ойнап жүреді. Судан кейін қарның қатты ашатындықтан үйге кешкі асқа асығасың. Тәтті асқа тойып алып, үйге кіресің. Қатар-қатар жиналған көрпенің біріне оранып, ұйқыға жатасың. Бірақ қайдағы ұйқы... Бір-бірлеп әзіл әңгіме, қорқынышты оқиғалар айтып жарысамыз. Әңгіме таусылған соң сәл үнсіздіктен кейін қалай қалың ұйқыға кеткеніңді байқамай қаласың. Міне, жазғы ауылдың бір күндік қызығы ...
Балалық шақта еш қайғы-мұң жоқ, ойыныңды қандыруды ғана ойлайсың. Менің бұл өмірдегі ең үлкен бақытымның бірі – балғын балалық шағым, ауылдағы жазғы демалыс күндерім. Әр демалысымды қайтадан ауылда өткізгім келеді. Бірақ қайдам... Әжем түйе бағып кеткелі – ол үй бос, қаңырап тұр. Әр жаз сайын әктеліп, алыстан көзге түсетін үйдің қазір тек жұпыны түрі ғана қалған. Ал біз сол күндерді сағына еске алып жүрміз. Ол күндер қазір менің орындалмас арманыма айналды.
Аслан Жайқонысұлы
03 қазан 2019 ж. 1 271 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031